«Senat Open» үздік шахматшылардың басын қосты

Игі шара

Көкшетауда шахматтан «Senat Open» ІІ — 2025» ашық кубогінің жартылай финалы өтіп, 38 шахматшы сайыстың қорытынды кезеңіне жолдама алды. Жарыста ұйымшылдық пен шеберліктің жоғары деңгейін көрсеткен Ақмола командасы үздік атанды.

Елімізде «Senat Open –2025» шахмат жарысы биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл  жарыс 2024 жылы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және KazChess Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Тұрловтың бастамасымен қолға алынған еді. Былтырғы жылы осы ашық кубокқа 2000-нан астам әуесқой шахматшылар қатысып, еліміздің әр қалаларында рапид форматында турнирлер өткізілді.

Жалпы, аталған шахмат ойыны Қазақстандағы бұқаралық спортты дамытуға арналған маңызды қадам. Елімізде бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, спорттың осы түрін қолдауға бағытталған бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Қазақстан Шахмат федерациясының қолдауымен биыл да еліміздің барлық өңірлерінде «Senat Open – 2025» екінші ашық кубогының іріктеу турлары өткізілді.

Көкшетаудағы «Болашақ сарайы» ғимаратында өткізілген ауқымды жарысқа еліміздің төрт солтүстік өңірінен 140-қа жуық қатысушы жиналды. Сөйтіп, биылғы жылдың жартылай финалы тағы да талантты шахматшылар мен тәжірибелі шеберлердің сондай-ақ, бұл ойынға жаңадан әуестеніп жүргендердің басын қосты. Шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Талғат Жүнісов және Қазақстан шахмат федерациясы РҚБ вице-президенті Александр Бабенко, сондай-ақ, Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.

–Біз күні бойы шахматшылардың қызықты әрі тартысты ойындарының куәгері болып, барлық ойыншылардың жоғары дайындығы мен шахматқа деген шынайы құмарлығын байқадық. Шахмат тақтасындағы 140  қатысушы  Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызмет ардагерлері мен БАҚ өкілдерінен құралған командалар. Олар шынында да өте мықты ойыншылар, – деді Бейбіт Жүсіпов журналистермен сұхбат барысында.

Жарыс қорытындысында Ақмола командасы өзге командалармен бірге, «Senat Open» шахмат турнирінің жартылай финалына өтіп, финалға жолдама алды.

Сайыс барысында ұйымдастырушылар тек абсолютті есеп бойынша ғана емес, сонымен қатар, алты арнайы аталым бойынша да марапаттар табыстады. Ардагерлер арасында Қостанай облысынан Валерий Николаев,

әйелдер арасында Павлодар облысынан Рашиля Жаманбалиева үздік шахматшы атанса, Ақмола облысынан  Мереке Жүсіпов үздік мәслихат қызметкері, Солтүстік Қазақстан облысынан Андрей Аракелов үздік мемлекеттік қызметші, Ақмола облысынан Баянбек Бақтыбаев қоғамдық кеңестің үздік мүшесі және Павлодар облысынан Башир Қостоев БАҚ-тың үздік өкілі атанды.  Ал,  шарада ұйымшылдық танытып, алға шыққан Ақмола облысының командасы  ойынның «Құрметті күміс белгісі» аталымы бойынша марапатқа ие болды. Осылайша. турнир қорытындысы бойынша, барлығы 38 шахматшы финалға қатысу құқығына ие болды.  Айта кетейік, жартылай финал Швейцария жүйесі бойынша өтті.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар