Кедергісіз ортадағы балалар қоғамнан керегін алады

Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумова ерекше білім беруді қажет ететін азаматтарға қызмет көрсететін әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

Көкшетау қаласындағы жұмыс сапарын Мәжіліс депутаты Сарыарқа шағын ауданында былтыр ашылған «Аяла» арнайы балабақшасының мамандарымен, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен кездесуден бастады.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы ашылған «Аяла» балабақшасында бүгінде 3 пен 6 жас аралығындағы 80-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Мекеме тірек-қимыл аппараты бұзылған және психикалық дамуы тежелген балаларға қызмет көрсетеді. Тәрбие ошағында балалармен логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмыс істейтін, арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған емдік жаттығулар мен физиотерапия кабинеттері бар.

– Біздің мекеме ерекше білім беруді қажет ететін балалармен тереңдетіп жұмыс істеуге арналған. Осында келетін әр баламен жеке-жеке де, топтық әдіспен де жұмыс істейміз. Мультимедиялық кабинетте бүлдіршіндерді «EduQuest» интерактивті оқыту бағдарламасы бойынша оқытып, сиқырлы экранмен жұмыс жасатамыз. Бұл бағдарлама Израиль елінде енгізілген. Мұнда 5 жастан бастап, мектеп алды даярлық тобына дейін, яғни, 7 жасқа дейінгі балаларға қатысуға мүмкіндік бар. Бұл бағдарлама арқылы балалардың ойлау қабілеті, қол моторикасы дамытылады, – дейді «Аяла» арнайы бақшасының тәрбиешісі Нұргүл Темірбекова.

Балаларды емдеуге арналған физиотерапия кабинеті де балаларды сауықтыруда маңызды рөл атқарады. Бұл бөлме Англияда жасалған заманауи қондырғылармен жабдықталған.

– Осы бөлмеде заманауи технологияның барлық талаптарына жауап беретін 5 құрылғы орнатылған. Ол – магнитотерапия, лазерлік терапия, толқынды терапия, электрофорез және ультрадыбыстық терапияға арналған аппарат. Бүлдіршіндер бұл жерде тұрақты түрде емделіп, сауықтырылады, бұлшық еттерін жаттықтырады. Бекітілген кесте бойынша күніне 10 бала оңалтудан өтіп тұрады. Емделу мерзімі 5-10 күн аралығында. Тізімді физиотерапевпен келісе отырып, бөлім меңгерушісі бекітеді, содан кейін балалар тексеруден өтеді, кейін физиотерапиялық шаралар жүргізіледі, – дейді арнайы бақшаның медбикесі Мәлика Қазрахметова.

Арнайы балабақшада қазір 50 маман еңбек етсе, оның 28-і педагог. Депутатпен кездесу барысында балаларға арналған арнайы көліктің жоқтығы, кадр жетіспеушілігі,  сондай-ақ, балабақша маңындағы жолдың жай-күйі сияқты мәселелер көтерілді.

– Арнайы балабақша болған соң, онда балаларды тасымалдайтын арнайы көліктің болғаны дұрыс. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тасымалдау жағын қарастырамыз. Мамандарға қатысты кадр тапшылығы мәселесін де жақсы білеміз. Мұнда келген мамандар ерекше балалармен жұмыс істейтін болғандықтан, оларды табу да қиынырақ. Сондықтан, біздің білетініміздей, жергілікті басшылар осы арнайы бақшаға мамандарды тартып, дами алатын ортаны қалыптастыруға, қолда бар кадрлармен бірлесіп, басқа да мәселелерді шешуге тырысып жатыр, – деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Динара Наумова.

Бұдан әрі Мәжіліс депутаты облыс орталығындағы жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен кездесті. «Қоғамдық келісім» мекемесінде белсенділер ерекше білім беруді қажет ететін балаларды дамыту, көлікпен қамтамасыз ету, көп балалы отбасыларға жеңілдіктер қарастыру сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Мәжілісменнің жұмыс сапары барысында онымен «Respublica» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Алмат Тоқмағамбетов бірге жүрді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар