Тау баласы тауға қарап өседі немесе ер Тоқтар туралы сөз

Тоқтар Баймағанбетов – 70

Көкшелік әрі ақмолалық белгілі қалам иелерінің бірі Тоқтар Қайыржанұлы Баймағанбетов көзі тірі болса, осы күндері 70 жасқа толып, сол қуанышын біздермен бірге бөлісіп жатар еді. Бірақ, қатал тағдыр оған жазбады. Сұм ажал екі тілде бірдей жазатын бесаспап журналисті арамыздан тым ерте алып кетті. Бірақ, бұл жарық дүниеден өзі кеткенімен, сөзі қалған жаны жайсаң азаматтың шығармашылық мұрасы мен көп көңілінде жатталып қалған жарқын бейнесі ешқашан көмескі тартпақ емес.

Журналистік қызметінің көп бөлігі Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» («Көкшетау») газетінде өткен, сонымен бірге, жетпісінші жылдардың орта  тұсында зайыбы, белгілі журналист Роза Нарымбетова екеуі Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») газетінде де жемісті қызмет атқарған, одан кейін де екі мыңыншы жылдар аралығында осы басылымда екінші қайтара еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасымен танылған Тоқтар Баймағанбетовтың бүкіл өнегелі өмір жолы ол қайтыс болғаннан кейін сүйікті жарының құрастыруымен баспа жүзін көрген естеліктер кітабында жан-жақты көрініс тапқан.    

Үстіміздегі жылдың 6 тамызында Көкшетауда осы журналистердің жұбы тұрған Назарбаев көшесіндегі 12 үйде танымал қаламгердің туғанына 70 жыл толуына орай, ескерткіш тақта орнатылып, ас беріледі. Біз бүгін осы айтулы оқиғаға байланысты газетімізде қадірлі әріптесіміздің кезінде С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде бір топта бірге оқыған курстас досы, қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулеттің естелік мақаласын жариялауды жөн көріп отырмыз.   

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын

Амандасқанда оның бет-жүзіне қарай қалсаң, ең алдымен өркештене біткен тау тұмсығы мен мұндалап көзге шалынатын. Келісті маңдайын жапқан қалың қою қара шашының астынан танадай жанары жарқырап, тұңғиықтан тұтанып тұрып қарағанда, алдында қыран бүркіт тұрғандай әсер қалдыратын ерекше пошымды сол бір атжақты балаң жігітпен оқуға бірге түстік.

Бұл Тоқтардың Мақсұт Әубәкіров деген дөкей ағасы бар. Біздің бірге оқыған досымыз. ЦК-да істейді. Сол ағасы «осы Тоқаш інімнің оқуға түсуіне көмектесіңдер» деп, бізді рестораннан ресторанға сүйреп, аузы-мұрнымыздан шығара сыйлап, әлекке түсіп жүрді, ал, бұл сабазың біздің еш көмегімізсіз-ақ сынақтарды өзі тапсырып, өзі түсіп кетті» деп еді ұстазымыз, қиялгер жазушы Абдул-Хамит Мархабаев ағай. Сосын: «бұл Тоқаш шпаргалканың шебері екен!» дегенді қосып қойды. Қайдан байқағанын білмейміз. Ұстаздан ештеңені жасыра алмайсың, кем-кетігің мен артық-ауысыңның бәрін байқап, көңіліне түйіп жүреді-ау!

Алғашқы курстан бастап, көп ұзамай-ақ «Тоқтар Баймағанбетов» деген жас журналистің жазбалары күнделікті басылымдарда бұрқырап шыға бастады. Бізден бөлек бір мықтылығы ол екі тілде бірдей жаза беретін. Бүгін «Лениншіл жаста», ертең «Социалистік Қазақстанда», арғы күні «Жетісу» мен «Казахстанская правдада», тағы бір күндері «Ленинская смена» мен университет газетінде мақала, репортаж, сұхбат, очерктері толассыз шығып тұрды.

Бірде Тоқтарды деканатқа шақырып жатыр деген хабар келді. Сабаққа келмей қалған. Қайдан табайық? Бір кезде хабаршы қыз екінші рет келді.

–Баймағанбетов бар ма?

– Баймағанбетов жоқ…

«Қайда тұрады? Адресін айтыңдар» деп, жақын жүретін бізді тергегендей болды. Үрпиісіп қалдық.

Деканымыз Темірбек Қожакеевтің дүмпуі күшті. «Табыңдар да табыңдар!» дейді. «Жоқ!» дегенге бола қояр түрі көрінбейді.

Деканға старостамыз Роза Нарымбетованы шақыртып әкетті. Тез оралған ол Тоқтарды індетіп іздеуге тапсырма алғанын айтты…

–Жігіттер! Темкең столды тоқпақтап отыр: «Баймағанбетовты қайдан тапсаңдар да, жонып тапсаңдар да, табыңдар! Жатақханада тұрмаса, пәтеріне адам жіберіңдер! Жердің тесігіне кіріп кетсе де алдыма алып келіңдер!» деген нұсқау берді. Неге іздегенін айтпады, – деп келді.

«Мынау Тоқаш бірдеңені бүлдірген екен» деп шынымен-ақ сасайық дедік. Тұратын пәтерін білмейміз. Көкшетаулық жерлестерімен серіктесіп, бірінші Алматы жақта «времянка» жалдап тұратынын айтқан. Барып көрген ешкім жоқ. «Не бүлдірді екен? Оқудан шығарып жібермесе болды» деп уайымдай бастадық. Содан сұрастыра жүріп, жөнін білетін бір жерлесін тауып, сәлем айтып жібердік. Тоқтарымыз ертеңіне тұмсығы қоңқайып, салып-ұрып жетіп келді. Келді де, Темірбек Қожакеевтің темір құрсауына қарай мойынсұнып кете барды. Тілеуін тілеп біз қалдық…

Сөйтсек, қорқатын түк те жоқ екен…

Біздің батырымыз Балтық бойының қайсыбір елінің орысша шығатын балалар газетіне мектеп қабырғасынан бері үзбей мақала жазып тұрыпты. Бір мақаласы сол газеттің ең үздік материалы деп танылып, жылдың жүлдесіне ие болғандықтан, арнаулы диплом мен бағалы сыйлықты тапсыруға алыстан ат арытып, екі тілші келіпті. Сұрай-сұрай ҚазМУ-ді тауып, журналистика факультетінің деканына кіріп, жүлдегер студентті шуылдатып іздетіп жүрген солар болып шықты…

«Құрта ма» деп қауіптенген Қожакеевіміз әп дегеннен сабаққа қатыспағаны үшін Токаңның шаңын жақсылап қағып алыпты да, жырақтан келген конақтар жүлдесін табыстағаннан соң, арқасынан қақпаса да, сәл жібігендей болыпты. Бірақ, Тоқтар сыртқа шыға бергенде бәрібір түсін суытып, дауысы ызбарланып: «Енді сабақтан қалсаң, көзіңді көгертіп, Көкшетауыңа дейін қуалаймын!» деп доқ көрсетіп, ноқтасын басына түріп, босатып коя беріпті.

«Уһ» дедік ау… Аман құтылғанына, құтылып қана қоймай, марапат алып келгеніне қатты қуандық. Сөйтіп, сабақтан шыға жүлде жууға кіріскенбіз.

Жүлде ізсіз қалған жоқ. Көп ұзамай Тоқтар да жатақханалы болып, біз оны өз қатарымызға қосып алдық. Қонысбай Әбіл, Нұртілеу Иманғалиұлы, Тоқтар төртеуміз бір бөлмеде бірге тұра бастадық.

Бірінші курстың соңына таман, 1 сәуір күні жұрт жаппай бір-бірін алдап жатты. Біз Қонысбай екеуміз де алғашында бір-екі рет басқаларға алданып алдық, содан бір-бірімізді әйтіп-бүйтіп алдап көрдік те, енді «кімді алдаймыз, қайтып алдаймыз» деп кеңесе бастадық. Бұл кезде Тоқтар мен Розаның арасында махаббат оты тұтанып жүрген кез болатын.

Содан ақылдаса келе, старостамыз Розаны алдауды ұйғардық. Бұл ойымызды Тоқтарға айтып, алдымен көндіріп алдық. Сонымен, Тоқтардың басын ақ бинтпен орап-шымқап танып, сыртынан Зайсаннан келген таңқурайдың қанқызыл тосабын баттастырып жағып, төсекке жатқызып қойдық. Сосын барып, көрші бөлмедегі Розаны шақырып шықтық.

– Роза, сен қорқып кетпе… Берік бол!..

– Не боп қалды? – деп бірден Роза секем алды.

–Жәй, Тоқтар…

– Оған не болды?

– Жәй ғана… Әлгінде… Көшеде келе жатқанда….

Роза шындап шошиын деді. Дауысы жарықшақтанып, бастырмалатып сұрақ жаудыра бастады

– Иә, Тоқтарға не болды? Айтсаңдаршы?

– Көшеде… Машина … Аздап… Нетіп кетіп…

– Көшеде? Машина? Не болды?

– Аздап… қағып…

– Аман ба өзі? Айтсаңдаршы!

– Аман… бірақ… аздап…

– Өзі қайда?

Бөлмеде…

Ар жағын тыңдаған жоқ. Роза тұра ұмтылып, бірден атылып, біздің бөлмеге кірді. Төсекте басындағы ақ дәке-байлауышы қып-қызыл «қанға» боялып жатқан Тоқтардың үстіне «Тальян!!!» деп айғайлап барып қона түсіп, құшақтап жылап жіберді.

Біз ішек-сілеміз қатып күліп, тұрған жерімізде құлап қалдық. Тоқтар да күліп жатыр. Роза оны құшақтаған күйі біресе жылап, біресе күліп, қайта жылап, біразға дейін басыла алмады.

Артынан ұялғанынан: «Солай ойнауға бола ма екен?» деп бізге ашуланып, біразға дейін бұртаңдап жүрді. Біз де артық кеткенімізді байқағандай, ойынымыз осылып, ұялған болып жүрдік. Ал, Тоқтар болса, содан былай «Тальян» атанып кетті.

Дегенмен біздің бұл ойынымыз ол екеуінің арасындағы былайғы жұрт біле қоймаған ынтық, іңкәр сезімді жарық дүниеге жарқ еткізіп ашып берген еді. Бұрын олар елдің көзінен тыс, ұрланып кездесіп жүрген болса, енді жасырынбай, ашыққа шығып, жұп жазбай бірге жүретін болды.

Көп ұзамай, олардың үйлену тойын дүрілдетіп өткіздік. Оның өзі арамызда «Тальянның тойы» атанып, бірнеше жыл әңгіме болып жүрді. Газет-журналды техникалық безендіруден сабақ беретін ұстазымыз Әбілфайыз Ыдырысов ағай зайыбы Заря жеңгей екеуі қосылып, «Қыз Жібек» операсынан ария орындап, аузымызды аштырды. Той тарқағанда соңында қалған сауы бар, масы бар қонақтарды жинап-тергенде, солардың 11-інің бір таксиге қалай сыйып кеткені аңыз болды. Әсіресе, курстың парткомы Әбдіғани Қасымбековтың мұғаліміміз Қабижан Құсайынов ағайды үйіне шығарып салған хикаясы ауыздан ауызға тарады. Біз ол кісіні сыртынан әкесінің атымен Паңгерейұлы деп атайтын едік. Басқа мұғалімдер үйіне ертерек қайтып кеткенде ол кісі соңына дейін тойды қызықтап отырып еді. Оны өз арамызда Помидор атанып кеткен біздің Әбдіғани қасына, ұмытпасам, ақын Батық Мәжитұлы болуы керек, бір курстасымызды алып, тойдан кейін такси жалдап, үйіне дейін жеткізіп салады. Паңгерейұлы рахметін айтып, қоштаса бергенде біздің Әбдіғани:

–Ағай, той сарқыты деп мына бір жартылық коньякты ала шығып едім, – деп ұсынса, ол кісі:

–Ғанюкан-ау, өзің бір алтын баласың ғой! Соған несіне әуре болдың? Бізге болмайды ғой… – деп қолы алып жатса да, ерін ұшты сыпайылық білдіреді. Сөйтсе, еркелете сөйлегенге еркінси қалған шәкірті:

–Ендеше, ағай, үйіңізге бас сұғып, бір тартып жіберсек қайтеді? – деп қиылады. Мұғалім шоршып түспесе де, сабыр сақтап:

–Үйдегілер жатып қалды ғой, – депті.

–Оларға білдірмей, ас үйге кіріп іше қоямыз, – деп, бұл да жабысып қоймайды. Енді Паңгерейұлы тіпті басын алып қашып:

–Жо-жоқ, болмайды! Үйде елден келген қонақтар бар! Болмайды! Барыңдар! Қонақтардан ұят! Рахмет! Қайтыңдар! – деп ат-тонын ала қашыпты. Сонда жол бойы «ішсем» деп дәметіп келе жатқан қалтасындағы коньяктан айырылып, аузы аппақ болғанына күйіп кеткен біздің Әбекең:

–Онда үйдегі қонақтарыңызды тастап, тойда неғып қаңғып жүрсіз, ағай? – деп салған екен. Солай деп шынында да айтты ма, айтпады ма, біз үшін ол маңызды емес еді. Мұны біз «солай болыпты» деп сан түрлендіріп айтып жүрдік…

Қай бір жылы жатақхананың ішкі бір есігінің әйнегі сынып қалып, соны Тоқтардан көрді. Деканымыз Қожакеев мұндайда үндемей қалған ба? Қыршаңқы тілін салып алды:

–Анауыншы курстың Баймағанбетов деген студенті бір жақтан тойып келіп, жатақхананың есігін мүйіз тұмсығымен сүзіп, сындырып кетіпті, – деп шығарды. Бірақ, Тоқтардың кінәсі дәлелденбей қалып, аман құтылды… Жазғандары бұрынғысынша үзбей жарияланумен болды. Әсіресе «Социалистік Қазақстанға» жариялаған етектей мақалалары мен сұхбаттары ерекше назар аударды. Екі тілде бірдей жаза білетін қаршадай студент сол тұста Мәскеуден гастрольге келген КСРО халық артистері Игорь Моисеевтен, Елена Образцовадан және тағы басқа қол жетпес тұлғалардан алған сұхбаттарымен қатарластар арасынан топ жарып шыққан.

Тоқтар қайсар, еркөңіл, көпшіл жігіт еді. Жора-жолдастары жан-жақтан оған ағылып, сұрап, іздеп, жолығып, келіп-кетіп жататын. Роза екеуі үйленіп, жеке шыққаннан кейін де, оқу бітіргенше біздің бас қосатын бір шаңырағымыз олардың жалдамалы пәтері болды.

Біз университет бітіретін жылы жаңадан екі облыс ашылып, Тоқтардан басқа ешбірімізді Алматыда қалдырмай, көбімізге Маңғыстау мен Жезқазғанға жолдама берді. Орталық партия Комитетінен келген дөкейлер Тоқтар Баймағанбетовке берілген «Социалистік Қазақстан» газетінің шақыруын ғана мақұлдап, тек бір жалғыз өзін Алматыда қалдыруға шешім шығарды. Басқамызды жан-жаққа шашып, сейілтіп жіберді. Сол комиссия маған «Жалын» баспасы берген шақыруды жоққа шығарып, Павлодар облысына жұмысқа баруға жолдама берді. Өзімді шақырып жүрген туған облысыма қолым жетпей қалды.

Алматыдан дәм бұйырмай тұрған біз, әрине, Тоқтарға қызыға қарадық. Алайда, қисайған жағына құлайтын Тоқаң өр мінезін тағы бір көрсетті.

–Алматыда қалмаймын! Көкшетауда, Шортанда кәрі әке-шешем бар. Соларды бағуым керек! Елге кетем! – деп шорт кесті.

Сөйтіп, Роза екеуі үздік-создық жиналып, бізбен қимай қоштасып, көркем Көкшеге аттанып кете барды. Бұл 1977 жылдың жазы еді.

Бірер жыл өткенде, қыс кезінде жол түсіп, Көкшетау жағын аралауға шығып, оларды іздеп бардым. Роза облыстық газетте, Тоқтар радиода істейтін еді. Кездесіп, қатты қуанып, мәре-сәре болдық. Басқа қатар оқыған Жанмұрат Жанайдаров, Қорғанбек Аманжолов, тағы басқа жолдастардың басын қосып, кішігірім тойға бергісіз отырыстар жасадық. Менің Көкшетау-Алматы пойызына билетім бар еді. Оған көне қоятын Тоқтар ма?

Біздің ауылға, Жамантұзға барамыз. Әке-шешем, әпкелерім келгеніңді естіп, мал сойып, дастархан жайып, күтіп отыр.

– Жолдан қалам ғой! Уақытым бітті, – деп көне қойғым келмей, әрі-бері бұлданып көріп едім, оған бола қоятын Тоқтар ма:

– Қорықпа, мына тұрған жер. Сонда разъезд бар. Бүкіл пойыз тоқтап өтеді. Сол жерден салып жіберемін! Кеттік! – деп ала жөнелді.

Әкесі де мұрынды кісі. Көп сөзі жоқ. Анасы да, әпкелері де жандары қалмай, бәйек болып, күтіп алды. Бірге өскен достары келді. Конақжай шаңырақта, жақын-жұрағаттарының ортасында ұмытылмастай әсерлі кеш өткіздік.

Ертеңіне жолға жиналдым. Қар жапалақтап, бұрқырап, орай-борай жауып тұр. Бір-екі досы есік алдына үсті ашық жүк машинасын алып келді. Соған отырып алдық. Ата-анасы мен туғандары сәлем-сауқаттарын қамдап беріп, жолға шығарып салысты.

Разъезге жеттік. Жеткеніміз бар болсын, вокзал деуге келе қоймайтын аядай бөлмесінің ағаш орындықтарын дастарханға айналдырып жіберіп, «Ал, жол болсынға» бастық.

– Пойыздан қалып қоймайық, – деп елеңдеп коямын.

–Шлагбаум жабық тұр. Дала суық. Босқа тоңып қаламыз. Отыра тұрайық. Пойыз келе жатса, дыбысын естиміз ғой. Шыға қоямыз, – деседі шығарып салушы достар.

Сөйтіп отырып, бірқыдыру уакыт өткізгендей болдық.

–Пойыз келетін уақыт болған шығар? Анау кассирдің терезесінен сұраңдаршы, – деймін. Біреу барып қарап келіп:

–Шығып кетіпті, орнында жоқ екен, – деді.

–Сыртқа шығып, қарап қоймайсыңдар ма? – деймін енді дегбірім кете бастап.

–Не шығатыны бар? Терезеден-ақ қарай саламыз, – деп, бір досымыз терезенің қырауын үрлеп, қолғабымен сүртіп, сыртқа үңілді. Үңілді де:

–Әне, бір милиция кетіп барады, пәленше ғой, содан сұрап келейін, – деп тұра жөнеліп, тез-ақ ертіп кірді. Өз кластастары болып шықты. Дастарханды көріп, ол да қуанып кетіп:

– Ненің кұрметіне? – деп сұрады.

– Алматыдан келген мына ақын досымның құрметіне. Бес жыл бірге оқып, бір бөлмеде тұрғанбыз. Танысып қойыңдар, – деді Тоқтар. «Таныстық үшін!» деп тағы алып жібердік.

