«Жас келсе іске» дегенді растай түскен  

ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ!

Бабаларымыз ғасырлар бойы «дала дипломатиясымен» өмір сүрген. Халқымыздың  мәмілегерлік  дәстүрінің арқасында Ұлы далада бейбіт өмірдің ерекше үлгісі қалыптасқан. Құрмет пен сыйластық  қашанда қастерлі құндылық ретінде бағаланған.

Ертеден келе жатқан осы қағида – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде 2021 жылы енгізілген  ауыл әкімдерін тікелей сайлау елдің біртіндеп демократия жолына бет бұрғанын білдіретін маңызды қадам. Бұл өзгеріс азаматтардың белсенділігін арттырып, сайланған әкімдермен бірге, ауылдағы түйткілді мәселелерді  шешуге жол ашты. Соңғы төрт жылда 2 мыңан астам ауыл әкімі сайланып, әкімдер корпусы айтарлықтай жаңарды. Олардың көпшілігі «AMANAT»  партиясының мүшелері, соның ішінде 60 пайыздан астамы әкім болмаған, мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар.

Мені журналистикаға жас кезімнен әуес жүрегім, осы мақаланы жазуға талпынысым қобалжытпады десем дұрыс болмайтын шығар. Көп жылдар мемлекеттік қызметте болдым, жастарға құрмет көрсеттім, қазір де сыйлас жандармыз. Әдетте, біз адамзат  немесе ұлт тарихын өткеннің қойнауында қалған дүние секілді қабылдаймыз. Сондықтан, оның қазіргі өмірімізге тікелей қатысы жоқтай көрінетіні бар. Біздер мысалы, партия мектебінен өттік, ал, қазір Президент «AMANAT» партиясының тәжірибесіне сүйене отырып, «Әкімдер мектебі» атты оқыту  жобасын  іске қосуды тапсырды. Осының нәтижесінде төрт айдың ішінде 1783 ауыл әкімі оқуын аяқтап, ауыл экономикасының бағытын  айқындау, нақты табыс әкелетін салаларды анықтау, өнім көлемін бағалау сынды  маңызды дағдыларды меңгерген көрінеді.

Нұрсұлтан Қайыркелдіұлы Дуанбеков туралы әңгіме болғанда, жадымызда жүрген мына бір жай қайта жаңғырды. 2023 жылы аудандық ақсақалдар кеңесіне төраға болдым, Қорғалжынның ауыл ардагерлерімен, ақылгөй қарияларымен Сабынды ауылындағы 85 жасқа толған  көнекөз  ақсақалды  құттықтап бардық. Сонда әлгі кісі сол  елге танымал басшы, өткір тілді адал азамат Дуанбек туралы бір әңгіме айтты. «Ауыр науқасқа душар  болып, өлім халінде жатқанда, басында жылап отырған жарына «жылама, неге жылайсың, сенде немере бар ғой, әне, анау жатқан» деп жөргектегі Нұрсұлтанды  нұсқаған екен.

Міне тектіліктен тамыр тартқан Нұрсұлтан Дуанбек Қорғалжын ауылының әкімі. Мөңке би Тілеуұлы: «Жас баладан әкім болар, жігіт  жақсысы  елді басқарар, жақсылық  атағы  жерді жарар» дегеніндей, осы бір жарым жылда 15 жыл жаңармаған, жарықтанбаған, асфальтталмаған, көгалдандырылып, безендірілмеген  ауылды  толығымен  көркейтті. Қатарлас, үзеңгілес болмасақ та, осы өңірдегі су бетіне шыққандардың көбі есепте.  Нұрсұлтан Дуанбек те солардың бірі.

Қазақ халқы ықылым заманнан сөзге тоқтаған, бата мен тілекке сенген.  «AMANAT» партиясы ауыл әкімдігіне ұсынғанда, Нұрсұлтан бізге келіп, ақсақалдық бата сұрады, ол тілегін қабыл алдық, сол қадамды ұлықтай білдік, одан ұтылғанымыз жоқ. Бата дәстүрі – даналықтың діңгегі.

Нұрсұлтан сырт тұлғасы шағын бітімді, бір мінезді, тұйықтау ғой, ал, сонда бұлқынған жігер, бұла күшті қайдан, қандай қайнарлардан алып тұр екен деп ойлайсың. 1989 жылы 17 наурызда Сабынды ауылында дүниеге  келген ол Қаныш Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университетті 2010 жылы тәмамдап, 2013 жылы Ресей Федерациясының Түмен мұнай-газ университетінен магистр мамандығын алды. Қазақ-орыс тілдерімен  қатар, ағылшын, түрік тілдерінде еркін сөйлейді.

Алғаш еңбек жолын «Ақмола су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында шеберден бастап, «Астана Агропродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бөлім бастығы, одан кейін «Садыков М.Т. және «Дария» жеке кәсіпкерліктерінде атқарушы директор қызметтерін атқарды. Былайша айтсам, бұл елдің жері қазыналы, адамдарының ішкі жан дүниесі өте бай екенін сезініп, туған елі, жері үшін қызмет етуге, әкім лауазымына бел буып көруге шешім қабылдады. Сол адал еңбегінің арқасында армандарына жақындап келеді, ал, ондай еңбектің ерте, кеш пе оң бағаланары анық. Елім деп соққан елгезек жүрек туған жеріне талай олжа саларының дәлелі, таяуда ғана ауыл тұрғындарының көңілінен шыққан 2024-2025 жылдары атқарған жұмысының есебі.

Жүрегі таза адамның жолына тас қойса да, тікен ексе де,  ол жол  бәрібір гүлдейді. Қорғалжындықтар осы ретте, ауылда жүріп жатқан қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасынан  табылып, тұрғындар мен жергілікті билік арасын жалғап тұрған көпір міндетін бірге атқаруда.

– Ата өсиетін аманат тұтқан, әке жолын жалғастырған жас әкім «ақсақал жеткізіп тастайын» деген өтініш білдірді, қарсылық жасамадым. Жұмыс басымдықтары туралы мәселені өзім бастадым. Жетпістің жетегіндемін, талай тұлғалармен қызметтес болдым, бірақ, кейінгі кезеңдерде «ауданның  болашағы жоқ», «келгенбайлар басқарады, келіп-кетіп істейді» деген жөнсіз пікірлер мазалайды. Екі  дипломың бар, оның біреуі Ресейдікі, әкім болып сайланған күні отбасыңды қасыңа көшіріп алдың. «Жігіттің жігіттігі істі бастағаннан аяқталған емес» дегендей, еселі еңбекпен өрілген берекелі шаруаңа бірден кірістің, – деген тұрғыда сөз өрбіттім.

– Ойланып, әдемі айтты демеңіз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан»: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған 9 негізгі басымдықтан туындайтын жаңа міндеттер менің әкімдік қызметімнің өзегі болып табылады, оны өз елімде, жерімде, жергілікті органның ең төменгі құрылымында мен бастап, атқармасам, кім жүзеге асырады? – дегені көңілімнен шықты.

Осы арада, Президентіміз болашақта осындай жас  әкімдерге үміт артып отыр ғой, өзі бастамашыл болған «Әкімдер мектебі» жобасы басқару ісін цифрландырумен және кооперативтік жобаларды сүйемелдеумен солар айналысуы тиіс» деген тапсырмасы да әкімдердің жігерлілігіне байланысты ғой деген де ой келді.

Себебі, кедейлікті азайту, қарызсыз  қоғам, ауыл аманаты – міне,  әкімдер осы бастамаларды  жергілікті  жерлерде  жүзеге   асыратын  көпір. Ендігі  кезекте әкімдер ауылдық  кооперативтер құрады, тұрғындар 2,5 пайыз  жеңілдікпен несие алып, өз кәсібін аша алады. Әкімдер ауыл  азаматтарын  біріктіруге, өнім  жеткізу желілерін, логистиканы және қызметті үйлестіру жүйесін жолға қоюға көмек көрсетеді. Ауыл әкімдеріне қолдау ретінде  партия кооперация  жөніндегі арнайы үйлестірушілерді даярлап, өңірлерге  жібереді. Олар ауылдарды аралап, халықпен және бастамашыл топтармен кездесіп, жобалардың іске асырылу барысын бақылап, құжат жинауға, кооперативтерді әділет органдарында тіркеуге  көмектеседі. Тамыз айында үлкен науқан, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы  басталады, ол жыл аяғына дейін созылады.

Ауыл әкімі Нұрсұлтан Қайыркелдіұлының алдында маңызды жобаларға  жер рәсімдеу, мәдениет ескерткіштерін мемлекеттік тізімге енгізу, орталық қазандық салу, соғыс ардагерлеріне салынған екі қабатты көп пәтерлері тұрғын үйлердің ағымдағы жөндеу жұмыстары, Р.Мәди көшесінде көпфункционалды спорт алаңын, аялдама және автотұрақ  салу  жобалары  бойынша үлкен жұмыстар тұр. Су ресурстары комитетінің тапсырысы бойынша магистральді су құбыры жаңартылып, аталған жобаны 2026 жылы іске асыру жоспарлануда. Елді мекеннің эстетикалық тартымдылығын арттыруға, қоғамдық кеңістікті абаттандыруға және демалыс аймақтарын  дамытуға бағытталған жобалар да бар. Осы мақсатта ауыл орталығына архитектуралық шағын формалар орнатылып, олар өзгертіліп отырады.

Маңызды мәселе – қоқыс полигонын ретке келтіру және абаттандыру мақсатында 4 бейнебақылау камерасы орнатылды, оған кіретін бір ғана жол қалдырылды, ішкі және сыртқы аумағы тазартылып, бақылауда болады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ағымдағы жылы қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда, бұл ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтына көңіл бөліп, спортпен айналысуларына қолайлы жағдай жасалатынын білдіреді. Айтылған жобалар ауыл әкіміне деген ел сенімінің жоғары екенінің бір айғағы деп білемін.

Аудан әкімі Алмас Аянұлы Алин іскерлік беделінің, мол тәжірибесінің арқасында жас ауыл әкімі Нұрсұлтан Қайыркелдіұлына қолдау білдіріп, өзара түсіністік пен сыйластық танытқанын ерекше атап өткенім жөн. Барлық жиындар, кездесулер, үлкен іс-шаралар белсенділікпен атқарылады, бұл ретте де, жағымды үрдіс қалыптасып отыр.

Бізге кез келген ауылға, ауданға, ел мен жерге ие болатын белді азаматтар  керек-ақ. Ел сенімін арқалап, бүгінгі халық, ертеңгі ұрпақтың келешегі үшін адал еңбек ететін, көптің игілігіне жарап, ұлттық мүдде-мұратымызға шарапатын тигізетін азаматтар барынша көп болса, бұл – елдің бағы, халықтың құты, мемлекеттің, ауылдың байлығы. Жас болса да, бас бола білген ауыл әкімі Нұрсұлтан Қайыркелдіұлы Дуанбеков бүгінгі аяқ алысы нық, құрметке де, үлгілі өнегеге де лайық азамат.

Атақты Төле би бабамыз «бірлігі берік ел жақсы, егеспей өткен ер жақсы» дегеніндей,  Қорғалжын  жерінде Нұрсұлтандай ауыл әкімдері көп болсын, олар ұлттық рухты оятып, нәтижелі жұмыстар атқарсын. Бұл көпшіліктің де санасына сілкініс, жүрегіне жылу, болашаққа бағдар беретініне сенімдімін.

Мұхит Шермұханұлы,
партия және еңбек ардагері, Қорғалжын ауданының құрметті азаматы,
ҚР «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар