Абай – 180
Костычев ауылдық кітапханасында қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – ұлт руханиятының қазынасы» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Онымен бірге, мәнерлеп өлең мен қара сөз оқу байқауы да ұйымдастырылған. Шараны ауылдық кітапхана өткізді.
Айта кету керек, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларды Жарқайың аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары күн өткен сайын белсенділікпен қолға алуда. Бұл – рухани жаңғыруға бет бұрған қоғамда Абай мұрасын дәріптеудің жарқын көрінісі болып табылады.
Мерекелік кешке Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Арай Оралтайқызы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлшат Қабиболқызы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назира Бәкібекқызы, Жарқайың аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Жұлдыз Дәулетқызы, аудан кітапханашылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Шара аясында өткен «Абай мұрасы – ұлт руханиятының қазынасы» атты өлең және қара сөз оқу байқауына Державин қаласынан Диана Әлімбаева, Тасты-Талды ауылынан Марьям Құрманғалиева, Костычев ауылынан Ибраһим Шағын, Уәлихан ауылынан Лилия Рыжкова қатысып, ақын шығармашылығына деген өз жүрек тебіреністерін өнерлерімен жеткізді.
Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Әсіресе, Гран-при иесіне велосипед тарту етсе, жүлделі орын иегерлері ақшалай сыйлықтан да құр алақан қалмады.
Кеш барысында Жарқайың ауданының 70 жылдығына арналған арнайы видеоролик көрсетіліп, Костычев ауылдық музейіне тарихи шолу ұйымдастырылды. Әсіресе, Абай дәуірінен сыр шертетін тұрмыстық бұйымдар – күбі мен табақ көрермен назарын ерекше аудара түсті. Әрбір экспонат халқымыздың тарихи жады мен мәдени мұрасының айғағындай әсер қалдырды. Сахна төрінде оқушылардың орындауындағы «Ән шашу» мен ұлттық би кештің сәнін арттырып, рухани мазмұнын тереңдете түсті.
Бұл тағылымды шара кеш қонақтары мен ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, Абай мұрасының мәңгілік рухани азық екені тағы бір мәрте дәлелдене түсті. Шара соңында кеш қонақтары жылы лебіздерін білдіріп, ұйымдастырушыларға жүрекжарды алғыстарын айтты.
Осындай рухани кештер – ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, Абай шығармашылығын жас ұрпақтың жүрегіне сіңірудің жарқын үлгісі. Халқымыздың рухани темірқазығына айналған Абай мұрасын насихаттау бағытындағы тағылымды шаралар ауданда одан әрі де өз жалғасын табуда. Болашақта да мазмұны терең, мәні биік мұндай рухани кештер назарда ұстала бермек.
Несібелді БӘКІР,
Жарқайың аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің библиографы.
![]()