Тоңып қалып ем. Іш жылытып, жақсы болды-ау. Досыңды мынау суық құжырадан гөрі үйіне апарып қонақ қылмадың ба?

–Үйден келдік қой. Пойызға шығарып салып отырмыз.

–Қайда?

–Алматыға!

–Алматыға? Алматының пойызы әлгінде ғана өтіп кетті ғой!

–Қой! Әлі өте қойған жоқ! – деп шу ете қалдық.

–Қызық екенсіңдер! Мұнда қамалып отырған сендер білесіңдер ме, шлагбаумда тұрған мен білем бе? Әлгінде ғана жолда тұрып, өзім өткізіп жіберіп, үйге қайтып келемін.

–Қой! Алдама!

–Кетіп қалды! Үш минут тұрды да, жөнеп берді, – деді ол.

–Қалжыңдап тұрған шығарсың, – деп оған ешкім сенер болмадық.

–Сенсеңдер де сол, сенбесеңдер де сол. Сендермен қалжыңдассам да, қонақпен қалжыңдаспаймын ғой…

–Ал, керек болса! Тоқа-ау, не істейміз? Қонысбай осындайда: «Чернышевскийдің «Енді қайттік?» деген романын оқыдың ба?» деуші еді, –деп әзілге бұрғым келді. Бірақ, мұндайда қалжыңың өте ме? Іш біткен әлем-жәлем.

«Қиналған Жамбыл жері осы» дегендей, Тоқтар сәл тосылып қалғандай болды да:

–Не де болса, мына дастархандағыны тауысып бір-ақ тұрайық, сонда басымыз жұмыс істейтін шығар. Арамызда ГАИ-іміз бар ғой, жолда қалдырмас, – деді.

Шынында да солай болды. Келген жігіт МАИ инспекторы екен. Ол:

– Ал, Ұлеке, енді саспаңыз. Асыққанмен қайда барасыз? Кетер пойыз кетіп қалды. Тыпырлағаннан не шығады? Одан да жайлап, мынау тәуір сусынды өңештен өткізіп алайық. Мен аз-маз бой жылытайын, сосын шығамыз да, пойызды қуамыз, – деді.

Сөйтіп, сәлден кейін, жолға шыға келген бетте ол ала таяғын шолтаң еткізіп, ең бірінші кездескен көлікті тоқтатып, Тоқтар үшеуміз отыра қалып тартып бердік.

«Жигулидің» иесі де бір иманжүзді жан екен, қың еткен жоқ, қарлы боранды қақ жарып заулап келеді.

–Пойызды Көкшетау облысының аумағында қуып жетсек отырғызамын. Одан шығып кетсе шамам келмейді. Онда ауылға қайтамыз, – дейді жол сақшысы.

Абырой болғанда, соңына түскен отарбамыз Шортан стансасында пысылдап тұр екен. Жолсерік жігіт баспалдағын жинап үлгірмеді. Қапталдаса тоқтадық та, қарбалас жетіп, қарғып міндім. Пойыз да жылжып жүре берді. Тоқтар мен досы екеуі перронда қол бұлғап қалып бара жатты.

Арада қаншама жылдар өтсе де, сол бір қарлы боранды күн, біздің демімізбен жылынған құжырадай алакөлеңке вокзал үйі, Тоқтардың қоңқиған мұрны, қаумалаған оның достары әлі көз алдымда. Әр кезде пойызға мінуге асыққан сайын, кешіккен сайын осы оқиға есіме түседі де, іштей: «Қайран, отарба қуған отты күндер-ай» деймін. Бірақ, ішімді аяздай қаритын бір ой бар. Ол – мынау…

Бәлкім, бұйыртса, әлі де талай рет пойызға кешігермін, қуармын, жетермін, жетпесем қалармын, бірақ, Тоқтар-Тальян досым енді мені ешқашан да бұрынғыдай Көкшетауда қарсы алып, ешқашан да шығарып салмайды-ау…

Алматы қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар