Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының кең залында «Құрмет» орденінің, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, талантты жазушы-журналист, халықаралық «ПЕН» клубы сыйлығының лауреаты және осы «ПЕН» клубтың президенті Бигелді Ғабдуллиннің 70 жасқа толуына орай, «Мен өзімді жоғалтып алудан қорықтым» атты шығармашылық кеші өткізілді.
«СИЗО», «Қаңтар-22», «Мараль» кітаптарының авторы, жерлесіміз Бигелді Ғабдуллиннің есімі көзі қарақты оқырманға кеңінен мәлім. Бигелді Қайырдосұлы Бұланды ауданына қарасты Красный Кардон деп аталатын табиғаты тамылжыған өңірде дүниеге келген. Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен бері баспасөз саласында қажырлы қызмет етіп келеді. Жүгі ауыр журналистикамен қатар, қара ормандай қалың оқырман тарапынан лайықты бағасын алған әдеби шығармалары әлем жұртшылығына мәлім. 1989 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне өткеннен кейін Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтында білім алған. Алаштың айтулы перзенті, атақты ақын Олжас Сүлейменовтың «Қыш кітап» поэмасы желісімен пьеса жазып, көрерменге тарту еткен. Пьесасы республикалық сахналарда көрсетіліп, кірпияз көңіл көрермен тарапынан лайықты бағасын алған.
Шығармашылық кешті белгілі жазушы-драматург, Сенаторлар Кеңесінің төрағасы Жабал Ерғалиев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен Бигелді Қайырдосұлының жазушылық қыры, тамаша таланты туралы шолу жасады. Көрікті Көкше топырағындағы қаламгердің тойына ат арытып әдейілеп келген филология ғылымдарының докторы, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Жақып кеш иесі туралы келісті пікір білдірді. Шырайлы шығармаларымен қатар, автордың бойындағы адамгершілік ажар, кісілік келбет, әділдік үшін алысқан қайтпас қайсар мінез туралы шынайы да шымыр лебізін жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының шешімімен Бигелді Ғабдуллинге Қазақстанның құрметті жазушысы атағы берілгендігін жария етті. Түрксой жанындағы түрік мемлекеттері жазушылар одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, арқалы ақын Ұлықбек Есдәулетов Бигелді Қайырдосұлының қазақ әдебиетін әлемге танытудағы ерен еңбегіне баса тоқталды. «ПЕН» клуб арқылы 25-ке жуық автордың еңбегі ағылшын тіліне аударылып, әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен. Осы еңбегі арқылы Бигелді Қайырдосұлы қазақ әдебиетінің бүгінгі жауһар шығармаларын төрткүл дүниеге танытуға септігін тигізіп отыр. Өзі де ұлттың рухани кеңістігін нұрландыруға үлес қосуда.
Мұнан соң жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі ақын, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Бақытжан Қанапиянов пен танымал режиссер, продюсер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сергей Азимов кеш иесі жайлы келісті пікір білдірді.
Кеш иесі Бигелді Ғабдуллин тар жол, тайғақ кешкен тағдыры туралы сыр шертті. Осы арада Америкада тұратын жазушы Владимир Карцевтің пікірін келтіре кетелік. Ол былай дейді: «Бигелді Ғабдуллинге өзінің ішкі қарама-қайшылықтарын жеңуге тура келді. Болмаған кінәні мойынға алу арқылы өмір сүру немесе қасқайып тұрып еш нәрсені мойындамау арқылы түрме қапасында шіру. Ол жеңді! Бұл әбден сүйсінуге тұрарлық!».
Кеш соңында Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев пен өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысов жазушы шығармашылығына кеңінен тоқталып, ел ағалары ретіндегі жан жадыратар лебіздерін білдірді. Шығармашылық кештің шырайы жиналған көпшіліктің көңілін жадыратып, ажарлы әдебиет әлемінің базарлы бір шағы ретінде есте қалатын болды.
Б.ҚАЙЫРЛИН.
![]()

