Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды

Ол 1 тамыздан бастау алды. Он жылда бір рет өткізілетін бұл маңызды мемлекеттік шара туралы Ұлттық статистика бюросының Ақмола облыстық департаментінің басшысы Расул Ерғалиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.  

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы дегеніміз, бұл тек деректер жинау емес, ол еліміздегі ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын, оның қалай дамып келе жатқанын, халықтың тұрмысын анықтайтын науқан. Бұл науқан Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымдарының 10-шы Дүниежүзілік бағдарламасы аясында өткізілуде. Ауқымды шараға Қазақстаннан басқа Қырғыз, Өзбекстан, Әзербайжан сынды бірнеше ел қатысып жатыр. Бағдарлама барысында цифрлық технологияларға басымдық берілуде. Бұл әдіс шығындарды азайтып, мәліметтерді жинау мен өңдеу үдерісін едәуір жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылдың шілде айының 28-інен бастап, ауыл шаруашылығы өндірушілері санаққа қатысуға 1414 нөмірінен СМС шақыртулар ала бастады. Маңызды шарада екі мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны мен 6 мыңдай шаруа қожалығын қамту жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, респонденттердің дәл осы санаты тамыз айында онлайн сауалнамаларды толтырулары қажет.

– Ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы – онлайн, ол тамыздың 1-нен 31-не дейін жалғасады. Онлайн-форматта респонденттер интервьюерлерді күтпей-ақ, sanaq.gov.kz сайтында санақты өздігінен өте алады. Бұл уақытты үнемдеуге зор мүмкіндік  әрі мәліметтерді жедел жинап, өңдеуге ыңғайлы. Сонымен қатар, мамандардың жүктемесін азайтады. Ал, екінші кезең қыркүйек айынан басталады. Онда интервьюерлер үй шаруашылықтарын жеке аралайды, –деді брифинг барысында Расул Жабалұлы.

Санаққа қатысып, сауалнамаға қол жеткізу үшін электронды цифрлық қолтаңба, СМС немесе GovMobile арқылы QR-кодтың көмегіне жүгіне отырып кіруге болады. Растау коды электронды поштаға немесе телефон нөміріне келеді. Осы ретте, бір атап өтерлігі, статистика бюросының қызметкерлері хабарласып, код сұрамайды. Санаққа қатысушылар осыны ескергендері жөн. Себебі, науқанды пайдаланатын алаяқтар хабарласуы мүмкін.

– Онлайн-санақтың ерекше басымдылығының бірі – мәліметтерді сақтаудың мүмкіндігі. Егер респондент сауалнаманы толтыруды бастап, оны аяқтауды үлгермесе, кез келген уақытта сол тоқтаған жерінен бастап жалғастырып әкете алады. Егер ауылды жерде респондентте компьютері немесе интернеті болмаса, әкімшіліктегі өз-өзіне қызмет көрсету үшін дайындалған орындарға, сондай-ақ, аудандық статистика бөлімінің көмегіне жүгінуге болады. Осылайша, біз санақтың өтуіне барынша қолжетімділікті және барлық жағдайды қамтамасыз етуді қарастырдық. Облыс бойынша осындай 260 орын жасақталды, –деп атап өтті департамент басшысы.

Тамыз айының соңына дейін 1446 нөмірі бойынша тәулік бойы байланыс орталығы жұмыс істейді. Ол жерде барлық мәселе бойынша, атап айтқанда, техникалық ақаулықтардан бастап, сауалнаманың мазмұнына қатысты түсініктемеге дейін анықтап, сұрап алуға болады. Бұдан бөлек, санақтың екінші кезеңіне интервьюерлерді қабылдау жалғасуда. Ниет білдірушілер жоғарыдағы нөмірге хабарласа алады.

Ы.ШАМШИЕВА.

Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар