Өнеге болар өмір жолы бар

Ұстаздан жақсы із қалар

Бұл өмірде жақсы адамдар жаздың жайдары ашық күнінде көгілдір аспан жүзінен шуағын барынша шашып тұратын күннің көзі сияқты. Сондай жанына жылылық, жанарына нұр ұялаған асыл да абзал жандардың бірі Мәйкен Сыздыққызы Жүнісова 1945 жылы 9 тамызда бұрынғы Целиноград, қазіргі Ақмола облысының Шортанды ауданының Новокубанка ауылында дүниеге келген.

Әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Сыздық Шоғырмақұлы, анасы Күлпәш Сәдуақасқызы жүректері елім  деп соққан өнегелі отбасы иелері еді. Екеуі де Көкшетау облысы Арықбалық ауданының Әлжан,  ауызекі тілмен айтқанда Сәберлі ауылынан. Ата-анасының тәлімді тәрбиесін алған Мәйкен тәтеміз өзіне тән саналы, ақылды болмысымен мектепте жақсы оқып, кәмелеттік аттестат алғаннан кейін өз қатарластарымен бірге Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі.

Институтты тәмамдағаннан кейін Көкшетау ауданының Пахарь сегіз жылдық мектебіне жолдамамен жұмысқа жіберіліп, сонда ұстаздық етеді. Алдынан ондаған шәкірттер білім алып, үлкен өмірге түлеп ұшса, мұнда Мәйкен тәтенің сол жеткіншектерге деген сүйіспеншіл көңілі, өмірде таңдап алған өз мамандығына деген адалдығы жатқаны анық еді.

1967 жылы Мәйкен Сыздыққызы көрікті Көкшенің сегіз қырлы, бір сырлы жайсаң азаматы Барлыбай Жүсіпұлы Жүнісовпен көңіл қосып, екеуі отау тігеді. Сөйтіп, Мәйкен тәтеміздің ендігі ұлағатты ұстаздық жолы сол кездегі Көкшетау облысының орталығы Көкшетау қаласында жалғасады.

Осында №7 орта мектепте математика, физика пәндерінен сабақ берген ұлағатты ұстаз кейін №20 мектеп-интернатта отыз жылға жуық интернат меңгерушісі болып қызмет атқарып, осы білім ордасынан құрметті зейнет демалысына шығады.

Осы жылдар ішінде Мәйкен Сыздыққызы өзіне тән адамгершілік зор қасиеттерімен, іскерлігі, жүктелген міндетіне жоғары жауапкершілігімен әріптестері мен шәкірттерінің құрметіне бөленіп, ұстаз деген үлкен абырой биігінен сеніммен көріне біледі. Оған ұстаздық қырық жылдық еңбегінде қол жеткізген түрлі марапаттары, алған алғыстары да дәлел.

Бұл еңбекке, бақытқа толы жылдар Мәйкен тәтемізге отбасында да зор қуаныш сыйлап, бір кезде Барлыбай ағамыз екеуі ізгі ниетпен құрған отаулары үлкен қара шаңыраққа айналды. Дүниеге ата-ана өмірінің жалғасы, көз қуанышы сәбилер келіп, шаңырақ шаттығын одан әрі молайтты.

Өзінің еліне, жеріне қалтқысыз қызмет еткен қысқа ғұмырында аяулы жарына бар жан жылуын төккен Барлыбай ағамыз да Жамбыл құрылыс институтын инженер құрылысшы мамандығы бойынша бітірген Көкшетау облысындағы белді құрылыс мамандарының бірі еді. Осы бір асыл азаматтың қолтаңбасы бүгінгі күні де  облыс орталығындағы көптеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік-өндірістік нысандарда тайға таңба басқандай айқын көріне түседі.  Құрылыс саласын жетік білетін қазақ азаматтарының көш басында тұрған Барлыбай Жүнісұлы өмірінің соңғы жылдарында жылжымалы механикаландырылған колоннаның басшысы ретінде де осы салада өзінің өшпес ізін қалдырды. Ол кісінің Көкшетау қаласында салған соңғы құрылысы балалар туберкулез ауруханасы екенін де айта кету парыз.

Осылайша  бүгінгі облыс орталығының одан әрі дамып, қанатын кеңге жаюында айтарлықтай үлесі бар Барлыбай ағамыз Мәйкен тәтемізбен қырық жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, 2006 жылы алпыс жасында тым ерте дүние салғанымен, жарқын бейнесі, атқарған ісі әлі күнге дейін көптің жүрегінде.

Туған-туыстарының арасында сыйлы болған аға-тәтеміз өмірде ақжарқын, бауырмал қалыптарымен жора-жолдастарын, тамыр-таныстарын да өздеріне тарта білді. Әсіресе, Барлыбай аға Ортақ ауылындағы әкесінің інісі Төлеу ата және ол кісінің үй ішімен үлкен туыстық қарым-қатынаста болды. Сондай-ақ, көзі тірісінде Көкше өңірінің белгілі ел ағасы, Қанай бидің ұрпағы, үлкен ғалым, жазушы Айтқажы аға, Шәми апа Қазыбековтермен мың жылдық туған құда-құдағи болып өрістерін кеңейте түсті. Қазір жанындай жақсы көретін қызы Айгүл мен күйеу баласы Мұраттың өздері үлкен берекелі шаңырақ иесі. Осы балалардан көрген үлкен жиендері Әлібек Алматы мен Астананың арасында бизнесмен, Әйгерім жиені бой жетіп, тұрмыста. Осы жиенінен Мәйкен тәте шөбере сүйіп, үлкен қуанышқа кенелген жайы бар. Кіші жиені Әлішер мектепте оқиды.

Барлыбай аға  мен Мәйкен тәтенің ұлдары Марат та жасынан талабы зор болып өсті. Қазір ол келіншегі Динара және балалармен Алматы қаласында тұрады. Үлкені Алуа қалалық әкімдікте қызмет атқарса, ұлы Қайсар Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде белді бір компанияда  ІТ маманы.

Міне, осылай қанатын кеңге жайып, көркейіп отырған Жүнісовтар әулеті көрікті Көкше жерінде көпке үлгі боларлықтай үлкен абырой мен құрметке ие. Барлыбай аға шаңырағын сол бұрынғыдай қонақжай, қадір-қасиеті мол күйінде қадірлеп ұстап отырған Мәйкен тәтемізге бүгінгі той меймандары, ағайын-туыс атынан қандай алғыс білдірсек те көп емес.

Кішкентайынан бойына сіңген қазақы тәрбие өмір бойы Мәйкен Сыздыққызын ағайын-туысқа, жалпы, кімге болсын, мейірім шуағы төгіліп тұратын осы бір жайдары, бауырмал, көпке жанашыр, сабырлы да салиқалы қалпында танытып келе жатса, ол кешегі Екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін белуардан от кешіп, майдан даласында бір көзін берген Сыздық Шоғырмақұлы атамыздың да үлкен қадір-қасиетінен деуіміз керек. Бейбіт заманда сот саласында, басқа да жауапты қызметтерде өзін тек жақсы жағынан көрсеткен бұл кісінің туған інісі Қайырбек болса, ұлы Жеңіске бір ай ғана қалғанда Берлин түбіндегі қанды шайқаста жау снаряды тиген танк ішінде қалып қаза тапқан.

Мінекей, осындай өнегелі әулеттен шыққан Мәйкен Сыздыққызы Жүнісова бұл күнде аяулы ана, шөбере сүйген бақытты әже, оған қоса, ұлағатты ұстаз, көптің сыйлысы, құрметтісі атанып, мерейлі сексен жасына қадам басып отыр. Осы бір қуаныш үстінде біз де көңіліміз шалқып, мерейіміз өсіп, осы бір аяулы жанға әлі де бақуатты, жақсы, ұзақ ғұмыр кешуін, одан әрі де бала-шағасының қызығын көріп, ел-жұртының сый-құрметін иелене беруін тілейміз. Жасыңызға жас, басыңызға бас қосыла берсін, көрікті Көкшенің асыл бір перзенті Мәйкен Сыздыққызы!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.          

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар