Цифрландыру
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен және аудандар мен қалалар әкімдері орынбасарларының қатысуымен Отбасының цифрлық картасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Іс-шараға жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, білім беру, ішкі саясат, ветеринария, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларының, сондай-ақ, мемлекеттік кірістер және полиция департаменттерінің өкілдері қатысты. Кеңеске онлайн режимде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, мансаптық орталықтардың директорлары, аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары қосылды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мұхамедин «дағдарыс» және «шұғыл» санаттарына жатқызылған отбасылармен атаулы жұмыс жүргізу туралы баяндама жасады. Ол 2024 жылғы 20 тамыздан бастап 2025 жылғы 26 маусымға дейін жүйеде жаңартылмаған деректер саны 20,9 пайызға төмендегенін атап өтті. Білім басқармасы өзектендіруге ең үлкен үлес қосты – деректердің 78,5 пайызы мектепке бармайтын балалар бойынша жаңартылды. Ең төменгі 9 пайыздық көрсеткішті денсаулық сақтау басқармасы көрсетті.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Жанар Назыкенова балаларды мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелеріне орналастыру бойынша ұлттық білім беру дерекқоры мен ОКЖ арасындағы деректерді интеграциялау үдерісі туралы баяндады.
Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев «NEET жастары» санатындағы деректерді өзектендіру мәселесім бойынша сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы шегінен тыс жерлерге кеткен азаматтарды тексеру, сондай-ақ, тіркелген жері бойынша тұрмайтын адамдарды анықтау нәтижелері туралы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Анна Попова баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және Отбасының цифрлық картасы бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында нақты тапсырмалар берілді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

