Майдангерлерді қастерлеу – парызымыз

Әрбір қазақ баласы үшін ата-бабасының ерлік жолы мақтаныштың, тәрбиенің сарқылмас көзі. Өткенге тағзым етіп, ел қорғаған ерлердің ерлігін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.

Менің де жүрегімде мәңгі сақталатын, мақтанышпен айтып жүретін батыр бабам бар. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері, ерлігімен еліне қорған бола білген Нұрқан Хасенұлы Хасенов. Атам (шын аты Нұрмұхамбет) 1915 жылы бұрынғы Есіл ауданына қарасты Қаракемер ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол еңбекке жастай араласады. Ауылдағы бастауыш мектепте оқып, білім алады. Шағын ауылдарды біріктіріп, коллективтендіру жүргізіле бастаған кезде менің атам Қызылжар қаласына мал дәрігерлік оқуға жіберіледі.

1941 жылы осы албырт көңілін сұрапыл соғыс басып тастайды. Бұл кезде атам 25 жаста болған.

Атақты 310-шы атқыштар дивизиясының құрамында 1942 жылы ақпан айында Москва, Калинин бағытындағы Қызыл Армияның қорғанысы кезінде қолынан жараланған атам госпитальға түседі. Сауығып шыққан соң өз дивизиясына қайта оралып, Украинаның Харьков, Запорожье қалаларын елімізді неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге белсене қатысады. 1944 жылы қазан айында атам екінші рет ауыр жарақат алып, Удмурт АССР-ындағы госпитальға жіберіледі. Содан 1945 жылдың ақпан айында екінші топтағы мүгедек болып туған жерге оралады.

Атам сұрапыл соғыстың алғы шебінде болып, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің бірі еді. Қан майданда ерлігімен көзге түсіп, бейбіт күннің орнауына өлшеусіз үлес қосты.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін 1 дәрежелі Отан соғысы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Нұрқан Хасенов туралы деректер Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі жүзеге асырған «Халық жады» жобасында сақтаулы. Бұл жоба Ұлы Отан соғысына қатысқан қаһармандардың есімдерін мәңгі есте сақтауға арналған.

1995 жылдың көктемінде, Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерейтойы аясында, атама Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алғыс хаты тапсырылды.

Бүгінде біз бейбіт өмір сүріп, тәуелсіз елімізде білім алып жатсақ, ол менің Нұрқан атам сынды ерлердің жанкешті ерлігінің жемісі. Сондықтан, атама және өзге де барлық майдангерлерге деген алғысым шексіз. Олардың батырлық жолы мен үшін әрдайым рухани бағдар, өмірлік үлгі болып табылады.

Біз, жас ұрпақ, осындай ер жүрек аталарымыздың есімдерін жадымызда сақтап, олардың ерлігін ұлықтауға міндеттіміз. Өйткені, ер есімі қашанда ел есінде болуы тиістігі бәрімізге де белгілі жай болса керек.

 Әділжан ҚАСҚЫРБАЙ,
шөбересі.

Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар