Астана адамдары
«Қарапайымдылық – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі» деген сөз бар. Жасаған ісін жарнамаламайтын, қашан көрсең ізгілікті, сабырлы күйде жүретін осы адамға деген құрметім арта түседі.
Нағыз көркем мінезді жан. Өзі ұстаздардың ұстазы, күйші, сазгер, ақын, суретші, қайраткер, қаламгер…
Оның бойындағы жақсы қасиеттер осылай жалғасып кете береді. Бәрінен де ұлтжанды мінезіне бас иесің. Целиноградта ұлттық балалар музыка мектебін ашқан, оны басқарып, Арқа күй өнерін дамытқан, шертпе күй өнерінің де насихаттаушысы, әлемнің 50-ден астам елінде қазақ күйін шерткен, ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастырған. Сәкен Сейфуллин мұражайында 20 жыл «Сыр сандық» клубын тегін жүргізуі, қаншама шәкіртті өнерге баулуы кез-келген жанның қолынан келе бермесі анық.
Осы Сейфуллин мұражайында өткен «Өнегелі өмір жолы» атты шығармашылық кеш Оспан қажы Сүлейменовтің кескін-келбетін, адамдық тұлғасын ашып берді. Қайраткер Үзбен Құрманбайұлы, ағарту саласының ардагерлері Ақсымбат Төлеуханқызы, Қажымұрат Нәсиұлы, ақын Сайлау Қуанышұлы және басқалардың шынайы жүректен шыққан лебіздері қайраткер ұстазды білетін әрбір жанға қуаныш сыйлады.
Оспан қажыға арналған шығармалар орындалды, композитор Жұпаркүл Бекшораеваның «Ғасыр перзенті» әні шырқалып, күйші Қайырғали Әбішовтің «Ғасыр пернесі» атты күйі шертілді.
Әкім ЫСҚАҚ.
сурет: i.ytimg.com
![]()

