Целиноград ауданында жыл сайын ауыл шаруашылығы мамандарының басын қосатын дәстүолі «Jana Dala/Green Day-2025» халықаралық агрокөрмесі өткізілді. Астананың іргесіндегі Нүресіл ауылындағы «Ақтық» акционерлік қоғамының егістік алқаптары маңындағы кең далада ұйымдасырылған бұл ауқымды шараға әлемнің 22 елінен 200 компания өкілдері қатысып, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Франция, Беларусь республикасы, Ұлыбритания, Германия және Нидерланд Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшілері шараның ашылуымен құттықтап, сөз сөйледі.
Ақмола облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен агробизнес мамандары Австрия, Қытай, АҚШ және Жапониядан келген әлемдік алпауыт компаниялардың өкілдерімен танысып, тәжірибе алмасты. Олар жиналған көпшілікке ауыл шаруашылығына арналған заманауи техникаларымен қатар осы саладағы инновациялық шешімдерін таныстырды.
– Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық аймағы мәртебесін сақтап келеді. Өткен жылы біз 6,5 миллион тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1 триллион теңгеге жетті. Біз құс етінің 30 пайызын және жұмыртқаның 15 пайызын өндіреміз. Мал шаруашылығы саласы белсенді дамып, жаңа кешендердің салынуы арқасында Астананың негізгі азық-түлік белдеуін қалыптастырып отырмыз. Бүгінде Қытайлық «Dalian Hesheng» компаниясымен бірлесіп астықты терең өңдеу жобасы іске асырылуда. Мемлекеттік қолдау шаралары мен жеңілдетілген лизинг арқасында өңір аграрийлері жарты жылда 900-ден астам техника сатып алды. Біз тек жаңа технологияларды көрсетіп қоймай, саланың тұрақты және бәсекеге қабілетті дамуына нақты жағдай жасап отырмыз, – деді форумның ашылу салтанатында аймақ басшысы Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ, облыс әкімі биыл мал шаруашылығы саласы үшін ерекше жыл екенін атап өтіп, қазақтың ақбас тұқымының 75 жылдығы екенін еске салды. Қазіргі таңда елордаға жеткізілетін сүт және ет өнімдерін 50пайызға, жұмыртқаны 100пайызға дейін арттыру міндеті қойылған. Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық кезінде облыс бюджетінен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 220 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. 860 фермер 102 ммллиард теңгеге жеңілдетілген несие алып, агротехникалық жұмыстарды уақытында атқаруға мүмкіндік алды.
– Біз Ақмола облысын тәжірибе алмасуға және ұзақ мерзімді серіктестікке зор әлеуеті бар сенімді серіктес ретінде қарастырамыз, – деді Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі, агрофорумның серіктес елінің өкілі Сильван Гиоге. Ал, Беларусь Республикасының елшісі Алексей Богданов көрмеге Беларусьтің 12 ірі ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілері қатысып жатқанын айта келіп, дала жұмыстарына арналған тракторлар, комбайндар, тіркемелер мен аспалы жабдықтар мен минералдық тыңайтқыштар шашуға арналған заманауи техника түрлерін таныстырды.
– Бұрын фермерлер субсидияны жылдап күтетін, ал қазір мемлекет 5 пайыз жеңілдікпен оны уақытында беруде. Фермерлердің міндеті мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, жоғары өнімдер шығарып, нақты нәтижелер көрсету. Ауыл шаруашылығы дақылдарының әртараптандырылуының арқасында, біз күнбағыс пен зығыр сияқты майлы дақылдардың көлемін 1 миллион гектарға дейін ұлғайттық. Қазір бұл өнімдерді еуропалық компаниялар тікелей алқаптан сатып алып кетеді. Астық бағасы да өсті, демек табыс табуға мүмкіндік бар, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров газетімізге берген өз сұхбатында.
Ал аймақ басшысы журналистерге алдағы мақсаттар жайында айта келе:
–Барлық құрылған индустриялық аймақтарда біздің мамандар шетелдік компаниялардың тәжірибесін пайдалануға, ірі инвестициялар тартуға және 3 мың ақмолалықты тұрақты жұмыспен қамтуға септігін тигізеді. Біз тек шикізатты емес, терең өңделген өнімді сатуымыз қажет, – деді.
Екі күнге созылғанаталмыш шарада шағын агроқалашықта еңбек мерекесінің думаны сезіліп тұрды. Шара аясында қызықты шоулар мен мазмұнды бағдарламалар ұйымдастырылды. Ұлыбритания мен Нидерланд елшіліктері ұйымдастырған таңғы ас барысында шетелдік қонақтар жергілікті фермерлермен маңызды мәселелерді талқылап, пікір алмасып, байланыс орнатты. Аймақ басшысы мен ауыл шаруашылығы министрі сала бойынша өткізілген байқауға қатысқан жеті компанияның демонстрациялық учаскелерін аралады. Бұған дейін ет өндіру бойынша ең үздік ірі қара мал тұқымын анықтау мақсатында ұлттық байқау өткізілген болатын. Қазақтың ақбас тұқымы, қалмақ, әулиекөл, герефорд және ангус тұқымындағы бұқалар қатыстырылып, «Үздік бұқаның» иесі атанған жеңімпазға жаңа «YTO» дөңгелекті тракторы табысталды.
Осы агрошараны ұйымдастырушылардың бірі «EXPO TIME» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әділхан Сағынбаев биыл шараға қатысушы фермерлердің рекордтық саны тіркелгенін айтып өтті. Сондай-ақ, көрменің далада ұйымдастырылуы шетелдік қонақтарға жергілікті фермерлердің еңбек жағдайымен, олардың қажеттіліктерімен және осы жердің климат ерекшеліктерімен танысуға жол ашқанын жеткізді.
Ал, «Eurasia Group AG» компаниясының бас операциялық директоры Сергей Глокке болса, бұл көрменің 2000 жылдардың басында осы өңірде өткізілгенін еске салды.
– Біз бұл көрмені жақсы көреміз және оны еліміздің түрлі өңірлерінде өткізіп, жаңа өнімдерді таныстырамыз, трендтермен бөлісеміз, фермерлердің қажеттіліктері мен мәселелеріне құлақ түреміз. Ауыл шаруашылығының болашағы автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллекттіні тиімді пайдалану екені сөзсіз. Қазіргі таңда ауылшаруашылығы саласындағы кадр тапшылығы, мамандардың білім деңгейі басты мәселе екені де даусыз. Өкінішке қарай, жастар ауыл шаруашылығына аса қызықпайды, механизаторлардың орташа жасы 40-60 жас аралығында. Ал, біз өнірушілер ауыр еңбекті жеңілдететін шешімдерді ұсынамыз, – деді ол бізбен тілдесу барысында.
Қытайдың «Baikonur Machinery Group» компаниясының маркетинг бөлімінің жетекшісі Анастасия Бун хабарлағандай, компания 23 жылдан бері Қазақстан нарығына арнайы техникалар жеткізіп келеді және бұл компанияның өнімдері ауыл шаруашылығы, тау-кен және жол-құрылыс салаларында кеңінен пайдаланылып, еліміздің сенімді серіктесіне айналып үлгерген.
– Біздің техника фермерлерге, құрылысшылар мен өндірістік кәсіпорындарға сенімді көмекші. Біз клиенттердің сұранысына жедел жауап береміз және техникалық қолдауды оқиға орнында көрсетеміз. Біз оларға XCMG құрылыс техникасын және Shacman жүк көліктерін ұсынамыз. Ал, бүгінгі көрмеге жүк көтергіш 15 тонналық ауыл шаруашылығы жұмыстарына арналған самосвал әкелдік, – деді Анастасия.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған көрме аясында әсіресе, Француз павильонының салтанатты ашылуы қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
– Біз Франциядағы зауыттан Қазақстанға шошқа және қой шаруашылығына арналған азықтық қоспалар жеткіземіз, сондай-ақ, фермерлерге кеңес береміз. Қазақстандық серіктестермен бірлесіп, жергілікті шикізаттан құрама жем өндіреміз. Бұл өнім қазақстандық нарықта үлкен сұранысқа ие, – деді «MG2MIX RUS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Эдди Ланьо.
– Біз Алматы облысынан келдік. Агрофорумға қатысу біз үшін маңызды, жаңа іскерлік байланыстарға үміт артамыз, – деді оның әріптесі, «Еуропалық азықтандыру технологиялары» компаниясының кеңесшісі Елена Власова.
Шараға жиналғандар далада қуырылған дәмді, шырынды стейктерден дәм татып, ет фестиваліне жиналды. Қатысушыларға «Black Angus», «Qazaq Aqbas», «QALMAQ Meat», «Астаналық дастархан» компаниялары шеберлік сағаттарын өткізді.
– Бізге келген қонақтардың саны көп. Бүгін біз қазақтың ақбас тұқымынан 50-ден астам стейк дайындадық. Өнімді жеткілікті мөлшерде алып келдік, бәріне жетеді, – деді «Астаналық дастархан» компаниясының «Family chef» мейрамханасының бас аспазы Эдем Бакиров.
Шара қорытындысында «Леди фермер» байқауының жеңімпаздары мен агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды.
Вероника БУРДА,
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ.
Целиноград ауданы.
![]()

