Тар қапаста сағы сынбаған

Екінші дүниежүзілік соғыста ел үшін шыбын жанын аянбаған майдангерлеріміздің арасынан бүгін біздің арнайы тоқталғымыз келіп отырған кейіпкеріміз Көлбай Құдайбергенов жау қолына тұтқынға түсіп, одан орыс серігі екеуі әупірімдеп қашып шығып, аман-есен кеңес әскерлеріне өткен.

Бірақ, өткені не керек, біздің жақ сұрақтан сұрақтың астына алып, ақыры, өзінің шын мәнінде тұтқынға амалсыздан түскендігін дәлелдеп, сол айыбын айып батальонында жуған. Онымен қоймай, екінің бірі ғана аман қалатын алдыңғы қатардағы жауған оқтан құдайым сақтап, қайтадан әдеттегі әскери бөлімде одан әрі қызметін жалғастырып, кезекті ұрыстардың бірінде өжеттігі мен батырлығы үшін «Ерлігі үшін» медаліне ие болады.

Ал, тұтқынға түскенін қарт жауынгердің өзі көзі тірісінде былай еске алатын еді. Командирлерінің «Отан үшін алға!» деген бұйрығы естілісімен, блиндаждан өзге жауынгерлермен бірге тік көтеріліп, алға ұмтылған Көлбайдың бар есінде қалғаны жанына түскен бомбаның қатты жарылысы еді. Топырағы аспанға көтеріліп шашырағанда, өзі де анадай жерге қалпақтай ұшып, жер жастанып құлағанын біледі. Одан арғысы есінде жоқ. Арада қанша уақыт өткені белгісіз, ыңырсып, көзін ашса, тұтқынға алған неміс солдаттары екі қолынан қысып ұстап, өздерімен бірге сүйреп барады екен. Солай өзі сияқты тұтқындар қамалған бір үлкен орамның ішіне әкеп тастағандарын ғана біледі. Осы арада басының қара қазандай ауырлап, қорғасын құйып тастағандай күйде жатқанына қарағанда, ауыр контузия алған секілді. Осылай бірнеше күн бойы тұралап, өз-өзіне әзер келген Көлбайдың бақытына немістердің қоршау ішіндегі бұлармен тақа жұмыстары болмай, әлдеқандай бір асығыс кейіппен жан ұшырып, анда-мында жоғалып кететіндері ғана жақсы болғанын айтып отыратын.

Алайда, күзеті нық бұл уақытша жағдай да көпке бармай, өзі және жанындағы тағдырлары бір кеңес жауынгерлерінің бәрі Германиядағы майдан шебіне жақын концлагерьлердің біріне тоғытылды. Бұл арада ептеп ес жинаған Көлбай Құдайбергенов тек тұтқыннан қашып, біздің әскерлерге қосылуды ғана ойлады. Күні-түні осы оймен ғана болған Көлбайдың бұл ойы дәл өзіндей орыс жігітінің ойлағанымен де бір шыққаны осы арман-аңсарын одан әрі ұштаған үстіне ұштай түскен-ді. Бірақ, қалай қашып шығарсың? Жан-жақтарынан мұздай құрсанған қарулы күзет пен неміс фашистерінің шектен асқан озбырлығы шырмап, тұсаулап тұрғанда, оның жолын табу өте қиын болатын. Осылай тар қапаста бір ғана ойдың ұшығымен жүргендеріне, сонымен таң атырып, күн батырғандарына бақандай тоғыз ай өтеді. Ақыры, бір күні оның да сәтін салып, бұларды темір жол станциясының тұйық бір бұрышында тұрған составтың жүгін түсіруге жібереді.

Міне, тәніңді қаусатқан, жаныңды ойсыратқан тұтқыннан қашудың сәті осы. Жалғыз мүмкіндіктің өзі болар бұл. Одан бір амал таппасаң, басың осы қапасқа әрі байланғаны. Соны ептеп жанындағы серігіне сездіріп еді, оның да ойлағаны сол екен. Сөйтіп, сол күні кештің түсуін күтіп, құдайдан лагерьге ертерек қозғалмауларын тілеп, енді сәті келді-ау дегенде екеуі қарауылдың көзін ала бере, жалт бере сытылып, вагонның астымен жүректері ауыздарына тығыла таса-тасаға лап қойды. Содан бастапқыда байқамады ма, перроннан әрі ұзағанда барып, атқақтап, ауыздарына тығылған жүректерін тоқтатып, қуғыншы болмай қоймайтынын сезген күйлері қараңғыға сіңіп кетті…

Ақыры, қалай құтылғандарына өздері де сенбегенімен, күнді түнге, түнді күнге ұластырып, майдан шебіне, өз әскерлерімізге де лекті. Бірақ, мұның соңы немен тынғанын жоғарыда айттық. Дегенмен, басынан айып батальонындағы тура келер ажалға тік қараған Көлбайды сол ажалдан періштелері қаққан болуы керек, бұл жолы да өзіне төніп тұрған тікелей қатерден аман қалды. Оның аяғы осы ұрыста өзін ақтап алған Көлбайдың қайтадан көзі үйренген әскери сапта өз ерлігімен командирлерін риза етуіне әкеліп, бір-ақ тіреген еді.

Жау дзотынан үздіксіз ажал оғын төге түскен пулеметтің үнін өшіру басты көтеруге мұрша жоқ бөлім жауынгерлерінің алдарында тұрған шұғыл міндеттің ең ауыры еді. Бәріне де шыбын жан керек, ешкім дауалай қоймаған. Сол кезде амбразураны көздеп, қолындағы гранатасын лақтырып қалған Көлбай оны жоқ қыла алмаса да, кеудесі ыза-кекке толы кескінімен ретін тауып, осы әрекетін тағы бір қайталауға мықтап бекінген кейіпте еді. Бірақ, сол кезде аяғына бір нәрсенің болғанын сезіп, біртүрлі әлі құри берді. Мұның соңы госпитальдан бір-ақ шығарып, емделіп, өз әскери бөліміне қосылғанымен, сол жолғы шыбын жанын шүберекке түйіп, жау дзотын жоймақ болған батылдығы командирлер есінен шықпай жүрген болуы керек, жарасы ескеріліп, күтпеген жерден туған жеріне қысқа мерзімді демалысқа барып келуіне мұрсат берілді.

Солай қуанышпен елге жеткенде, жау қолына түсіп, концлагерьде өткізген жылға жуық уақыты бұл жақта да ізсіз өтпей, «Көлбай Құдайбергенов кезекті ұрыстардың бірінде хабарсыз кетті» деген қара қағаздан кейін үй іші мен ағайын-туыстары мұны өлдіге санап, жылын да өткізуге дайындалып жатыр екен. Ата-анасы, ел-жұртын осылай қуантып, көп кешікпей қайта майданға аттанған 35-тердегі ержүрек жігіт содан Ресей, Беларуссия, Украина және Молдавия жерлерін зұлым жаудан тазартысып, соғысты сонау Австрия елінде аяқтады. Осы екі аралықта талай батылдығымен көзге түсіп, Жоғары Бас Қолбасшының бірнеше алғысын алды. Жауды біржола жеңіп елге оралғанда, кеудесіндегі бұрынғы «Ерлігі үшін» медаліне тағы басқа наградалары да қосылып, көптің назарын осымен-ақ аударатындай жағдайда еді.

Осылайша Көлбай Құдайбергеновтың сол бір қанды майдан жорықтарынан кейінгі өмірі де сәтті жалғасын тауып, Көкшетау механикалық зауытында күзет бөліміне жетекшілік етті. Әрине, кез-келген майдангер сияқты бұл ағамыздың да жадынан неше жылдар сол бір соғыс өрті өше қойған жоқ. Бір сапта болып, Отан үшін жандарын пида еткен қаруластарын есіне алғанда, өзімен бірге тар қапастан сытылып шығып, айып батальонындағы бетпе-бет теке-тіресте жау оғынан аман қала алмаған Иван серігін де жиі еске алып, тағдырдың солай жазғанына бір налып қалатын.

Жан жары, Қошқарбай елінің қызы Бәтеш апаймен алты бала тәрбиелеп өсіріп, өзінің сол бір ертеңгі күннен күдер үзбеген ерік-жігерімен мына өмірдің біраз қызық-қуанышын көрген Көлбай ағаның жақсы жолын бұл күнде ұрпақтары жалғастыруда. Ең үлкен балалары Зейниғарап Астана қаласында тұрады. Өмір бойы банк саласында қызмет атқарып, бүгінде 92 жастың да тұғырынан көрініп отырған жайы бар. Екінші балалары Ғосман Қарағанды политехникалық институтын бітіріп, 25 жыл бойы бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданының «Абай» кеңшарында прораб болды. Осы ауылдың жаңадан бой көтерген қаншама үйлері, әлеуметтік-өндірістік ғимараттары осы бір өз ісін білген білікті жанның қолынан өтті. Ғосман ағамыздың Ғалы, Әли бауырлары да бірі жүргізуші, бірі Ұлттық банк қызметкері ретінде еліне хал-қадірінше адал қызмет еткен жандар дегіміз келеді.

Осы күні әлеуметтік желілердегі көптеген сайттар арқылы кешегі майдангер аталарымыздың талай ерліктері мен жауынгерлік жолдары және бір жалғанның жарығына шығып жатқаны қуантпай қоймайды. Онда соғысқа дейін Атбасар ауданының «Құрамыс» колхозының колхозшысы болған, 1910 жылы туған Көлбай Құдайбергеновтың да 1941 жылы Көкшетау аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, әуелде 659, кейін 481 атқыштар полкының құрамында зұлым жаумен ерлерше шайқасқаны Днепрді алу, Балатон көлін қорғау ұрыстарына қатысқаны айтылады. Ал, ұлы Жеңісті 1945 жылдың 8 мамырында Австрия тауларында неміс фашист қалдықтарын жою операциясына қатысып жүріп қарсы алғаны сол отты күндердің тағы бір назар аударарлық дерегі.

Міне, осындай өнегелі өмір жолынан өткен Көлбай атамыз Көкшетау қаласындағы қырық үйлі Алтай руының көзі тірісінде ел сыйлаған текті азаматтарының бірі еді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығында да аяулы есімі ұмытылмай, газет бетінде тағы бір жаңғыруын жөн көрдік.

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар