Көлік құралдарын басқару құқынан айырылды

Заң және тәртіп

Ақкөл аудандық сотында полиция бөлімінің азамат К-ның көлік құралын басқару құқығына тыйым салу туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралды.

Сот істі қарай келе, мынаны анықтады. К.-да 2020-2021 жылдары берілген жүргізуші және тракторшы-машинист куәліктері бар. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап, К. психоактивты заттарды қабылдауына, бойында психикалық бұзылулардың болуына байланысты, нарколог дәрігердің диспансерлік есебінде тұр, К.-ның өзі бұл талап арызбен келіспеді. Нарколог дәрігерде есепте тұратынын, алайда, алкогольді ішімдіктер ішпейтінін, масаң күйде көлік құралын басқармағанын айтып, қазіргі кезде көлікті жүргізу өзіне қажет екенін, себебі, отбасын, қарт анасын қалаға тасымалдау керектігін ескеруді сұрады.

Сот талап қоюды келесі негіздермен қанағаттандырды. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығына сәйкес, жауапкерге қойылған диагноз бойынша автокөлікті басқаруға тыйым салынған.

«Жол қозғалысы туралы» Заңға сәйкес, медициналық қорытындымен расталған, көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін жүргізушінің денсаулығының нашарлауы көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатуға негіз болып табылады.

Адамдардың көлік құралдарын басқаруына тыйым салатын медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесіне сәйкес, психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолданумен байланысты психиканың бұзылулары мен мінез-құлықтың бұзылулары белгілі бір ауруларға жатады.

К.-нің диагнозымен көлік құралын басқару өзіне және қоршаған басқа адамдарға, жол жүрісіне қатысушыларға, қоғамға қауіп тудырады.

Осыған байланысты сот шешімімен полиция бөлімінің К.-ға көлік құралын басқару құқығына тыйым салу туралы талап қоюы қанағаттандырылды. К.-ның 2020 жылғы берілген жүргізуші куәлігімен және 2021 жылы берілген тракторшы-машинист куәлігімен көлік құралын басқару құқығына тыйым салынды.

 Жария сот отырысы сабақ бола ма?

Бурабай аудандық сотында ауданның пробация қызметі бөлімінің сотталған С.-ның жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсынысы қаралды.

Сотта 2024 жылдың желтоқсанында С.-ға ұрлық жасағаны үшін пробациялық бақылау белгіленіп, мәжбүрлі еңбекке тартыла отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу тағайындалғаны анықталды. Бақылауға қою кезінде С. соттың өзіне жүктеген міндеттерімен танысқанымен, оларды бұзған.

С. жазаны өтеген 6 ай ішінде ай сайынғы тіркеуге келмегені, сағат 22.00-ден кейін қонақта болып, спирттік ішімдіктер ішкені, инспектордың шақыруын елең қылмағаны, көшеде мас күйінде болғаны үшін 4 ескерту алған.

Жазасын өтеу кезеңінде С. қайта бұзушылықтарға жол беріп, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын қасақана бұзып, құқық бұзушылықтар жасауға бейім екенін көрсетті. Сонымен қатар, С.-ға тұрғылықты жері бойынша учаскелік инспектор теріс мінездеме ұсынды.

Сот қаулысымен пробация қызметінің С.-ға жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсынысы қанағаттандырылып, ол жазаның қалған 3 жылын өтеуге қылмыстық атқару жүйесі мекемесіне жіберілді.

Осы іс бойынша сот отырысы ауданда сотталып, пробациялық бақылауда тұрған адамдардың қатысуымен өтіп, олармен судья осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндірме әңгіме жүргізді.

 Жалған мәліметтерді тарату расталмады

Шортанды аудандық сотында азаматша М.-ға қатысты жала жапты деген айыптау бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Әкімшілшік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша қаралған істе келесі жайлар анықталды. Азамат Ш. әлеуметтік желіде баланың өліміне қатысы бар деп маған жала жапты деген негізбен азаматша М.-ға қатысты шара қабылдау жөніндегі арызбен сотқа жүгінген. Атап айтқанда, М.-ға көпшiлiк алдында телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жала жапты, яғни, Ш.-ның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiрді, оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратты деген айып тағылады.

Азаматша М. оқиғаға кінәлі адамның жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалғаны, ал, құқық қорғау органдары істі бірнеше рет тоқтатып отырғаны туралы бейне жариялаған. Сонымен қатар, істі қарау барысында Ш.-ға қатысты қылмыстық іс тіркелгені анықталды. Іс 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың маусымына дейін үш рет қозғалып, тоқтатылып отырған.

М. өзінің бейне жарияланымында қылмыстық істі тергеу кезінде әуре-сарсаңға салу фактілері туралы да хабарлаған. Сот азаматша М.-ді келесі негіздермен ақтады. Біріншіден, бейнежазбада М. баласы қайтыс болған қылмыстық іс бойынша сапасыз тергеу жүргізіліп жатқанын көрсетіп, істі әділ тергеуге және кінәлі адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға жәрдем сұрады, оның жалған мәліметтерді таратқаны туралы факті анықталмады. Сотта М.-ның жала жабу ниеті расталмады және басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаны туралы ешқандай дәлел келтірілмеді.

Осыған байланысты соттың қаулысымен азаматша М.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Ұрланған көлікке ұрынып, сан соққан

Облыстық сот алқасы азамат Б-ның көлік құралын сатып алу жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану және төленген соманы өндіріп алу туралы апелляциялық шағымы бойынша азаматтық іс қарады.

Бірінші сатыдағы соттың шешімімен бұл талап қанағаттандырылып, мәміле жарамсыз деп танылған. Сот автокөлікті К.-ға қайтаруды міндеттеп, Б.-ның пайдасына көлікке төленген сома өндіріліп алынған.

Сотта келесі жағдайлар анықталды. 2019 жылы Б. К.-дан автокөлік сатып алған, ал, 2023 жылы оны сату кезінде көлікті Украинаның аумағынан айдап алып кеткені анықталды. Қазіргі уақытта Б. бұл автокөлікті басқару құқығынан айырылған.

Б. сотқа мәмілені жарамсыз деп танып, К.-дан төлем сомасын – ақшалай қаражатты қайтару туралы талап қою арызымен жүгінген. Жауапкер К. соттан шарттың орындалғаны, сондай-ақ, талап қою мерзімінің өтіп кетуі негіздерімен талап қоюдан бас тартуды сұрады.

ҚР Ішкі істер министрлігі өкілдерінің мәліметіне сәйкес, автокөлік 2015 жылдың 25 желтоқсанында айдап әкетілген деп дерекқорда тіркелген. Б.-ның атына 2019 жылғы 15 қарашада тіркелгені де анықталды.

Сот көлік құралын сатып алу-сату жөнінде мәмілені келесі негіздермен жарамсыз деп таныды. Атап айтқанда, Б.-да мәміле жасасу кезінде көліктің мәртебесі туралы шынайы ақпарат болмаған және ол жаңылысқан. Мәміле жасалған кезде көлік айдап әкелініп, оған қатысты ауыртпалықтар болған. Көлік құралы елге заңсыз енгізілгендіктен, ол сатып алу-сату мәмілесінің нысанасы бола алмайды. Жауапкердің талап қою мерзімінің өтіп кетуі туралы өтініші негізсіз, себебі, Б. 2023 жылы ғана өз құқығының бұзылғанын білді. Талап қою белгіленген үш жылдық мерзім шегінде берілді.

Автомобиль құнын өндіріп алу туралы талап мәмілені жарамсыз деп тану туралы талаптан туындайды. Автокөлік иесінен қайтып алынды, оған қатысты тіркеу әрекеттері мүмкін емес. Автомобильге қатысты меншiк құқығы К.-ға ауысады, өз кезегiнде К. өзiнiң мүлiктiк мүдделерiн, оған сатқан адамға талап қою жолымен қорғауға құқылы.

Сот шешімімен талап қанағаттандырылып, көлік құралын сатып алу-сату жөніндегі мәміле жарамсыз деп танылды. Сот Б.-ны автокөлікті К-ға. қайтаруды міндеттеп, Б.-ның пайдасына төленген сома өндіріп алынды.

Алқаның қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Сот актілері заңды күшіне енді.

Ақмола облыстық сотының материалдары бойынша дайындалды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар