Тұлға
Ұлтының басына күн туған қиын кездерінде Жұмабек Тәшенов қазақ жерінің тілім-тілім болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі үшін жан аямай күрескен отаншыл перзент. Ата-баба аманатына адалдығымен, жерін жатқа беруге қарсы жан аямай күрескен ерлігімен есте қалған қайсар тұлға.
Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1915 жылдың 20 наурызында Ақмола облысы Аршалы ауданының Танакөл ауылында туған. 1933 жылы Ақмола құрылыс техникумына оқуға түсіп, бір жылдан кейін оқуын тастап, қоғамдық жұмысқа кіріседі. Бұл оқу орнын Тәшенов кейін бітірген. Ал, қызмет жолын аудандық комитеттің хатшылығынан бастаған екен.
Ол кезде Тәшенов 19 жаста болған. 25 жасында облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары, 29 жасында облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 37 жасында Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы қызметін, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
«…60-шы жылдардың бас кезінде КОКП Бас хатшысы Никита Хрущев Қазақстанның бес облысы (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) кірген Тың өлкесі деп аталатын құрылым арқылы өлкені тікелей Ресейге бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жанталаса ұмтылған кезде республиканың аумақтық тұтастығына айтарлықтай қатер төнген еді. Бағымызға қарай, осы Хрущевтің буынсыз жерге пышақ салған ұсынысына, өжет басшы – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.Тәшенов батыл қарсы шықты. Нақтылап айтсақ, Н.Хрущев Қазақстан Компартиясы ОК-нің бюро мүшелерін түгел Мәскеуге шақырып, Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты Ресейге қосу туралы мәселені талқыға салғанда, Ж.Тәшенов тұрып: «Я родом из Акмолинска. Двенадцать лет работал в Северо-Казахстанской области. Мои родители и их родители, да и все наши предки покоятся на этой земле. И вы теперь хотите эту землю передать России? Вздумайтесь, товарищи, какой казах с этим согласится?… Я, например, категорически против постановки данного вопроса!..» – деп тойтарыс берген. Осы бір ауыз тарихи сөз Қазақстанның солтүстік аудандарын Ресей құрамына өтіп кетуден сақтап қалғаны айта-қатесіз ақиқат.» Міне, бізге жеткен деректерде Жұмабек Тәшеновтың ел, жер мәселесіне келгендегі темірдей табандылығы осылай сипатталады.
Жұмабек атамыз өзінің саясаткерлігі пен шешендігі, салауаттылығы мен салмақтылығы, өз ұлтына сүйіспеншілігі арқылы шынында да, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалды. Мансап пен пенделікке, нәпсіге құл болудан ада болды, жалтақтаған жағымпаз тұлғалардың алдында өзінің ар-намысының биіктігі мен ата-баба аманатына адалдығын көрсетті. Жерге қорған, елге тұтқа болды.
«Маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім. Елім, жерім орнында» деген Жұмабек Тәшенов осылайша Қазақстан жерінің тұтастығын сақтап қалған біртуар тұлғалардың бірі.
«Егер ол мансапқұмар болса, бәріне бас изеп, үнсіз келісе берер еді ғой. Жоғары қызметінде қала берер еді. Жоқ, ол ондай болған жоқ. Әрине, оны қызметінен алған кезде жұмысына жоғары жақтың көңілі толмайды деген бұйрықпен босатқан. Сөйтіп, Шымкентке жіберіледі. Әкем өмірінің соңына дейін сонда тұрды. Халық құрметтейтін, бағалайтын. 60-қа келген кезінде зейнеткерлікке шығарды. Ол кезде де біраз жұмыс атқаратын күш-қуаты бар еді. Ол қарап отыра алмайтын. Зейнетке шыққан соң зерттеу институтында жұмыс істеді» деп жазады ұлы Саян Тәшенов өз естелігінде.
Жұмабек Тәшенов 1986 жылы 18 қарашада 71 жасында дүниеден өтті. Тұтас ұлтты уысында ұстамақ болған Кеңес империясының басшысына қарсы тұрып, дәлелді уәжі арқылы тойтарыс бере білген Жұмабек Тәшеновтің ерлігі бүгінгі ұрпақтың санасына үлкен рухани серпін беретіндей ерекше құбылыс.
Кеңестер заманы еді кешегі өткен,
Қазағыма қаһарлы кәрін төккен.
Елім менен жерімді қорғаймын деп,
Аз болған жоқ ерлерім азап шеккен.
Тың игеру деген де бір дүрбелең,
Таразыға түсті елім жеріменен.
Сол сойқанға қарсы боп Жұмабегім,
Тың өлкесін Ресейге бермеген ең.
Құрды келіп Тың аймағы дегенді,
Құрамына бес облыстың жері енді.
Орталығы Целиноград қаласы,
Ішке түйген жоспарлары көп еді.
Солтүстікті қосып алмақ түгелдей,
Тың өлкесі біздікі енді дегендей,
Кең жерімді бөлшектеуді көксеген,
Ен далаға салған сол бір түрендей.
Қалмас үшін ертеңгі күн опынып,
Тәуекел деп белді бекем буынып,
Бұл жоспарға қарсы шықты Жұмабек,
Жауға атылған көк бөрідей ұмтылып.
Қарсы тұрып кеңестік сұм сойылға,
Өз басы емес, елі тұрды ойында.
Мәңгілікке жаны оның жай тауып,
Дамылдады Сырдария бойында.
Тарлан тарих ашса ақиқат есігін,
Сағыныпты асыл ұлын Есілім.
Ескерткіші бой көтеріп еңселі,
Астананың көшесі алды есімін.
Көрмесе де түбі әділдік жеңгенді,
Ерлігін еш ұмытпайды елі енді.
Туған елдің қай жерінде жатса да,
Барша қазақ жүрегінде жерленді.
Солай сүйген өз ұлты, халқын да,
Тұр ғой бәрі қасиетті нарқында,
Сол ерлігі аңыз болып айтылар,
Қайталанбас мұндай енді нар тұлға!
Ерәлі ЕСІМОВ.
Астана.
![]()

