Металлург күні әнімен, сәнімен есте қалды

Мерекелік шашу

Жыл сайын жадыраған жасыл жаздың шуақты шілде айында аталып өтетін Металлург күні құрметіне «Алтынтау-Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында қазақ эстрадасының жас жұлдыздары Мәди Қадыров пен Қазбек Құрайыштың ән кеші болып өтті.

«Асыл тастан, өнер жастан» демекші, келген көрермендердің көбі жастар болды. Ән кеші Металлург мерекесімен жылы лебізді құттықтаудан басталды. Сахнаға шыққан «Сезім» би ансамблін өнерсүйер қауым қошеметпен қарсы алды. Ансамбльдің мың бұралған биші қыздары көрермендерге көркем биден шашу шашты. Алаңда Павлодар қаласынан келген «Адажио» би ансамблі де өз өнерлерін көрсетті. Бұл кештегі көгілдір аспан, тымық ауа райы көрермендерге де концертті тамашалауға қолайлы болып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Енді бір сәт алаңда «Аяла» триосы салған тағы да әсем ән қалықтады. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп жырлаған еді Қадыр ақын. Бұдан кейін осы кешке әдейі ат терлетіп сонау Кереку өңірінен келген «Адай» тобының домбырашылары қала қонақтары мен меймандарына ән сыйлады. Мұның бәрі кеш себепкерлері сахнаға шыққанға дейінгі ән шашулар еді. Сол күткен сәт те туып, «Аппақ қар» әні мен орыс тілінде бірнеше әндерді шырқады. Өнер жолында өзіндік ізденісімен келе жатқан бұл әнші әлі жас. Тек алдымыздағы желтоқсан айында ғана 25-ке толады.

«Жақсы сөз жан сүйсіндірер» дейді қазақ. Медиаменеджер әрі продюсер Қазбек Құрайыш өз сөзінде Ақмола, Көкше өңірлерінің қарапайым да елгезек адамдарын, сұлу табиғатын ерекше жақсы көретінін айта келе, осы жақта бұған дейін де бірнеше рет болғанын жеткізді. 1993 жылы Семей облысының Үржар қаласында дүниеге келген. «Махаббатсыз өмір бос» демекші, жас әнші өз репертуарында махаббат тақырыбына көңіл бөлді. Сөйтіп, бұл кеште жиналған жұртшылық Қазбек Құрайыштың «Ана», «Бақытты табамын», «Сағындым сені», «Қарағым», «Ғашықпын» және «Таптым-ау сені» секілді әндерді тыңдап, жылы қабылдаумен болды.

Концерт соңында кешкі Көкшетау аспанында еліміздегі байырғы да қадірлі мамандық иелері металлургтердің құрметіне отшашу шашылды. Сөйтіп, осы бір кәсіптік мерекеге арналған концерттік бағдарлама жұрт көңілінен шығып, алаңға жиналған қалың жұртшылық үйлеріне жылы әсермен тарқасты.

Қарлығаш КАРПЫҚБАЕВА.            

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар