Жағажайлар дауы немен тынады?..

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен туризм және экология жөніндегі салалық кеңестің кезекті отырысында дау туды. Жиын азаматтардың су объектілеріне еркін қол жеткізуі қамтамасыз етілген жаңа ережелерге байланысты даулы жағдайларға тап болған туризм саласындағы бизнес субъектілерінің жаппай өтініштеріне байланысты ұйымдастырылды.

Кездесуге Сауда және интеграция министрлігі, оның ішінде Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, төтенше жағдайлар департаменті мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, туризм, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері қатысты.

Су ресурстары және ирригация министрлігі азаматтардың су объектілеріне еркін қол жеткізу құқығын бекітетін ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіткені белгілі. Жаңашылдық Су кодексінің ережелеріне сәйкес әзірленді. Ережеге сәйкес, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың өзендер, көлдер және басқа да су айдындарының жағалауына халықтың кіруін шектеуге құқығы жоқ. Бұл суға өтуге кедергі келтіретін күзетшілер ұстауға немесе қоршаулар орнатуға тыйым салынғанын білдіреді. Ал ақылы қызметтер ұсынылуы мүмкін ұйымдасқан жағажайлар болуы мүмкін, бірақ, суға өту үшін ақы алынбайды.
Алайда, жаңа ережелер бірқатар даулы жағдайларға әкеліп соқтырған қоғамдық пікірталас тудырды.

–Бүгін ғана қырыққа жуық адам біздің демалыс аймағына кіруге тырысты, оларды аумаққа тегін кіргізуді талап етіп, қауіп төндірді. Алайда, олар аумақтағы көптеген қызметтердің ақылы екенін естен шығарады. Мұндай жағдайларды қалай реттеуге болады, демалыс аймағын абаттандыру үшін көп күш пен қаражат жұмсайтын кәсіпкерге не істеу керек? – деп шағымданды осы ретте, Зеренді ауданының кәсіпкері Баян Сковородникова.
– Жазғы демалыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер клиенттерді тарту және қанағаттандыру үшін көп күш жұмсайды. Олар, басқалар сияқты, табиғат пен тазалықты сақтауға мүдделі, өйткені, туристер демалыс орнын таңдағанда дәл осы жағына назар аударады.

– Сонымен қатар, туристерді демалыс аймағына кіргізуді қалай реттеу керегі туралы ешкім ойланбайды. Оларды қалай есепке алу, тіркеу керек? Егер азаматтар осыған кедергісіз қол жеткізе алса, қоғамдық тәртіптің бұзылуы мүмкін. Көбінесе, мас туристер өз дегенін істеп, басқа демалушылардың мазасын алады. Олардан қалған қоқыстарды кім жинайды? Осындай демалудың басқа салдарына кім жауап береді? – деп облыстық туристік қауымдастықтың басшысы, туризм және экология жөніндегі кеңестің төрағасы Қайрат Сұлтанов  та өзекті сұрақ қойды.

Кәсіпкерлер демалушыларға жайлы өмір сүру жағдайларын ғана емес, сонымен қатар, ойын-сауық пен бос уақытты ұйымдастыруды қоса алғанда, қосымша қызметтерді ұсынуға тырысады. Демек рекреацияны жүзеге асырады.

– Рекреациялық жүктеме сияқты ұғым туралы ұмытпайық. Ережеге сәйкес, менің отбасым иелік ететін демалыс аймағының аумағына сексен адамға дейін рұқсат етіледі. Егер менің бізде кісі толық болса және суға тағы отыз адам сұранса, мен не істеуім керек? Менің оларды аумаққа кіргізбеуге құқығым бар ма? Сонымен қатар, рекреациялық жүктемені бұзу түрлі жағымсыз салдарға, соның ішінде айыппұл санкцияларына әкелуі мүмкін, – деді кәсіпкер Сәуле Құсайынова.

Жуырда тура осындай жағдай Астананың іргесіндегі Целиноград ауданында орын алды. Демалушылардың бір тобы өздерінің азық-түліктерімен жекеменшік демалыс аймағына өткізуді талап етіп тұрып алды. Демалыс аймағының ішінде барлық санитарлық ережелер сақталатын дәмхана бар. Ал, қолдарында қарбыздары, мантылары және басқа да тағамдары бар жанағы дем алушылар бой бермей, солай қарай ұмтылды. Ал, егер күннің қазіргідей ыстығында бүлінуі ықтимал осы тағамдардан улану жағдайлары орын алса, оған кім жауап береді? Әрине, кәсіпкер.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурскийдің айтуынша, бұл мәселе соңына дейін шешілмеген. Қазіргі уақытта Туризм министрлігі тиісті ережелерді әзірлеуде. Ережелер әзірленіп жатқан қазіргі кезде қолданыстағы заңнаманы басшылыққа алу керек. Спикер кәсіпкерлерге өз қызметтері мен олардың құнын саралау қажеттігін атап өтті. Мәселен, егер бұрын ақылы жағажайға тек кіру үшін ғана мысалмен алғанда, екі мың теңге төлеп, барлық қызметтерді пайдалану мүмкін болса, енді әрбір қызметтің құнын жеке жазып қою керек. Айталық, әжетхана 200 теңге, душ 500, шезлоног 1000.

– Мен Су кодексінің бұл нормасын түсінемін, суға балама болуы керек. Егер балама болмаса, кәсіпкер тұтынушыны аумаққа жіберуі керек. Алайда, егер демалушыға бірдеңе болса, кім жауапты?  Ол үшін ішкі ережелерді әзірлеу керек. Аумаққа кіре берісте көрсетілетін қызметтердің толық тізбесі, олардың құны, ұйымның атауы, иесінің аты-жөні, байланыс деректері бар ақпараттық стенд орналастыру қажет. Егер тұтынушы осы ережелермен таныс болса, ол әрі қарай не істеу керектігін өзі шешуі немесе өз құқығына нұқсан келтірмейтін басқа да тәсілдерді іздеуі тиіс, – деп санайды Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Самат Сайдалин.

–Бұл мәселенің көтерілгеніне бірнеше жыл болды. Шешімі табылмай келеді. Қазіргі уақытта мұның нақты стандарттары жоқ. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес сатушы, көрсетілетін қызметті беруші тауар немесе қызмет туралы толық ақпарат беруге міндетті. Сонымен қатар, кәсіпкер қонақүйлер мен демалыс аймақтарының түріне сәйкес демалыс орындарына не әкелуге болатынын нақты көрсетуі керек. Келушілердің азық-түлік және сусындармен нысандарға кіруі демалыс ұйымдарының иелері белгілеген ережелермен реттеледі, – деп айтылған жайларды толықтырды Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылау және үйлестіру басқармасының басшысы Дәурен Исмаилов.

Талқылау қорытындысы бойынша кеңес мүшелері кәсіпкерлер палатасы мен туризм басқармасына кәсіпкерлердің құқықтары мен мүддесін қорғау орайында қолданыстағы заңнаманы түсіндіру үшін бейінді мемлекеттік органдардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізуді ұсынды.

– Жаңа ережелер түрлі қоғамдық пікір тудырды. Көптеген адам заңның нормаларын өзінше түсінеді. Бұл жайт бірқатар даулы жағдайларға әкелді. Өкінішке қарай, мұны жеке блогерлер мен азаматтық белсенділер пайдаланып әкетті. Бұл ретте, туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесіне нұқсан келтірілетінін ешкім ескермейді. Жазғы маусым өте қысқа, бүгінде турбизнес қауіпті аймаққа айналды. Біз өз тарапымыздан кәсіпкерлерге олардың құқықтарын қорғау тұрғысынан барлық көмекті көрсететін боламыз. Жақын арада біздің алаңда қолданыстағы заңнаманың нормаларын егжей-тегжейлі түсіндіру және шешу жолдарын іздестіру үшін кездесу ұйымдастырамыз, – деп атап өтті өңірлік палатаның директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Сонымен, нақты бір шешімге келе алмаған кеңеске қатысушылар әркім өз ойларымен тарап жатты. Кәсіпкерлер палатасында осы мәселелерге байланысты тағы бір кездесу өткізіп, қолданыстағы заңнаманың нормалары туралы кеңінен  талқылап көрмекші.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

сурет cdn.nur.kz сайтынан

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар