Тостаған

Қаз-қалпында

Кіре берістегі терезенің астында төңкеріліп жатыр екен. Көзіме оттай басылды. Баяғыда жарықтық әжем шаң жұқтырмай, тап-таза шүберекпен сүртіп, көзінің қарашығындай сақтайтын дүние. Бұл күнде ешкімге керегі жоқ сыңайлы.

Сәлем беріп табалдырықтан аттағанбыз. Құшақ жая қарсы алды. Немере ағамның шаңырағы. Шайға отырдық. Бұл күнде ауыл бақуатты. Ерінбей жұмыс істегендерінің еңсесі биік. Үй іші, жиһазы, ыдыс-аяғы тегіс жаңарған. Жиегі алтын түстес бояумен әрленген шай кесе. Өзге ыдыстары да жарқырай жайнап тұр. Ал, мен әжемнің көзіндей болып көрінетін, бұл күнде жиектері сынып, өңі қашқан ағаш тостағанмен ішкім келгені. Бала күнімізде әжем ескі естелігін жыр қылып айтатын. Ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда паналайтын жер іздеп біздің әулет ішке көшсе керек. Біздің жақтың адамдары іш деп Сібірдің қалың орманын, Омбы, Қорғанның маңайын айтады. Неге іш деп атайтындығын әлі күнге дейін түсінбеймін. Аласапыран сәл тиышталған соң елге қайтқан. Түгел, тайлы-таяғымен. Жаз ортасы ауа атажұртқа жетсе керек. Үй салып үлгермеген. Саман кірпіштен қалқайтып жертөле салыпты. Екі бөлмелі. Екі бөлмелісі әншейін сөз, анығында бір бөлме, ортасы пешпен бөлінген. Бергі жағында ас-су, киім-кешегі. Үлкен бөлмеде төрт отбасы жайғасқан. Үлкендермен қоса шүпірлеген қызыл қарын жас бала. Әжем айтатын, сол кезде бір шың еткен дыбыс жоқ. Ынтымақ, бірлік. Бүтін бидайды бөліп, жарты бидайды жарып жеген. Осы тостағанмен өлшейтін едім дейтін біздің кейуана. Сол сәтте менің көзіме әжемнің уысына сыйып кететін кішкентай тостағанның ішінде жарым дүниенің берекесі шүпілдеп толық тұрған көрінетін.

Тостағанға қарап отырып есіме жамағайын Жәдігердің басындағы хәл түскен. Өзі алыс та емес, көрші тұрады. Екі қабатты коттедж үйде. Түнеу күні кенже баласы бөлек шығайын деп жатқандығын айтып, ренжіп отыр еді. Бір үйде төрт-ақ жан. Жәдігер мен жеңгем, баласы мен келіні. Болды, бітті. Келіннің қабағына қарап кісі аяғы да тиылған. Бұрынғы береке бөккен ауылдың тірлігін жастар біле бермейді. Екі қабатты үйге сыймай отырған себебі, бүгінгі жастар бұрынғының бейнесін көрмеген. Әжемнен қалған тостағанды апарып бермек болдым. Аңыз, аңыз емес шындық естелігімен бірге. Бәлкім, түсінер.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар