Мемлекеттік қызмет
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік органдардың кадрлық жай-күйіне мониторинг жүргізді.
Оның нәтижелерінен мемлекеттік қызметте мериторкратия қағидатының сақталатынын көруге болады. Мериторкратия мемлекеттік қызметті кәсібилендірудегі маңызды құрал болып табылады және осының арқасында өңірде жыл сайын өз жұмысының жетістіктері, сондай-ақ, кәсіби және жеке қасиеттері арқасында мансаптық ілгерілейтін қызметшілер саны артып келеді.
Атап айтқанда, 2025 жылдың І жартыжылдығы ішінде жоғары тұрған лауазымдарға 97 қызметші тағайындалды, оның ішінде ішкі конкурстардың нәтижелері бойынша 62, ауыстыру тәртібімен 32, қызметті бағалау нәтижелері бойынша 3 қызметші тағайындалған.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдарда 2840 қызметкер жұмыс істейді, олардың 34,5 пайызы ерлер, 65,5 пайызы әйелдер. 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 27,8 пайызды құрайды.
Жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілердің үлесі 89,2 пайыз олардың 18,1 пайызының екі немесе одан да көп жоғары білімі бар. Оның ішінде 87 шетелдік білім иегері, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 9 түлегі, 3 «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, 4 ғылым кандидаты, 1 ғылым докторы бар.
Сынақ мерзімі 66 қызметкерге тағайындалды, оның 65-і тәлімгерлікпен қамтылды. 141 адам қайта даярлаудан, 317 адам біліктілігін арттырудан, 122 адам тағылымдамадан өтті.
Жазира СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің ресми өкілі.
![]()

