Жақсы аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабының 3-бөлігі бойынша абайсызда кісі өліміне әкеліп соққан К. мен А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Бұл іс бойынша оқиға былай өрбиді. Бұрынғы ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін қарым-қатынастарын талқылау үшін А.-ның пәтерінде кездескен. А. бұрынғы зайыбы К.-нің ұялы телефонын тексеріп, оның басқа ер адамға қоңырау шалуына ашуланып, дөрекі сөздер айтып, қолмен ұрып, дене жарақаттарын келтірген. А.-ның қорлауы мен қол сұғуына байланысты К. үстелде жатқан қайшыны оның мойнына сұққан. Осы жарақаттың салдарынан бұрынғы күйеуі ауруханада қайтыс болды.
Сараптамаға сәйкес, К.-да денсаулығының бұзылуына әкелмеген бет, білектің көгерген тұстары анықталды. Тергеу барысында прокурор мен сотталушы кінәні мойындау туралы келісім жасасты, сондықтан, сот талқылауы қысқартылған тәртіппен жүргізілді.
Сотта К. кінәсін мойындап, өкінді, жәбірленуші тарап сотталушының кешірімін қабылдап, моральдық зиянды өндіріп алу туралы талаптан бас тартты.
К.-нің кінәсі оның мойындау айғақтарынан басқа, оқиға болған жерді тексеру, жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және істің басқа материалдарымен расталды. Сөйтіп, сот үкімімен К. 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық істі қарау барысында келіншектің бұрынғы хабарламалары бойынша полиция қызметкерлері күйеуінен оның құқықтарын қорғау шараларын қолданбағаны анықталды. Сонымен қатар, қайғылы оқиға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тиесілі пәтерде орын алған. Ал, А. мемлекеттік тұрғын үйден пәтер берілетін адамдар санатына жатпайды. Бұдан туатын қорытынды, мемлекеттік тұрғын үй қорын құқығы жоқ адамдар пайдаланған.
Анықталған заң бұзушылықтарына байланысты сот аудан прокуроры, облыстық полиция департаментіне құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмыстың жоқтығы, облыс әкіміне мемлекеттік тұрғын үй қорын нысаналы пайдалану жөніндегі жұмыста орын алған кемшіліктер туралы хабарлап, шара қабылдау үшін жеке қаулы шығарды.
Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.
Ақмола облыстық сотының материалдары бойынша дайындалды.
![]()

