Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында құрылысы ұзаққа созылған нысандарды тексерді. Қазіргі таңда ауданда тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі мен жаңа медициналық пункттердің іске қосылуы кешеуілдеп отыр.
Аудан орталығы Ақмол ауылында өңір басшысы 30 пәтерлік 10 несиелік үйдің құрылысымен танысты. Бірқатар нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары бес жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. Кейбір нысандар бойынша мердігер ұйымдармен жасалған келісім-шарттар құрылыс қарқынының төмендігіне байланысты бұзылған, алайда жаңа мемлекеттік сатып алу конкурстары әлі жарияланбаған. Биылғы наурыз айында аудан тұрғындарына 45 пәтерлік үйдің кілттері тапсырылғанымен, аталған үй әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Атап айтқанда, домофондар орнатылмаған, пандустар салынбаған, абаттандыру және қоршау жұмыстары аяқталмаған.
– Мұндай ұзаққа созылған құрылыс жұмыстары халықтың сеніміне сызат түсіреді. Егер пәтер кілттері тапсырылса, тұрғын үй толық дайын болуы тиіс. Сондықтан, барлық кемшілікті жойып, бұл үйлерді қысқа мерзім ішінде тапсыру қажет. Жалпы, бірде-бір жоба тоқтап қалмауы керек. Бұл орайда, барлық жауапкершілік аудан әкімдігі мен салалық басқармаларға жүктеледі, – деді Марат Ахметжанов.
Аудан әкімі Дарын Сабырғали нысандардың қазіргі ахуалы мен мерзімінен кешігу себептері жөнінде баяндады. Оның айтуынша, екі тұрғын үй биылғы тамыз айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Тағы екі үй жыл соңына дейін аяқталады, қалған алты үй келесі жылы тапсырылады. Бірқатар мердігер өз міндеттемелерін орындамағандықтан, келісім-шарттар бұзылғанымен, кейбір жобалар бойынша жаңа конкурстар әлі жарияланбаған.
Төңкеріс ауылында Марат Ахметжанов жаңадан салынған фельдшерлік-акушерлік пункттің жағдайымен танысты. Ғимарат толықтай салынғанымен, әлі күнге дейін электр және сумен жабдықтау жүйесіне қосылмаған. Облыс әкімі жауапты басшыларға ескерту жасап, аудан әкімдігіне құрылыс және сәулет басқармасымен бірлесіп, ФАП-ты инженерлік желілерге қосу мәселесін қысқа мерзімде шешуді тапсырды. Осыдан кейін аталған медициналық нысан ауыл тұрғындарына қызмет көрсете бастауы тиіс.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Төңкеріс ауылындағы ұзындығы 9 шақырымнан асатын көше-жол желісін күрделі жөндеудің барысымен танысты.
– Жол құрылысының әр кезеңі қатаң бақылауда болуы тиіс. Жұмыс сапасы, оның мерзімі және қаржы мәселесі – бәрі де уақытылы әрі талапқа сай назарда ұсталуы керек, – деді Марат Ахметжанов.
Целиноград ауданында ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау және инфрақұрылымды дамыту мәселесі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

