Қажырлы еңбектің абыройлы айшықтары

3 тамыз – Темір жол көлігі қызметкерлері күні

 «Достар» мәдениет сарайында өткен Темір жол көлігі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов қатысып, үздік темір жолшылар мен сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хаттарын тапсырды. Темір жол қай елдің болсын экономикалық дамуына зор үлесін қосатын маңызды сала.

Ірі қалалар мен ауылдарды, аймақтар мен облыстарды байланыстырып отырған осы сала – халыққа қызмет етудің айқын үлгісін көрсетіп келеді.

Жалпы, елімізде енді Темір жол көлігі қызметкерлері күні бөлек атап өтілетін болады. Биылдан бастап мереке тамыздың бірінші жексенбісінде тойланады. Осыған дейін сала өкілдері кәсіби мерекелерін Көлік қызметкерлері күні аясында атап өтетін. Қазақстан темір жолы компаниясы өкілдерінің айтуынша, мерекені қайтаруға ардагер теміржолшылар бастамашылық еткен.

Темір жол отандық экономиканың негізгі стратегиялық салалардың бірі. «Қазақтан Темір жолы» Орта Азия елдері арасында ең ірі логистикалық  хаб болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға қарай елдің темір жол жүйесін жоғары жылдамдықты, цифрландырылған және халықаралық дәліздермен қамтыған инфрақұрылымға негіздеу міндетін қойды. Ол өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз келесі ұрпаққа жоғары деңгейдегі автомобиль және теміржол магистральдарын, тиімді жұмыс істейтін аэрохабтарды, темір жол вокзалдарын, теңіз порттарын қалдыруымыз керек» деп атап өткен болатын, – дей келе, Елдос Рамазанов Ақмола облысы аумағында өз қызметтерін жүзеге асырып жатқан «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының бөлімшелеріне тоқталды.

Оның айтуынша, жүк тасымалы саласында темір жолдың үлесі 80 пайызды құрап отыр. «Қазақстан темір жолының» қызметін жылына 20 миллион жолаушы пайдаланады. Ақмола облысы арқылы көмір, жанар-жағар май, түрлі-түсті металл, қиыршық тас, астық және тағы басқа жүк түрлері тасымалданады.

– Біздің облыс ең негізгі астықты аймақтардың бірі болып табылады. Облыста былтыр жиналған 6,5 миллион тонна астықтың, 4,5 миллион тоннасы темір жолдың жүк тасымалы қызметі арқылы тиісті жерлерге жеткізілді. Біз астықты темір жол қызметі арқылы Орта Азия елдеріне, Ауғаныстан, Қытай секілді қиыр шығыс мемлекеттеріне экспорттаймыз. Сала бір орында тұрмайды, жыл сайын жаңарып, заманауи цифрлық технологиялар енгізілуде, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Биыл еліміз бойынша вокзалдарды модернизациялауға тапсырма беріліп,  120-дан астам вокзал жаңғыртылады. Ақмола облысында 16 вокзал мен олардың аумақтарын абаттандыру жұмыстары басталып кетті. Жаңғырту жұмыстары ағымдағы жылдың соңына қарай аяқталды.

Бұдан әрі облыс әкімінің бірінші орынбасары бір топ теміржолшыларды көп жылғы ерен еңбегі, темір жол саласына қосқан елеулі үлесі үшін және кәсіби мереке – Темір жол көлігі қызметкерлері күніне орай, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Құрметті темір жолшы» төсбелгісімен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Айтулы марапатқа лайықты деп танылғандар арасында компанияның «Ақмола Жүк тасымалы бөлімшесі» филиалы Нұрлы жол станциясының бастығы Самат Құрбанов, «Ақмола магистральдық желі бөлімшесі» филиалының аға өрт сөндірушісі Тұяқ Смағұлов, Бурабай курорты  рельс дәнекерлеу кәсіпорнының өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Владимир Серый бар.

Бұдан әрі салтанатты шарада «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ  – Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақмола  филиалының директоры Саят Бекенов, Ақмола магистральдық желі бөлімшесінің директоры Артур Қизатов, «Қазақстан темір жол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының аймақтық  ардагерлері кеңесінің төрағасы Серік Сүлейменов сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Саладағы жетістіктер мен алда тұрған міндеттер туралы баяндады және үздік теміржолшыларға ұлттық компанияның Құрмет грамоталары мен марапаттарын үлестірді.

Компанияның «Адал еңбегі үшін» төсбелгісі «Ақмола Жүк тасымалы  бөлімшесінің» филиалы Нұрлыжол станциясының жетекші инженер-технологы Сәуле Есләмованың, «Ақмола  Жүк тасымалы бөлімшесі» филиалы кірме жолдары бөлімінің бастығы Қайрат Ұтқановтың, Жалтыр станциясының теміржол станциясы бойынша  кезекшісі Азамат Мырзабаевтың кеудесіне тағылды. Сол сияқты,«Ақмола магистральдық желі бөлімшесі» филиалының Атбасар жол дистанциясының жол шебері Қуат Сауғымбаев «Үздік жол шебері», Жаңаесіл электрмен жабдықтау дистанциясы Жаңаесіл түйіспе желісі аумағының бастығы Асылбек Құлманов «Үздік энергетик» атақтарына ие болды.

Салтанатты шара соңында әсем ән мен күміс күйден шашу шашылды.

Р.АХМЕТҚАЛИЕВА.

Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар