Әрбір жүрекке жол табатын ұлы мұра

Абай – 180

Биыл ұлы ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Қазақ халқының рухани көсеміне айналған Абайдың мұрасы – бүкіл адамзатқа ортақ құндылық. Осы айтулы мерейтой Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де аталып өтуде.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасын ұлттық идеологияның өзегі ретінде атап өтіп, оны жастар тәрбиесінде кеңінен қолдану қажеттілігін алға тартты. Абай – ұлттың рухани темірқазығы. Оның шығармаларын оқу – тек әдеби мұрамен танысу ғана емес, адамның ішкі жан дүниесін жаңару, болмысты тану жолы. Осыны есерсек, жас ұрпақ Абайдың рухани мұрасынан тәлім алып, саналы, білімді, елін сүйетін азамат болып қалыптасары сөзсіз. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өту – тек өткенге тағзым емес, болашаққа бағдар. Ұлы Абайдың сөзімен айтқанда, «адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ». Сондықтан, бұл мерейтой әр қазақтың жүрегінде ояу рух пен ойға жетелер ірі белес.

Себебі, ұлы Абай мұрасы бүкіл әлемге ортақ мұра. Абай Құнанбайұлы – қазақтың жаңа әдебиетінің негізін салушы, қазақ жазба әдебиетінің классигі. Ол өз заманының рухани өмірін жаңғыртып, халықтың ой-санасын оятуға бар күшін арнады. Абайдың өлеңдері мен қарасөздері адамгершілік, білім, еңбек, әділет, имандылық секілді биік ұғымдарды дәріптейді

Ұлы ойшылдың «Ғылым таппай мақтанба», «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деген идеялары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан емес. Оның шығармаларында ұлттық болмыс пен жалпы адамзаттық құндылықтар тоғысқан.

Абайдың 180 жылдығына орай, Көкшетау қалалық Станционный үлгілі кітапхананың ұйымдастыруымен кітапхана оқырмандары арасында «Ой  түбінде жатқан сөз» атты әдеби көрме өткізілді.

Көрменің мақсаты оқушыларға қазақтың ұлы ақыны Абай шығармаларын оқыта отырып, ұлтымыздың салт-дәстүрін, тілдік ерекшеліктерін жете меңгерту, олардың ой-өрісін, дүние-танымын кеңейту, мәнерлеп оқу мәдениетін қалыптастыру және өнерді сүйе білуге, ақынжандылыққа тәрбиелеу болып табылады. Оқырмандар ұлы ақынның өмір жолымен және шығармашылығымен танысып, «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Өлең сөздің патшасы» және тағы басқа өлеңдерін, қара сөздерін кітапхананың бір топ оқырмандары жатқа айтып берді. Сондай-ақ, бейнеролик арқылы Абай өмірі, қара сөздері тыңдалып, слайд көрсетілді.  Сонымен бірге, «Шаңырақ» тобы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Жас оқырмандарға Абай атамыз сияқты дара, дана бола біліңдер деген тілек айтылып, «Даналық дариясы» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

Бақыт САТАЕВА,
Көкшетау қалалық Станционный үлгілі кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар