Мерекелік лебіз
Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда құрылыс саласы елеулі рөл атқарады және ел экономикасының маңызды секторларының бірі саналады.
Бүгінде еліміздің қай өңірінде болсын инфрақұрылым айтарлықтай дамып, оның алға басуына сәулетшілер, инженерлер мен дизайнерлер, бетон құюшылар мен тас қалаушылар, сырлаушы-сылақшылар мен әрлеушілер, жол салушылар сүбелі үлес қосып, білек сыбана еңбек етуде. Бүгінгі қолға алынған әрбір құрылыс нысаны болашаққа қазіргі заманнан сыр шертетін сәулеттік ғимарат болып қалары сөзсіз.
Қазіргі уақытта Ақмола облысының аудандары мен қалаларында құрылыс саласы тұрақты түрде дами түсуде. Өндірістік базалар нығайып, құрылыс саласына да жаңа озық технологиялар белсенді түрде енгізілуде, жұмыста жаңа ұстанымдар қалыптасуда, ауқымды жобалар жүзеге асырылу үстінде. Бүгінгі күні Ақмола облысында жоғарыда атап өткеніміздей, заманауи қолайлы тұрғын үйлер, жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары, ауруханалар мен мәдениет үйлері, балабақшалар мен мектептер, спорттық және басқа да әлеуметтік маңызды нысандар салынуда, аулалар көріктендіріліп, демалыс орындары жасақталуда. Құрылыс саласы еңбеккерлерінің жан-жақты жұмыстарының нәтижесінде біздің қалаларымыз бен ауылдарымыздың келбеті көркейіп, адамдардың жақсы тіршілік кешіп, жемісті еңбек етіп, лайықты демалуы үшін жағдай жасалуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауларында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және әрбір қазақстандық отбасы үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі басымдықтарды нақты атап-атап өткен болатын. Осы стратегиялық бағытқа сүйене отырып, Ақмола облысында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды шаралар қабылдануда. Биылғы 2025 жылы біздің алдымызда облыс бойынша 675 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті тұр. Бұл ауқымды міндет әлеуметтік тұрғын үйлерді, мемлекеттің қолдауына мұқтаж жандарға арналған пәтерлерді, жаңа пәтер сатып алуға ниетті жандар үшін нарықты кеңейте отырып коммерциялық тұрғын үйлер мен жеке тұрғын үйлерді пайдалануға берудің кешенді тәсілдері арқылы шешілетін болады.
Қазірдің өзінде аталмыш бағытта ауыз толтырып айтуға болатын жетістіктер бар. Мәселен, тұрғын үй құрылысы қарқын алған біздің облыста биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 273 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 15 пайызға артық. Мұның өзі жай ғана сан емес, ол жаңа үйлер мен жаңа пәтерлер және жүздеген отбасылар үшін жаңа мүмкіндіктер.
Қазіргі уақытта 33 бюджеттік көппәтерлі тұрғын үйдің немесе 1656 пәтердің құрылысы сәтті жүргізілуде, жыл соңына дейін олардың ішінен 12 көппәтерлі әлеуметтік тұрғын үйлерді пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл ретте, халықтың әлеуметтік осал топтарына, кезекте тұрғандарға ерекше көңіл бөлінеді.
Мемлекет тұрғын үй мәселесін шешу үшін барлық қолжетімді құралдарды пайдалануда. Соңғы жылдары халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жеке құрылыс компанияларынан дайын пәтерлерді сатып алып, беру секілді жаңа механизм енгізілді. Осы мақсатта ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 386 пәтерді сатып алуға бюджеттен 12 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда әзірге 196 отбасы жайлы тұрғын үйлерден пәтерлердің кілттерін алып, баспана қуанышына бөленді. Сол сияқты, облыста әлеуметтік сала нысандарын салуда да үлкен серпін бар. Бұл бағытқа қомақты инвестициялар тартылып, халықтың толыққанды өмір сүру жағдайын жасау үшін жаңа мектептер, ауруханалар, спорттық және мәдени нысандар бой көтеруде.
Биылғы бірінші жартыжылдықта 5 жаңа әлеуметтік нысан халық игілігіне тапсырылды. Атап айтқанда, олар Зеренді ауылындағы спорт мектебі және ұлттық пилоттық жоба аясында салынған Целиноград ауданының Шалқар, Жаңаесіл ауылдары мен Аршалы және Бұланды аудандарының Арнасай және Алтынды ауылдарындағы денсаулық сақтау нысандары. Бір атап өтерлігі, бұл нысандар активтерді заңсыз шығаруға қарсы күрестің нәтижесінде мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен салынды.
Жыл соңына дейін білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын қоса алғанда, тағы 29 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Олардың алтауы білім беру саласындағы мектептер болса, оны денсаулық сақтау жүйесі бойынша, сегізі спорт және бесеуі мәдениет салаларында қарастырылған. Бұл нысандар пайдалануға берілсе, облыстың аудандары мен қалаларының тұрғындары үшін үлкен сый болады деген ойдамыз.
Тұрғын үй және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру – бұл жай ғана цифрлық көрсеткіштер емес, ол адамдардың өмірінде нақты өзгерістер, жаңа мүмкіндіктер туғызу. Жаңа үйлер, жайлы мектептер, заманауи ауруханалар мен спорт кешендерінің бой көтеруі кім-кімге де болсын, өмір сүруге қолайлы жағдай жасайды, ұлт денсаулығын нығайтады және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Әрбір жаңадан салынған үй, пайдалануға берілген әрбір әлеуметтік объект – бұл елдің тұрақты дамуына қосылып жатқан үлес. Сонымен қатар, бұл Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойған міндеттерді іс жүзінде орындау әрі Президенттің тапсырмаларын қағаз жүзінде ғана қалдырмай, халықтың өмірін жақсы жаққа өзгерте отырып, атқарып жатқан жұмысымыздың көрсеткіші.
Осы «Арқа ажарының» бетінде сөз алу мүмкіндігін пайдалана отырып, облыс аумағындағы құрылыс нысандарын салуға атсалысып жатқан құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтағым келеді. Олардың жасампаз, жанкешті еңбектері, маңдай терлерінің нәтижесі жерлестерін қуантуда. Осы қажырлы еңбектері арқылы құрылысшыларымыз туған өлкеміздің экономикасын нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, әсем де еңселі ғимараттар тұрғыза беретіндіктеріне сенеміз.
Азамат БАЙҚУАНЫШЕВ,
Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы
басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
![]()

