Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Астрахан, Атбасар аудандарына кезекті жұмыс сапары аясында өңірлерде көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Ақмола облысында су тасқынына қарсы кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Соның ішінде Астрахан, Сандықтау және Атбасар аудандарындағы өзен арналарының түбін тереңдету мен ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Астрахан ауданындағы Қалқұтан өзенінің ерекшелігі көктем мезгілінде бұл арнамен Бурабай, Бұланды және Шортанды аудандарындағы су қоймаларынан су өткізіледі. Су тасқынының алдын алу мақсатында облыс әкімдігі тарапынан суды бұру, елді мекен маңындағы бөгеттерді нығайту, өзен арнасын кеңейту және бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Ескі Қалқұтан ауылында ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын Қалқұтан өзенінің арнасын тазарту және жағалауын бекіту жұмыстары аяқталуға жақын. Жобаға сәйкес, өзеннің ені 5 метрден 36 метрге дейін кеңейтіліп, түбі 1 метрден 5 метрге дейін тереңдетілуде. Арнаға өзен түбін тереңдетуге арналған техника тартылған. Жұмыс өткен жылы басталып, «Демеу Қазақстан қоры» қорының демеушілігімен қаржыландырылуда.
Жұмысты жүзеге асырып жатқан мердігер ұйым – «Көкшетаугидрогеология» АҚ бас директоры Сансызбай Хаметовтың айтуынша, негізгі жұмыстар аяқталуға жақын. Бұл шаралар ауылды су басу қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
Марат Ахметжанов облыс көлемінде су тасқынына қарсы кешенді іс-шаралар жүргізудің маңыздылығына назар аударды. Бұл ретте:
– Басты міндет – бұл кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру. Мұндай шаралар тек Астрахан ауданында ғана емес, көршілес аудандардағы бөгеттер мен басқа да гидротехникалық нысандарда ретке келтірілуі тиіс. Сонда ғана су арнасын кезең-кезеңімен өткізуге мүмкіндік туады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, су тасқынына қарсы шаралар аясында ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын Ескі Қалқұтан ауылына апаратын жолға күрделі жөндеу жобасы әзірленуде.
Атбасар ауданында облыс әкімі Жабай өзенінің арнасын тереңдету мен кеңейту жұмыстарының барысын көріп, аудан әкімінің 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша кешенді жоспардың жүзеге асырылуы жөніндегі есебін тыңдады.
Аудан әкімі Кенеш Әлімжановтың айтуынша, су тасқынының алдын алу мақсатында Ақан Құрманов, Новомариновка, Сочинское, Сергеевка, Ащыкөл, Тимашевка және басқа да ауылдарда 30 іс-шара көзделген. Қазіргі таңда 22 су өткізу құрылысы орнатылып, 5,8 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері тұрғызылған, шамамен 14 шақырым канал мен арықтар тазартылған. Ауқымды жобалардың бірі – ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын Жабай өзенінің түбін тереңдету және арнасын кеңейту жұмыстары. Жобаның арқасында биыл өзендегі су кедергісіз өтті.
Сапар қорытындысы бойынша облыс басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақытылы жалғастыруды тапсырды.
Атбасар қаласы да жаңарады, жасарады
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Атбасар ауданына жұмыс сапарын алдымен, теміржол вокзалы қайта жаңарту жұмыстарымен танысудан басталады.
Атбасар қаласында көшелерді абаттандыру, саябақтар мен скверлерді жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Атбасар жұртшылығы үшін маңызды жобалардың бірі – 1956 жылы салынған теміржол вокзалының қайта жөнделуі. Қазіргі уақытта мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Атбасардың еліміздің теміржол торабындағы тарихи маңызын ескере отырып, вокзалдың бастапқы сәулеттік келбетін сақтау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Өңір басшысы, сондай-ақ, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған Теміржол саябағында болды. Жаз мезгілінде саябақ аумағында балаларға арналған аттракциондар, субұрқақ, ойын алаңы, балалар автокөліктерін жалға беру қызметі жұмыс істейді. Қыста мұз төбешік, коньки, шаңғы, тюбинг, сырғанақтарды жалға беру қызметі көрсетіледі.
Саябақта облыс әкімі аудан орталығының даму барысы жөніндегі есепті тыңдады. Аудан әкімі Кеңеш Әлімжановтың мәліметінше, орталықта шағын сәулет нысандары «Тұлпар» композициясы мен «Атбасар» МАФ-тары қалпына келтірілген. Орталық алаңға LED-экран, жарықтандыру құрылғылары, панно мен көше шамдары орнатылды. Қала үйлерінің қабырғаларына муралдар салынды, балалар ойын алаңдарына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Контейнерлік алаңдарға қоршаулар орнатылып, қоқыс жәшіктері, жаңа аялдамалар сатып алынды.
Қаланың Бірлік және Теміржол көшелерінде жолдарға шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа жаяу жүргіншілер өткелі, бағдаршамдар мен жол белгілері орнатылды. Қалаішілік бағыттарда жолаушыларға жаңартылған қоғамдық көлік – үш автобус қызмет көрсетуде.
Бұған қоса, биылғы жылдың соңына дейін Ілияс Есенберлин ескерткішіне ағымдағы жөндеу жүргізу, вокзал алдындағы алаңды абаттандыру және жаңа кинотеатрдың құрылысын бастау жоспарланған.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

