Елдік іс
Көкшетаудағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Абылай ханның қара жолы» жобасы мен экспедициясының жетекшісі, ұлт қайраткері және жанашыры Мұрат қажы Ыдырысовтың құрастыруымен жарық көрген осы аттас кітаптың және «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Алдымен, аталмыш орталықтың ашылғаннан бері ұлт пен ел руханиятына үлес болып қосылатын осындай игі шараларды өткізудің де орталығына айналып келе жатқанын айта кету керек. Әсіресе, бұл күн сайын салауатты өмір салтын ұстанып, өздерінің денсаулығын нығайтпаққа және басқа да көңілдері қалаған түрлі үйірмелерге қатыспаққа осылай қарай ағылатын зейнет жасындағы қарттарымызға жақсы болып отыр.
Орталықтың акт залына жиналған осындай ардақты ардагерлеріміздің бір легі бұл жолы да Мұрат қажы Ыдырысов ағамыздың дуалы аузынан ұлы Абылай ханның өнегелі өмірі мен хандық, қайраткерлік қырларын зерттеп, бүгінгі және келешек ұрпаққа кеңінен таныту мақсатында қолға алынған экспедиция туралы толығырақ біле түсу мүмкіндігіне ие болды. Жиналғандар алдында сөз алған Мұрат қажы осымен бірнеше рет Ақмола облысынан тысқары жерлерге сапарға шыққан экспедицияның мақсат-мұраты жөнінде әңгімелей келе, сөзін әрі қарай:
Көкшетауда 48 жыл хан болған ұлы Абылайдың аяулы есімі мен қазақ елін бір мақсат, бір мүддеге біріктірудегі үлкен еңбегі қасиетті Түркістанмен де тығыз байланысты екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. 2020 жылы Жезқазғаннан Бетпақдаланы кесіп өттік те, әрі қарай Қыземшек, Жуантөбе, Шолаққорған, Созақ, Кентау арқылы Түркістанға келдік. Одан кейін тағы бір ойда болғаны, Абылай ханның жорық жолдары бар ғой. Онымен кейін шығысқа жол тарттық. Астанадан Ерейментау, Қарауыл, Семей, Зайсан, Аягөзден Алтынемелге келдік. Өйткені, ұлы Шоқан бабамыз да сол Алтынемелде жерленген. Сонда үлкен музейі бар. Қабіріне бүкіл балалық шағы өткен Сырымбеттен апарған топырағымызды салып жатқанда шайдай ап-ашық болып тұрған төбемізден кенет жаңбыр жауып қоя бергеніне таң қалмасқа амалымыз қалмады. Одан кейін Кенесарының қаза тапқан жеріне келіп, Көкшетау мен Хан елінен тас орнаттық. Бұл сапарымыз осымен аяқталса, одан әрі бір басталған мұндай іске Алла тағаланың өзі тағы жетелей береді екен. Келесі 2022 жылы Абылай, оның билері мен батырлары төңірегіндегі зерттеулерімізді одан әрі кеңейтіп, жеріне жеткізе түсу мақсатымен енді батысқа сапар шектік. Экспедициямыздың бұл сапарын Алтын Орданың 750 жылдығы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғандарына 100 жыл толуына арнадық. Бұл жолы Торғай, Ырғызбен жүріп отырып, Бейнеу, Ақтау, Атырау, Орал мен Ақтөбеге келдік. Орынбор да іргемізде тиіп тұрды. Бірер күн сонда аялдадық. Одан Қостанай арқылы елге жеттік. Бұдан кейін көздегеніміз сан заманды көрген шежірелі даласында қазағымызға қатысты да талай тарих жатқан Моңғолия жері еді. Алғашқы экспедицияларымызды «Абылай ханның қара жолы» деп атасақ, кейінгі экспедициямызға «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» деген атаумен аттандық. Жүрген сайын адамның көкірек көзі де ашыла береді. Бурабайдағы Абылай хан алаңынан шыққаннан Астана, Павлодар, Бийск, Таулы Алтай, Қосағаш, Бай-Өлке, осының бәрін басып өтіп, Моңғолияның астанасы Ұлан-Баторға да табанымыз тиді. Биіктігі 40 метр, салмағы 200 тонна Шыңғыс ханның ескерткішіне тәу еттік. Ерекше толқытып, қайта-қайта алақанымызбен аялатқызып, үлкен толғанысқа салған Күлтегіннің ескерткіші болды. Түркі қағанатын құрған біздің арғы ата-бабаларымыздың құдіреті мен қасиеті жанымызды осылай баурап алды. Солай Моңғолиядан әрі Улан-Удэ, Иркутск, Красноярск, Новосібір, Омбы арқылы өзіміздің сағынып аңсай түскен Көкшетауымызға оралдық. Осы экспедициялар барысында әу баста мақсат тұтқан ұлы Абылай бабамызға, өзге де біртуар ұлт ардақтыларына қатысты қаншама тарихи мұралар зерделенді. Міне, алдарыңызға алып келіп, өздеріңізге көзайым етіп таныстырып жатқан мынадай екі қомақты үлкен танымдық, тағылымдық кітаптар шығарылды. Әр жолы қаншама жолдар жүрілді, қаншама өткен замандардың тылсым сырлары ашылды. Мәселен, батысқа сапарымызда 15 күн ішінде 8560 шақырымды артқа тастаппыз. Қалған экспедицияларда да шыққан сапарларымыздың ұзақтығы бұдан артық болмаса, кем емес. Осы ел мұратын көздеген үлкен іске бір қауым ғалымдар, ұлт жанашырлары, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қызу ат салысты. Солардың бәріне өз атымнан, осы отырған сіздердің аттарыңыздан да мың алғыс десем, артық болмас. Енді моңғол жеріне жасалған соңғы сапарымыздан мына бір деректі фильмді тамашалайық, – деп сөзін аяқтаған Мұрат қажы ағамызға әрине, залда отырған көпшілік тарапынан ықылас-пейіл мен ризашылық та аз болмады.
Тұсаукесер рәсімінде экспедицияның аталған сапарларына көмек-қолдау көрсетумен келе жатқан бір топ ақмолалық азаматтарға, атап айтқанда, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры, қаламгер Бақыт Смағұлов, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Қуаныш Шақшақов, Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің бұрынғы директоры, әнші Кенжебай Мұқышевқа «Абылай ханның қара жолы» ескерткіш медалі тапсырылды.
Сөйтіп, ұлы Абылай бабамыздың есімі ұлықталған тартымды шара ардагерлер қауымын біраз тарихи, рухани-танымдық мағлұматтарға қанықтырып, өзіндік әсерімен есте қалды.
Қ.КӘКЕНОВ.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

