Бабалардың үні сенсің, домбыра!..

Дөңгелек үстел

Ұлттық домбыра күніне орай, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Домбыра – ұлттың рухани коды» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Халқымыздың киелі аспабы саналатын домбыраның тарихи, мәдени және рухани мәнін жұртшылыққа кеңінен насихаттау, ұлттық өнерді ұрпақ санасына сіңіру және жасөспірімдер мен жастар арасында домбыра өнеріне деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараны өзінің құттықтау сөзімен музей директоры Құдайберлі Мырзабек ашып, жиналған қауымға атаулы күннің маңызы мен ұлттық аспап туралы ой-пікірін жеткізді.

«Шабыт» орталығының «Балақай» студиясы өнерпаздарының шағын концертімен басталған әдемі жиында мекемеде орын алған домбыралар мен Арқа өңірінен шыққан, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай секілді танымал өнер майталмандарының портреттерінен тұратын көрме де таныстырылды.

Музей ішін әуелеткен күй күмбірі толастаған соң, жиналған қауым жоғарыда атап өтілген тақырып төңірегінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелге жайғасып, арнайы әзірленген домбыра тарихы туралы бейнероликті тамашалады. Бұдан әрі Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев «Домбыра – Еуразияның ежелгі музыкалық аспаптарының бірі» тақырыбында баяндама жасап, ұлы даланың дүбірі сіңген ұлттық аспаптың түрлері, оның әлем елдеріне қалай тарағаны, өзге халықтардағы осы тектес аспаптардың шығу тарихы туралы мағлұмат берді.

– Біз әлі домбыраның тарихын толық зерттеп болған жоқпыз. Әлем елдерінде де домбыраға ұқсас аспаптар бар. Бұл аспаптар да олардың ұлттық мұралары саналады. Десе де, әлем халықтарында бар домбыраға ұқсас аспаптардың барлығының түп атасы біздің қазақтың қара домбырасы болуы мүмкін. Себебі, біздің көне замандардағы ата-бабаларымыз барша дүниежүзін жайлап жүргенде, қайда барса да осы аспапты жандарынан тастамаған. Мұны сол түркі тілдес, басқа да Еуропа елдерінде кездесетін осындай аспаптарды және біздің домбыраның тарихын қарастырған кезде сол елдің мәдениеттанушы ғалымдары бірлесіп зерттеулері керек. Әйтпесе, әркім мұны өзіне тартуы мүмкін, – деп Жамбыл Омарұлы бұрынғы домбыралардың қандай болғаны туралы баяндады.

Дөңгелек үстелде сөз алған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Тұрлығожа Базаров жастардың ұлттық аспапты үйренуге деген құлшынысы, оркестрде ойналатын домбыралардың түрлері туралы айтып берсе, әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері, мәдениет саласының үздігі Нұрболат Әлменов музей қорында сақталған өңіріміздің танымал ақын-жазушыларына тиесілі домбыралар туралы мәліметпен бөлісті.

Ұлттық құндылығымыз, ата-бабадан мәдени мұра болып жеткен қасиетті домбырамыз ұлықталған шара соңында музей директоры арнайы шақырылған қонақтарға алғысын айтып, ғасырлардың, бабалардың үні болған құдіретті аспаптың мәңгі жасауына тілектестігін білдірді.

Ы.ШАМШИЕВА.

Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар