3 ТАМЫЗ – ТЕМІР ЖОЛ КӨЛІГІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ
Көкшетаутемір жол вокзалы қайта жаңартылуда
Қазақ мемлекетінің тарихында өзінің бай мәдениетімен, тұмса табиғатымен ерекшеленетін көрікті шаһарлардың бірі Көкшетау қаласы. Ал, осы көрікті Көкшені аңсап жеткендердің басым көпшілігі әрі қарай да діттеген жеріне жету үшін алдымен осы қала қақпасы – теміржол вокзалына аялдайтыны анық.
Бар қазақтың Көкшесіне айналған Көкшетаудың сәулетті де, дәулетті ғимараттарымен қатар, көз тартарлық мәдени-қоғамдық орындары да жыл санап артып келеді. Олардың қатарында құрылысы сонау 1917 жылдан бастау алатын Көкшетау теміржол вокзалының тарихы туралы архив деректері былай дейді.
Сол жылдары қаланың ірі өнеркәсіптік аймақтармен көлік байланысының жоқтығынан Петропавл-Көкшетау бағыты бойынша теміржол салу қажеттілігі туып, кейін дереу осы мәселе туралы Қаулы қабылданады. Сөйтіп, Көкшетау-1 станциясының алғашқы ғимараты 1922 жылы салынып, осы жылдың 2 маусымында ресми түрде ашылады.
Содан соң, қазіргі вокзал ғимараты сол кездегі облыс басшысы, халқымыздың біртуар перзенті, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековтің бастамасымен 1981 жылы кеңестік модернизм стилінде қайта салынып, пайдалануға берілді. Осылайша, су жаңа темір жолдармен жүйіткіген пойыздар жолаушыларды еліміздің өзге де қалаларына жеткізіп, аймақтың экономикалық әлеуеті арта түсті. Вокзал жобасын В.Үтебеков бастаған сәулетшілер мен инженерлер В.Миронцев, Н.Склюева, Э.Ким және бас жобалаушы инженер А.Беляев жүзеге асырды. Жаңа вокзалдың салтанатты ашылу рәсімі 1981 жылдың 10 тамызында өтті.
Көкшетау вокзалының алаңындағы сағаты бар биік бағана бүгінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан басты архитектуралық элемент болып табылады. Ал, бүгінде уақыттар тоғысында тоғыз жолдың торабына айналған Көкшетау станциясы жолаушыларды да, жүктерді де тасымалдаумен айналысады. Бұл станция «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Ақмола бөлімшесіндегі басты бекет болып саналады. Вокзал ғимараты салынған уақыттан бастап Көкшетау станциясының стратегиялық маңызы зор нысаны болды.
Бүгінде Көкшетау қаласының қақпасы дерлік теміржол вокзалының жалпы ауданы 9007,2 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 200 орынға лайықталған. Бір тәулікте шамамен 2011 адам осы жерден өз бағытына пойыздармен аттанып кетеді. Ол пойыздар Көкшетаудан Астана, Қарағанды, Петропавл, Алматы, Қызылорда, Шымкент және еліміздің өзге де қалаларына қатынайды. Сондай-ақ, Ресей мен Беларусь Республикасының ірі қалаларымен де теміржол қатынасы бар. Станция арқылы 32 пойыз, оның ішінде 3 жұп халықаралық пойыз, 20 алыс бағыттағы пойыз, 2 жұп электр пойызы және 1 жұп қала маңы пойызы өтеді. Осы вокзалда тәулігіне жиырмадан астам пойыз аялдайды.
2025 жылдың 12 сәуірінде Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен теміржол вокзалдарын жаңғырту және қайта құру жобасы аясында Көкшетау вокзалында ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Осыған орай, алдымен, вокзалдың сәулеттік стилін таңдауға қатысты тұрғындар арасында әлеуметтік желі арқылы дауыс беру жүргізілді. Облыс орталығының теміржол вокзалының дизайнын таңдау бойынша дауыс беру Ақмола облысы әкімдігінің ресми парақшасында жарияланды. Жаңа вокзалдың екі нұсқасы ұсынылып, басым дауыс жинаған екінші дизайн бойынша ұлттық компания конкурс жариялап, жөндеу жұмыстарымен айналысатын мердігерді анықтады.
Біз өз кезегімізде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы – «Темір жол шаруашылығын жаңғырту дирекциясы» филиалының «Солтүстік» басқармасының басшысы Марат Әубәкіровпен тілдесіп, бүгінде вокзал ғимараттары мен оның аумағына жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар жөнінде сұрап білдік. Басқарма басшысы жөндеу жұмыстары аяқталған соң, өткен ғасырда салынған ғимарат қазіргі заман талабына сай толық жаңартылып, заманауи стандарттарға қарай бейімделетінін жеткізді. Вокзал маңында бүгінде жұмыс қыза түскен. Жобаға тапсырыс беруші біз атаған филиал. Құрылыс-монтаж жұмыстарын шартқа сәйкес «Жарқын Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Ал, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеген «РЕМВИКТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Бүгінде бұзылған ескі нысанның қабырғаларын қайта жаңартып, едендерін төсеу және ішкі әрлеу жұмыстары басталған. Қажетті құрылыс материалдары толық сатып алынып, нысанға жеткізілуде. Бұл жаңарту жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
–Көкшетау вокзалына жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарына отандық өндірісте жасалған құрылыс материалдарын пайдалану жобаның басты шарттарының бірі болып отыр,– дейді Марат Әубәкіров. – Бұл қадам ішкі нарықты қолдауға, қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және құрылыс үдерісінің жергілікті мазмұнын молайтуға бағытталған. Вокзал шаруашылығын жаңғырту аясында ғимаратты қайта қалпына келтірумен қатар, вокзал маңындағы аумақты абаттандыру, инженерлік-коммуникациялық желілерді толық ауыстыру көзделген. Жаңғыртудан кейін вокзалдың жолаушыларға қызмет ету әлеуеті арта түсіп, заманауи күту залдары, жоғары жылдамдықтағы интернет, ақпараттық панельдер мен қосымша сервистер пайда болады деп күтілуде.
Жобаның басты мақсаты жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау. Осыған орай, өртке қарсы, антитеррористік және санитарлық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Медициналық пункттер мен санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, әжетханалар салынады. XXI ғасырдың технологиялары енгізіліп, жаңа тамақтану орындары, жүк сақтау камералары мен демалыс бөлмелері ашылады. Сонымен қатар, ана мен бала бөлмелері жабдықталып, ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған қызмет түрлері кеңейтіледі, намазхана бөлмелері де қарастырылған.
Бұған дейін облыс әкімі Марат Ахметжановтың Көкшетау қаласындағы салынып жатқан нысандарды аралап, көруі барысында Ақмола облысында барлығы 16 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылатыны айтылып еді. Аймақ басшысы 2025 жылдың соңына дейін облыс орталығы Көкшетау қаласымен қатар, Щучинск, Макинск, Атбасар, Ақкөл, Есіл, Ерейментау, Державинск қалаларындағы, сондай-ақ, Жақсы, Жалтыр, Аршалы, Шортанды, Никольское, Еркіншілік, Сарыоба және Үленті ауылдарындағы вокзалдар толықтай жаңартылып, сонымен қатар, вокзал маңындағы аумақтар да абаттандырылып, барлық алаңдар бірыңғай сәулет стилінде безендірілетінін жеткізген болатын.
–Темір жол вокзалы қалаға келген адам бірінші аялдайтын орын. Сондықтан, ол заманауи әрі қауіпсіз және барлық адамға, жолаушыларға, қызметкерлерге, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуы тиіс. Біз бұл жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауымыз қажет. Сондай-ақ, вокзал заманауи үлгіде болуы тиіс, бірақ, сонымен бірге, өзінің сәулеттік тұтастығын да сақтауы керек. Сонымен бірге, бұл облыс әкімдігі, Көлік министрлігі және «Қазақстан Темір жолы» акционерлік қоғамының алғашқы бірлескен жобасы, – деп атап көрсеткен болатын аймақ басшысы сол жолы.
Көкшетау теміржол вокзалының бастығы Роза Арыстанқызының айтуынша, бүгінде вокзал аумағы жөндеу жұмыстарына байланысты астан-кестен болып жатқанына қарамастан, жолаушыларға билет сату, оларды күтіп алып, аттандыру жұмысы қалыпты штаттық режимде жүргізілуде. Осы кезеңде перронға жолаушыларды жеткізу үшін екі автобус ұйымдастырылып, вокзал жұмысы уақытша жақын маңдағы автовокзал ғимаратына көшірілген.
–Барлық бағыттарға пойыздар уақытылы қатынап жатыр. Жөндеу жұмыстары вокзал жұмысына, әрине, кедергісін келтіреді. Бірақ, бұл уақытша. Сондықтан, жолаушыларымыздан түсіністік танытып, сәл шыдай тұруын өтінеміз, – дейді Роза Арыстанқызымен тілдескенімізде. – Жалпы, Көкшетау темір жолына арналған бұл ауқымды жоба теміржол инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуды, тасымалдың тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруды және цифрлық технологияларды енгізуді көздейді. Оған қоса, интеллектуалды қозғалыс жүйелері, жүк тасымалын брондау және бақылау жүйелерінің автоматтандырылған нұсқалары да енгізіледі.
Осылайша Көкшетау темір жол вокзалы облыс орталығының бет-бейнесі, келген қонақтардың алғашқы әсер алатын маңызды орны болғандықтан, кейінгі жылдары, әсіресе, оның ішкі жағының ескіріңкіреп, уақыт талабынан қалып бара жатқанын көріп, көңіл сәл-пәл түсіп қалушы еді. Енді бұйыртса, жаңарған, жасарған вокзал тек жан жадыратады деген ойдамыз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: 1981 жылғы вокзал көрінісі; биыл жаңартылған вокзалдың макеті.
![]()

