Көкшетауда Сайран салған үйлер көп

10 тамыз -құрылысшылар күні

Соңғы жылдары Көкшетау қаласының сән-салтанаты өзгеше сипат ала бастады. Шаһарда құрылыс қарқынды жүргізілуде, оның ішінде жаңа заманның талабына сай архитектуралық озық үлгідегі тұрғын үйлер көптеп салынуда. Осы салада бірнеше жылдан бері тәп-тәуір тәжірибе жинаған Сайран Жақыпов басшылық жасайтын компанияның абырой-атаққа бөленіп келе жатқандығы шындық. Компания жылына 6-7 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беріп келеді. Құрылғалы тоғыз қабатты 9 үй, бес қабатты 7 үй салған. Қала тұрғындары осындай жалпы көлемі 70 мың шаршы метр пәтерлерге қоныстанған. Компания құрылысшыларының орташа жалақысы 700 мың теңгенің көлемінде. Біз төл мерекелері қарсаңында осы компания басшысы Сайран Жақыповқа жолығып, әңгімеге тартқан едік.   

 –Құрметті Сайран Нығметжанұлы, алдымен, алдыңызға қойған мақсат-мұрат, асқаралы міндет туралы таратып айтып берсеңіз?

–Тұрғын үй салумен айналысар алдында көп ойланып-толғандым. Шын мәнінде бұл қолдан келетін, өзіме лайық әрі елге де қажетті кәсіп іздеуден туған ой болатын. Өздеріңізге белгілі өтпелі кезеңнің өкпек желі талай шаңырақты шайқап кетті. Кеңес заманында айтқанды ғана істеп, бұйрықты ғана орындап, өзіндік ой-қиял, ізденуден ада болған замандастарымыздың екі қолға бір күрек таппай қиналып қалғандығы да белгілі. Міне, осындай тығырыққа тірелген уақытта қиындықтан шығатын жол іздедік емес пе? Әрине, оңай болған жоқ. Қабырғамызбен кеңестік, ақыл таразысына салдық, оң-солымызды бажайладық, он ойланып, мың толғанып, ақыры осындай бір салмақты шаруаны игермек болып ұмтылғанымыз бар.

–Сонда қиындықты жеңетін не екен?

–Алдымен еңбек және адамның өз бойындағы қажыр-қайратын, ақыл-парасатын шоқтай екшеп, таразы басына тартып, ұмтылуы қажет деп есептеймін. Әңгіменің әлібі, бос сөз болмауы үшін және біздің айтып отырғанымыз кейінгі жастарға үлгі-өнегеге айналуы үшін бір ауыз сөз айта кетсем, ешбір артықтығы болмас. Мәселен, қазіргі жастардың бойында, әрине, бәрінде бірдей емес, кейбіреулерінде немқұрайлылықты көргенде, жалқаулықты көргенде жаным жүдеп, қатты қиналатыным бар. Күнделікті шаруамен айналысып жүргеннен кейін жастардың бойындағы еңбекке деген құлшыныстың аздығын көріп, күні ертең осылар қалай ел қатарына қосылады, қалай үй болады деп ойланамын. Алысқа бармай-ақ өз тәжірибемнен ақтара айтып, сабақтар болсам, өзге жерді қайдам, құрылыс саласында қара жұмыс істейтін адам жетіспейтіндігі шындық. Кейде жарнама береміз, тіпті, қалалық жұмыспен қамту орталығына барып сұрау саламыз. Сонда да таппайсың. Ай сайын алатын қомақты жалақысы бола тұра, жастар жағы жанын жалдап ауыр жұмыс істегісі келмейді. Ал, адамның нәпақасы еңбектен құралмай ма? Еңбек болғанда да, адал еңбек, арлы еңбек. Әр айтқан сөзі мағына-мазмұнын ешқашан жоғалтпайтын Абай хакім «есектің артын жусаң да мал тап» деп тегін айтқан жоқ қой. Қазір жастардың бойында жеңіл жұмыс істеп, бір-ақ күннің ішінде мол пайда тапсам деген қиял бар. Бұл қиял адал жолмен, адал еңбекпен орындалмайтын қиял. Бұрынғы өткен қариялар дүние «арыстанның аузында, түрікпеннің түбінде» деген. Осы бір ауыз сөздің мән-мазмұнына ақыл-санамен ой жүгіртіп қарасаңыз, дүние малдың басы оңайлықпен құралмайтынын айқын аңғаруға болады. Оның үстіне қазіргі күні жастар мамандық таңдай білмейді. Бұл бәлкім білім ошақтарында беріліп жатқан тәлім-тәрбиенің кемшін тұстары шығар. Кетпектей қос-қос дипломды қалталарына салып алып жұмыс іздеген жастар қаланың көшелерінде жосып жүр. Егер осы жастардан «өз мамандығың бойынша неге жұмыс істемейсің?» десең, «істегім келмейді» деп жауап береді. Төрт-бес жыл ғұмырын текке өткізіп оқу оқыған жылдары, ата-аналарының әупірімдеп тапқан қаражатын шығындап, оқудың не қажеті бар еді. Демек, бұдан шығатын қорытынды, әрбір жас мектеп қабырғасында жүргенде «болашақта кім боламын?» деген сауал төңірегінде мықтап ойлануы керек. Өзін іштей осы жолға дайындап, өсе келе қыр-сырын үйреніп, қарақан басына да, тәуелсіз елге де сөзсіз пайдасы тиетін мамандықты игергені ләзім. Осындай мысалдарға қарап тұрып, бір ғана құрылыс саласында емес, тұтас елімізде бір жүйеге келтіретін шаруаның шаш етектен екенін аңғаруға болады емес пе? Бұл бір ғана білім саласының иығына артылған зілбатпан жүк емес, ата-аналарға да қатысты жай. Мынау жарық дүниеге әкелген ұл-қыздарының ертеңін, болашағын ойлау олар үшін де парыз емес пе?

Өз басым құрылыс саласында жұмыс істеймін деп ойлаған жоқпын. Бала кезімізде ауылда өстік, ауыл тірлігі көпшілікке белгілі. Көзімізді ашқаннан көргеніміз осындай орта болғандықтан, мен де мал маманы болсам деген алдыма мақсат қойдым. Бірақ, үйдегі ойды базардағы нарық бұзып кетіп, өмірдің өзі осы салаға икемдеді. Еш өкініші жоқ. Адам белгілі бір мақсатын орындап, абырой-атаққа бөленуі үшін ең алдымен қолға алған жұмысын жеріне жеткізе істейтін табандылық керек. Ол табандылық бойыңдағы аңғарымпаздыққа, жинақылыққа құрылса тіпті жақсы. Ойға алған жолыңда кездескен саналуан қиындық жеңе білетін қажыр-қайрат үстемеленсе, шықпайтын  биігің, алмайтын қамалың болмайды. Осының бәрі құрала келе еңбекке тәуелді. Әуел баста осы жұмысты бастағанда көптеген қиындықтардың жолымда кесе-көлденең жатқандығын жасырудың қажеті жоқ. Ғұмыр соқпақтың өзі түп-түзу болып құралмайды ғой. Ылдиы мен еңісі, ойы мен қыры бар. Бүгінгідей биікке шығу үшін табаны тастан таймаған тарланбоздай күнді түнге, түнді күнге ұластырып, еңбек етуге тура келді. Әлгі қазақтың «еңбек етсең емерсің» деген аталы сөзінің мәнін ұқтық. Кейінгі жасқа ой салатын ұлағатты мысал болуы үшін айтып жатырмын.

–Адамның бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?

–Заман өзгереді екен. Заманына қарай адам да өзгереді. Әлде кейбір келеңсіз қылықтарға бола заманды кінәлау орынсыз ба? Қалай болған күнде де күндіз берген уәдеден кешке таятын тұрақсыздықты көргенде түңіліп кететінім бар. Адам арлы болып жаратылса, жүрегінде ар-ұяты болса, берген уәдесін қалай болғанда да орындауы керек. Осы бір көзбен көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін қағида барлық қоғамның өзегі болып тұр емес пе? Онсыз ажырап кетер еді. Күні-түні шаруамен айналысып жүрген соң алуан-алуан мінезге кез боларың бар. Сәл түйіндей айтқанда, мен адамның бойындағы айтқан сөзіне жауап беретін, уәдесінде тұратын қасиетті ұнатамын. Егер жұмыс барысында әріптестік іс-қимыл кезінде сөзінде тұрмайтын сұйықтығын байқасам, бар дүниенің тетігі соған тіреліп тұрса да енді қайтып алдына бармас едім.

–Қоғамды алға жылжытудың зілмауыр қиын екендігін бажайлап, байқап жүрміз. Осының сыры неде деп ойлайсыз?

–Мұндай сұраққа жауап беретін мен саясаттанушы немесе философ емеспін ғой. Біздікі күнделікті шаруа. Сәл ғана жұқалап айтсақ, алға басқан қадамды кейін кетіріп тұрған дүние, жемқорлық шығар деп топшылаймын. Қазір әлеуметтік желіні ашып қарасаң, анау ұрлап кетіпті, мынау шетелге қашып кетіпті деген өтірік-шыны белгісіз хабар-ошар сеңдей сіресіп тұр. Әрине, жел болмаса шөптің басы қимылдамайды. Егер осы елдің несібесін дұрыстап жинап, ыждаһаттап іске асырғанда, қала да, дала да гүл жайнап кететін жағдай бар еді. Әттең, соңғы жылдары айықпас дерт болып жабысқан жемқорлық деген жегі құрт барлық саланы тұтас, түгел жайлап тұр. Атам Етекбай мынау жарық дүниедегі ең қымбат қазына, жоқ іздеген жолаушының бойындағы олжасы – адалдық деп өткен жан еді. Сол қасиетті қара шалдардың пайымындағы, түсінігіндегі адалдық бүгінгі жетіспей тұрған жай. Егер бізден бұрынғы ақсақалдар құлай сүйіп, айрықша қасиет тұтып, ұрпағына аманаттаған кісінің ала жібін аттамайтын адалдық үстемдік  құрған қоғам да өзгеше өріспей дамитындығында сөз жоқ. Кешегі кеңес заманында  әкелеріміз таңның атысы, күннің батысы еңбек етті. Ол кездегі мақсат, материалдық игілік емес еді. Әрине, сол қисапсыз еңбегіне сай дүниенің рахатын көре алмаса да, қайран да қайран біздің әкелер бауыр еті балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қатарына кем қалдырмай өсіріп-жетілдіруді мақсат тұтты. Өзге шаруада еш жұмысы болған жоқ. Бүгінгі күні менің бойымдағы бір өкініш, бар саналы ғұмырын, бойындағы қажыр-қайратын аямай жұмсап ұрпағын өсірген әкеме жақсылықты көп жасай алмадым-ау деген ой. Біз өсіп-жетілгенше өмірден өтіп кетті. Адам бүгінгісімен ғана өмір сүрмеуі керек, кешегі күннің келісті бейнесі де жаныңа нұр себезгілеп тұрады емес пе? Көз алдыма «дін – апиын» деп қожа, молданы бір  шыбықпен қуып, қанша тыйым салса да, бес уақыт намазын қаза қылмай, оразасын ұстап, шариғатын айтып, таспиғын санап отыратын атамның бейнесі, жаз бойы ауылдағы таусылып бітпейтін науқандық жұмыстардың соңында жүретін, қыс бойы қой бағатын әкемнің бейнесі оралған сайын ет жүрегімнің елжіреп кететіні бар. Бауыр еті балалары бүгінгі күні бір нәрсеге қолдарын жеткізсе,  ақадал еңбектерінің арқасында абырой-атаққа бөленсе, ең алдымен біз үшін әлемдегі ең қымбат сол кісілердің тәлім-тәрбиесінің арқасы деп білемін.

–Сіз үшін дүниеде не қымбат?

–Қоғам неғұрлым ізгілікті болуы үшін әр адам көкірегінде сол қоғамның сүттей ұйып отыруына титтей болса да өз үлесімді қоссам деген ынта-ықылас, кең пейіл болуы қажет. Бәлкім ең қымбаты осы шығар. Теңіздің де тамшыдан құралатыны тәрізді замандастарымыздың бойында кісілік, адамгершілік қасиет шапағатын шашып, нұрланып тұрар болса, біздің қоғам да гүл жайнап кетер еді. Адам қай заманда да адами кісілік қалпынан ажырамауы керек. Алысқа бармай, өз тәжірибемнен қамырдан қыл тартқандай етіп айтатұғын болсам, істеген жұмысыңның нәтижесі дұрыс болса, көзің тойып, көңілің бүрленеді. Осы ісің арқылы өзгеге де қуаныш сыйлайсың. Соның барлығы абырой деген жалғыз ауыз сөзбен түйінделеді. Мысалы, мен адамдардың ұрпағын өсіретін, өздері жайлы күн кешетін тұрғын үйлерін барынша қолайлы, әсем, салтанатты етіп салсам, абыройға бөленемін. Ең бастысы, ақша табуда емес, қаражат табудың саналуан жолы бар. Біз осы саланы қолға алғаннан кейін, әрине, табыс табу да бірінші кезектегі мақсат болып саналады. Дегенмен, ақшадан абырой бірінші тұрса, табыстан елдің алғысы басымырақ болса, онда ойға алған асыл арман, мәнді мақсатың орындалды деп есептеуге болады. Кей-кейде өзіміз тұрып жатқан Көкшетау қаласы неге әсем, неге көзтартарлықтай көрікті болмасқа деп ойланатыным бар. Біздің табиғатымызға бір уақыт назар аударып қарасаңыз, қандай ғажайып, көрікті жерде тұрамыз. Тылсым тарихтың бұғып жатқан сан сырын қойнауына жасырған Бұқпа тауынан басталып, тостағанға құйған зәмзәм суындай толқып жатқан Қопаны бауырына басып қоныстанған шөкімдей ғана қала. Осы қаланы жаңа заманның архитектуралық үлгілерімен байытып, ажарлы, таза, салтанатты қала етуге әбден болады. Ол үшін салынып жатқан жаңа құрылыстарға үлкен жауапкершілікпен келу керек. Сіріңкенің қорабы тәрізді бір-бірінен айнымайтын көпқабатты үйлерді сала берудің ешбір қажеттілігі жоқ. Әрине, қазір урбанизацияның өршіп тұрғандығы түсінікті. Адамдар сан жылдар бойы ғұмыр кешкен ата жұртын қимай-қимай тастап, жұмыс көзі бар, тіршілігі жайлы деп саналатын мегаполистерге қоныс аударуда. Демек, тұрғын үйге қашанда сұраныс болады. Бірақ, сол тұрғын үйді қалай саласың, салған үйің жаңа заманның қатал заңына жауап бере ме, міне, мәселе осында?!

–Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында облыстағы іскер азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды. Соның ішінде сіз де барсыз. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдыңыз. Сонда, еңбектің ақталғаны ғой бұл.

–Әрине, мен өз еңбегімді дабыралап айта бергім келмейді. Біздің компания 2012-2022 жылдары «Сайран», «Триумф», «Болашақ», «Бриллиант», «Империя», «Жаңа дәуір», «Алтын қала», «Кенесары» тұрғын үй кешендерін салды. Бұл жайдан қала халқы жақсы хабардар. Тәжірибе жинақтадық, ізденіс арта түсті. Біз әрбір тұрғын үйді жаңаша кейіпке енгізіп, архитектуралық талаптарға сай ажар беріп салғымыз келеді, салып та жатырмыз.

–Сіздің қайырымды жан екеніңізді барлығы біледі. Осы шаралардың бірі ретінде Бірлік шағын ауданында мешіт салғаныңыз мәлім. Ойыңызда Алланың жердегі үйін тұрғызу мақсаты қалай пайда болды?  

–Бір күні балам Мақсат маған «Мен бүгін Бірлік шағын ауданында жақсы, жайлы жерді көріп келдім. Бұл жер менің сүйікті әжемнің тұрған үйінің жанында орналасқан. Ойымда үлкен арман туындап тұр. Сол жерге әкімшілік рұқсат берсе, мешіт салғым келеді» деген болатын. Мен оған «Балам, бір үйдің баласы болма, бар елдің санасы бол, бір елдің баласы болма, бар елдің данасы бол» деп батамды бердім. Солай мешіт салуды қолға алдық. Қала тұрғындарының Алладан тілеген арманы орындалып, жаңа мешіт пайдалануға берілді. Мұхаммед Пайғамбардың бір хадисінде: «кімде-кім Алланың разылығы үшін мешіт салса, Алла тағала ол адам үшін жәннаттан үй тұрғызады» делінген. Соңғы жылдары Алла тағаланың разылығы үшін мешіт салып жатқан қайырымды, жұртқа жанашыр адамдар аз емес. Осындай ел қуанып, қалың қауым разы болған оқиға Етекбай молда атындағы мешіттің ашылу салтанатында көрініс берді. Мешітке үш жүзге жуық адам сияды. Еңселі, сәулетті. Жайлы асханасы да бар. 2022 жылдың желтоқсан айында іргетасы қаланды. Бір жылдың ішінде салып шықтық. Бұл мешітті отбасымыздың және жеке компаниямыздың қаражатымен салдық. Салуға кеткен қаржы көлемі маңызды емес, ең бастысы жүрегіміздегі имандылыққа деген ниетіміз болды. Осы шағын ауданда 1990 жылдары менің әке-шешем тұрған, балаларым осы жерде ойнап, ер жеткен. Ең бір өкініштісі, Бірлік шағын ауданына мешіт салуды армандап жүрген ұлым Мақсат қапияда өмірден өтіп кетіп, қайғылы жағдайды басымыздан кештік. Сондықтан бір жағынан баламның өсиетін, орындалмай қалған арманын жүзеге асырып, әкелік парызымды өтеп жатқан жайым бар.

–Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

–Қазір тоғыз қабатты бір үйді аяқтап, дәл сондай екінші үйдің құрылысын бастап жатырмыз. Алдағы уақытта қаланың көркеюіне құрыш қолды құрылысшылардың ерен еңбегі арқылы үлесімізді қоспақпыз. Өзім қалалық қоғамдық Кеңестің төрағасы ретінде абаттандыру, көгалдандыру мәселесіне ат салысудамын. Қала тұрғындары жолдардың жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолдарының қайтадан салынып, жаңғыртылып жатқанынан хабардар. Өзгеше күйге енген облыс орталығы көрген көз қуанатындай салтанатты кейіпке енуде. Қопа көлінің жағалауындағы демалыс орны қандай?! Мәңгілік алау маңы да өзгеше сипатқа ие болғалы тұр. Игілікті істің бәрін таратып айту көп уақытты алар еді. Қысқаша шиырып айтқанда, облыс орталығы жаңа заманның талабына сай айрықша салтанатты ажарға ие болуда. Меніңше қаланың әрбір тұрғыны өздері тұрып жатқан мекеннің дамуына үлес қосуы керек.

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген журналист Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар