Жолың болсын, жолаушы!
Облыс орталығында жолаушылар тасымалымен бүгінде «Көкшетау» автобус паркі» мен «СейНұр» фирмасы» серіктестіктері айналысады. Көлік қызметкерлері күні қарсаңында біз «СейНұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ұжымның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі өтпелі кезеңде қаладағы қаншама ғимараттар бірталай жандардың иелігіне өтіп, жекешелендіріле бастады. Көкшенің сыйлы азаматтарының бірегейі болған Абай Халитұлы Сейдалин сондай ауыр жылдарды басынан өткере жүріп, 1998 жылы қазіргі «СейНұр» фирмасы» орналасқан аумақты өз қарамағына алып, автобус және такси паркін әрі дамытып, серіктестіктің негізін қалайды. Бүгінде іскер азамат, марқұм Абай Халитұлының бастап кеткен еңбек жолын оның зайыбы Райхан Зейноллақызы мен ұлы, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан Абайұлы лайықты жалғастырып келеді. Биыл Райхан Сейдалинаның бұл серіктестікті қолға алып, басқарып, оның даму жолына еңбек сіңіріп келе жатқанына 15 жыл болып отыр.
– Абекең фирма ашқанда мұндағы автобустардың барлығы тозығы жеткен ескі көліктер еді. Сол кезде қомақты көлемде кредит алып, 10 жаңа автобус сатып алды. Кейін кәсібін ілгерілеп, автобустарды біртіндеп жаңарта берді. Десе де, техника болған соң, ол да ескіреді ғой. Солардың өзі тозды. Қазір кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан түрлі қолдау бағдарламалары бар ғой. Бізге де мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қолдау көрсетіліп, 2020 жылы 20 Ютонг сатып алдық. Қазір автопарктің бірталай автобустары жаңартылған, –дейді Райхан Зейноллақызы.
Фирманың иелігінде бұрын Газельдер де болған. Жаңа заман талаптарына сай, оларды жүргізуге тыйым салынғалы бірқатарын белгілі бір мекемелерге сыйға тартса, біразын сатып жіберген. Тіпті, Абай Халитұлы фирманың ескірген автобустарын да сатпай, жетімдер үйі секілді әлеуметтік мекемелерге таратып жіберіп отырыпты.
– Кезінде Абай Халитұлы басқарған уақытта «СейНұр» қалада дүркіреп тұрған кәсіпорын еді. Әрі өзі Көкшетау қалалық мәслихатына екі шақырылымның депутаты болды ғой, күн сайын қабылдауға қала тұрғындарынан бастап, әртүрлі мекеме қызметкерлері мен басшылары түрлі көмек, қаржылай қолдау секілді өтініштерімен келетін. Сонда бір таң қалатыным, ол ешкімнің бетін қайтармай, қолынан келгенше әрқайсысына көмек беруге тырысатын. Сонда қолы ашық болғаны соншалық, кейбір автобустарды мешіт, драма театр, балалар үйлері тәрізді мекемелерге берді. Сол кездің өзінде үлкен меценат болды, –дейді Р.Сейдалина.
Өндірістік кешен базасында шанақ цехы, қозғалтқыштарды жөндеу цехы, агрегаттық, механикалық цех, электр цехы, токарлық цех, аккумуляторлық цех, дәнекерлеу цехы, диагностика посты, техникалық қызмет көрсететін екі бекет, автобустарды жуу орны, көлікке арналған жылы тұрақтар бар. Сонымен бірге, екі қабатты кеңсе ғимараты жұмыс істейді.
Жолаушыларды тасымалдау қызметінен басқа, кәсіпорын қосымша қызметтерді де көрсетуге қауқарлы. Мәселен, автомобильдерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету, кәсіпорын аумағын көлік құралдарының тұрағына беру, автомобильдерді боксқа қою сияқты қызметтерді де ұсынатын көрінеді.
Қала тұрғындарын шаһар ішінде тасымалдаумен айналысатын «СейНұр» фирмасы» серіктестігінің автобустары біркелкі безендірілген, «Көкшетау» автобус паркінің көліктерінен ерекшелеу үшін төбесі қызыл түспен боялған. Оны кез келген тұрғын байқаған да болар. СейНұрлықтар № 4; 6; 7; 8; 19; 21; 22; 32; 34 және бұрынғы «Тұлпар» фирмасының 21 мен 37 деп белгіленген бағыттары бойынша үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуде. Автобустар таңғы 7.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін жолаушыларды тасымалдайды. Паркте 38 автобус жолаушылар тасымалын жүзеге асырады, оның 20-сы Ютонгтар, 10-ы ақ түсті кішірек ПАЗ, 1-еуі Сетра, тағы 1-еуі Нефаз, қалғаны ескі ПАЗ автобустары, 10 автобустың тозығы жеткен көрінеді. Серіктестік басшыларының айтуына қарағанда, алдағы уақытта тағы да біршама жаңа автокөліктер парк базасын толықтыра түспекші.
Бұл кәсіпорында жетістіктермен қатар, шешімін күткен мәселелер де бар екендігін көрсетеді.
–Автобус паркінің негізгі жүргізушілер құрамы Кеңес дәуірінен бергі тәжірибесі бар кадрлардан тұрады және жыл сайын олардың саны азайып келеді. Мәселен, жасы келген жүргізушілер зейнет демалысына кетеді. Ал, жастар автобустарға жүргізуші болып келе бермейді, сондықтан, босап жатқан бос жұмыс орындарын толтыру қиынға соғуда. Бұл біздің фирмадағы ғана мәселе емес, жалпы қала бойынша қалыптасқан жағдай. Жастар жүргізуші болғылары келмейді, келсе де көп шыдамай кетіп қалып жатады. Бұрын паркте 100 жүргізушіге дейін болған, қазіргі уақытта олардың саны 60-қа да жетпейді. Пандемияның тұсында 6 жүргізушімізден айырылып қалдық. Оларды осы жаман ауру мезгілсіз алып кетті, –дей келе Райхан Сейдалина жүргізушілер мен кондукторлардың жұмыс кестесіне тоқталды. Автобустар сағат 7.00-де өз бағыттары бойынша жолға шықса да, оның жүргізушілері мен кондукторлары таңғы 5.00-ден бастап паркке келе бастайды. Осы уақыттан бастап, кешкі 22.00-ге дейін жүру олардың денсаулығына әсер етпей қоймайды. Сондықтан да, жастар жағы бұл жұмысқа келгілері келмейді. Сонымен бірге, қазіргі уақытта автобус жүргізушілері Д санатындағы көлік жүргізу құқығын алу үшін тым болмағанда 3 жыл Газель көліктерін жүргізулері қажет және 28 жастан асуы тиіс екен.
–Бүгінде жүргізушілер жалақы мен сыйақыларын қоса есептегенде, шамамен 400-500 мың теңге шамасында еңбекақы алады. Қазір жұмысшыларға әлеуметтік пакет те, ауырған уақытына байланысты бюллетень де төленеді. Бірақ, жұмыс уақыты ұзақ болған соң, көбі шыдамайды. –дейді Райхан Зейноллақызы.
«СейНұрда» талай жылдардан бері табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан С.Шәрімов, Г.Сонин, Жүсіпбеков, Музаченко, Дикий, Қ.Омаров секілді азаматтарды ерекше атап өтуге болады. Солардың ішінде Қайыргелді Омаров ағамыз 1988 жылдан бері кеңестік кезеңдегі Рафик автобусынан бастап еңбек етіп келе жатса, Генадий Сонин отбасы мен бала-шағасының нәпақасын 30 жылдай осы серіктестіктен тауып жүргенін айтты.
«СейНұр» фирмасы қаланың қоғамдық өміріне де белсенді араласады. Оны түрлі ұйымдар мен жеке тұлғаларға жасап жүрген қайырымдылық шараларынан көруге болады. Жеңіс күні мерекесінде соғыс және тыл ардагерлеріне қомақты сыйлықтар ұсынып, кәсіпорынның зейнеткерлеріне материалдық көмек көрсетеді, сондай-ақ, түрлі ұйымдар мен жеке тұлғаларға демеушілік жасап тұрады.
Фирманың ендігі мақсаты бұрыннан келе жатқан автокөліктер паркін жылдан-жылға неғұрлым ыңғайлы заманауи автобустармен жаңартып отыру арқылы жолаушылар тасымалын жүзеге асыруды жақсарту, жолаушыларға қызмет көрсету мәдениетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады. Сонымен қатар, кәсіпорын бюджет пен кредиторлар алдындағы барлық міндеттемелерін уақытылы орындайды, бұл ұжымның тұрақтылығы мен жоғары біліктілігін тағы бір рет дәлелдейді. Кәсіпорын бәсекеге қабілеттілікті арттыру және халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін ыңғайлы жылжымалы жабдықтарды, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету құралдарын сатып алуды жоспарлауда.
Кәсіпорын Көкше елінің ардақты азаматы, өмірден ерте кеткен осы ұжымның бұрынғы басшысы Абай Халитұлы Сейдалиннің салып кеткен сара жолымен жұмыс істеп, жолаушылар тасымалдау ісінде ұдайы жақсы нәтижелерге жетіп келе жатқандығын айтқан ләзім. Нәзік жанды болса да, ер-азаматқа бергісіз Райхан Зейноллақызы басқарған ұжым алда да небір биік асулардан үмітті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
Суреттерде: серіктестіктің негізін қалаған Абай Сейдалин; қазіргі директоры Райхан Сейдалина; озат автобус жүргізушілері Қайыргелді Омаров пен Генадий Сонин; білікті механик Қамидолла Бапенов.
![]()

