Біздің әкеміз Түсебай Бесжанов 1910 жылы тамыз айында Ақмола уезі, Қорғалжын болысындағы Қызылсай елді мекенінде дүниеге келген.
Ауылда есепші болып жұмыс істеп, кәрі шешесі мен әлі бұғанасы қатпаған бауырын асырап жүргенде, соғыс басталды деген хабар жетеді. Соғысқа бармақшы болып сұранып, аудандық әскери комиссариатқа хат жазады. Бірақ, бір үйлі жанның жалғыз асыраушысы деп кейінге қалдыра берген екен. Түсебайдың соңынан ерген бауырлары Дүйсенбай мен Жоламан дәл осы кезде әскерде болып, соғысқа сол жағынан аттанған. Олар сол сұм соғыстан ақыры хабарсыз кетіпті. 1941 жылдың күзінде Түсебайдың аудандық комиссариатқа жазған хатынан жауап келіп, ол да соғысқа аттанады.
Қысқа мерзімді әскери жаттығуларды аяқтап, Белорус майданының жаяу әскерлері қатарына пулеметші болып барады. Осылайша Смоленск бағытындағы сұрапыл соғыстың қақ ортасына түседі. 1941-1943 жылдар аралығында Смоленскіні неміс-фашистері басып алып қойып, біздің әскерлер қайта тартып алып, қиян-кескі шайқас болады.
–Смоленск қаласын немістер тартып алса да, біздің әскер қайтадан күш жинап, шабуылға шықтық. Өліспей беріспейміз деп, бір-бірімізді жігерлендіріп қаланы азат еттік, бұл 1943 жыл еді. Смоленскіден немістерді қуып бара жатқанда снаряд жарылады, міне, сол кезде снарядтың жарықшағы оң жамбасыма тиіп, сол жерде талып қалған екенмін. Қанша жатқаным есімде жоқ, біреулердің күбірлеген дауысы еміс- еміс құлаққа келеді. Көзімді ашсам, бір орыстың қызы екен. Маған «тірі екенсіз ғой» деп қуана күлімдеп, орысшалап бірдеңе деген болады. Сөйтсем, аузыма кателогімді тақап, соның ішіне су ма, сорпа ма құйған екен, соны іш деп тұр. Басымды көтере алмасымды көрген ғой, шамасы. Содан жан керек, ерін кеберсіп шөлдеп жатқан бойы, амалсыз жерге құйылған сорпаны жалаған болдым. Тағы да талықсып кеттім бе білмеймін, біреудің дауысынан есімді жиған болдым. Қасыма ақ халат киген біреу келіп, өте қатты жараланған екенсіз, осында жатып, көлікті күтпесек болмайды. Қолмен апару қауіпті әрі алыс деп сөйлесіп жатқандарын естідім. Сосын көлік келіп, госпитальге апарып, операция жасайды, жарақаттың ауырлығынан ол жасаған операция да ұзақ болады. Содан бір күні маған, «еліңе қайтасың, сен үшін соғыс бітті» деп хабарлады. Сөйтсем, снарядтың жарықшақтары аяқтың нерв жүйелеріне зақым келтірген де, аяқ тартылып қалған, бүгуге келмейді екен. Міне, сөйтіп елге келдім. Бұл 1944 жылдың басы еді, – деп айтқан соғыстағы бір оқиғасы ұрпақтарының есінде күні бүгінге дейін сақталып қалды.
1945 жылы 9 мамырда «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі, көзінің тірісінде әр жылдары алған мерейтойлық медальдары және 1970 жылғы 7 мамырда келген ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, 1985 жылғы 6 сәуірде алған «І дәрежелі Отан соғысы» ордені артында қалған ұрпақтарының мәңгі мақтанышы.
Бейбіт өмірде туып-өскен ауылына табанды еңбек сіңіріп, өмірінің соңында елдің ақылшы, ардагер ақсақалы атанды. Сөйтіп, 1985 жылы өмірден өтті. Ауыл адамдары ол кісінің бір ауыз сөзіне тоқтаушы еді. Өзі 4-ақ сыныпты бітірсе де, халық ауыз әдебиетінің шоқтығы биік туындылары «Қыз Жібек» эпосын, «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Алпамыс» батырлар жырын жатқа айтып әрі мақамын келтіріп, әндетіп отыратын, өте сауатты адам болған. Қай жағынан болсын, ел алдындағы перзенттік парызын адал орындап, қара жер қойнында дамылдағанына да биыл 40 жыл. Ұрпағы еске алып жатқан аруағы риза болсын!
Рашида ҚАРПЫҚБАЕВА,
Амангелді негізгі мектебінің ұстазы.
Қорғалжын ауданы.
![]()

