Туған жер
Ғасырлар бойы тылсым сырды қойнауына бөккен, көне тарихтың көмбесі іспетті Кеңөткел қорымы айрықша маңызды тарихи жер болып саналады. Ол жерде археологиялық мәні зор 200-ден астам қорғандар мен қорымдар орналасқан.
Сонау мезолит дәуірінен бастап орта ғасырға дейін жылға тартатын көне қоныстар, әрқилы қорғандар мен топырақтан тұрғызылған бейіттер, жекелеген жерлеу орындары қаншама. Қазақ халқының көне тарихының куәсі дерлік жартастардағы күн қақты болған суреттер, тілсіз тас мүсіндер, ескі қорғандар, ата-бабамыздың көне қыстаулары мен қоныстары, әртүрлі обалар талай-талай ұрпақтың өмірі мен тұрмысынан шым-шымдап сыр шертеді.
2025 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Кеңөткел ауылының маңында қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстары екі бағытта өрбіді. Сөйтіп, Кеңөткел қонысында қазба жұмыстары қайта жалғасып, барлық аумағы 135 шаршы метр болатын алаңнан қыш ыдыстардың бөліктері, жануар сүйектері мен тас құралдар табылды.
Ерте темір дәуірінің үш жерлеу кешеніне қазба жұмыстары жүргізілді. Нысан атауы – Кенжебай қорымы. Бірінші, екінші обалардан жерлеу шұңқыры табылып, тоналмаған адам сүйегі шықты. Заттай материалдардан бірінші обадан қола айна, құрбандық ыдыс, темір пышақ шықты. Екінші обада адам сүйегінің бел тұсынан қола белбеу бөліктері шықты. Үшінші оба кенотаф түрінде берілді, жерлеу шұңқыры жоқ. Бұл деректер жөнінде Қазақстан Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Дүйсенбай Даниярдың әңгімесін тыңдап, мағлұматтарды осы кісіден алдым. Ол зерттеудің толық нәтижелері талдаулардан кейін толықтай жарық көретінін айтты.
Жыл сайын археологиялық экспедицияға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің, А.Мырзахметов атындағы университетінің студенттері, облыс орталығындағы білім ошақтарынан оқушылары қатысады. Зерттеу жүргізіп жүрген тарихшыларымыз, ғылыми қызметкерлеріміздің айтуынша, тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері. Ескерткіштер әрбір елдің төл тарихы мен өткенінен сыр шертетін ұлттық байлығы. Сол арқылы келешек ұрпаққа тәлімді тәрбие берудің маңызы өте зор.
Бір өкініштісі, даламыздағы тарихи-мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтауға мән бере бермейміз. Кей ескерткіштер маңайдағы ауылдарға дала жолдары түскен кезде қиратылған. Ал, Қошқарбай қорымы Айдарлы мен Қошқарбай ауылы дамып, өрбігенде бүлдірілген екен. Кеңөткел XVIII қорымы мал жайылымына айналған. Міне, осылайша есте жоқ ескі кезеңнен қалған қаншама ескерткіш, баға жетпес рухани, тарихи байлық жойылып кетудің алдында тұр. Бағзы заманнан бері сақталып келе жатқан мәдени мұраны қорғау – қазіргі және келер ұрпақ үшін міндет. Әрі ата-бабамыздың аманаты іспеттес деп тұжырымдаймын.
Бақшагүл МҰХАМЕТЖАНОВА,
Кеңөткел ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
Зеренді ауданы.
Суреттер Қазақстан Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Дүйсенбай Даниярдың архивінен алынған.
![]()

