Адам өміріндегі ең мағыналы да мәртебелі мамандықтың бірі – ұстаздық. Өйткені, мұғалім ұрпаққа білім ғана беріп қоймайды, адамдық қасиетке, елге адал қызмет етуге, тәртіп пен жауапкершілікке баулиды.
Осындай қасиеттерді бойына сіңірген, саналы ғұмырын білім мен тәрбие беру ісіне арнаған ұлағатты ұстаз Қайыргелді Қабдоллаұлы Исин биыл 11 тамызда 70 жасқа толғалы отыр. Ұлтымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп, мұғалімнің жұмысына жоғары баға берген және ұстаздың қоғамдағы орны мен жауапкершілігін анық айтып кеткен. Ал, ауыл мұғалімі, ол ауыл балаларын оқуға, еңбекке баулитын, бағыт-бағдар беретін жанашыр адам. Осы мақалаға арқау болған сондай жандардың бірі және бірегейі, менің әріптесім, ауылдасым Қайыргелді Қабдоллаұлы Исин.
Бұрынғы Көкшетау облысы, Қызылту ауданы, Амангелді ауылының тумасы Қайыргелді Қабдоллаұлы әскер қатарынан келген соң, кеңшарда комсомол ұйымына жетекшілік етті. Ауыл жастарының спортқа, өнерге араласуына ықпал етті. Нәтижесінде жетпіс адамнан құралған домбыра оркестрін ұйымдастырып, аудандық, облыстық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Өнерге жақын болғандықтан, домбырашылар триосын ұйымдастырды. Ауыл өнерпаздарынан құралған трио құрамында Қайыргелді Исин, Марат Жармағанбетов, Қайырбек Исин Алматыда өнер көрсетіп, әндері теледидарға жазып алынды.
Уақыт өте келе, Қайыргелді Қабдоллаұлы сырттай Петропавл қаласындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, география пәні мамандығы бойынша білім алып, Амангелді ауылында Ленин орта мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырды. Сапалы білім берумен қатар, саналы тәрбие беруді мақсат тұтқан ұстаз талай шәкірттің жүрегіне жол тапты. Өзі жетекшілік еткен сыныптарда әрдайым тазалық, тәртіп, жауапкершілік талап етілетін. Әрі солай болатын. Ұстаздарының бұл қасиетін шәкірттері осы күнге дейін еске алады.
Қайыргелді Қабдоллаұлының іскерлігі мен жауапкершілігін байқаған мектеп басшысы Зайниден Әлімжанұлы Әлижанов өзінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындады. Мектептің тәрбие жұмысын ұйымдастыруда Қайыргелді Қабдоллаұлының ерекше қабілеті жаңа қырынан байқалды.
Амангелді ауылы таза қазақ ауылы болғандықтан, мектептің тәрбие жұмысына ұлттық сипат беру ісі қолға мықтап алынды. Еліміздегі «Атамекен» қозғалысының жанашыры ретінде түрлі республикалық семинарларға қатысып, тәжірибе жинақтады. Соның нәтижесінде өзіміздің Амангелді орта мектебі негізінде аудандық, облыстық семинарлар мен конференциялар өткіздік, Көкшетау қаласындағы ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, мектептің оқу-тәрбие жұмысының тұсаукесерін жасадық. Нәтижелі еңбектің арқасында мектебіміз 1996 жылы «Сорос – Қазақстан» қорының грантына ие болды. Бұл Қайыргелді Қабдоллаұлының жаңашыл ұстаз, заманауи әдістемелерді меңгерген маман екенін көрсетті. Ол кезде аудан орталығы Қызылту мектептерінде болмаған ксерокс, факс, компьютерлермен жабдықталдық.
Қайыргелді Қабдоллаұлы білікті ұстаз ғана емес, сонымен қатар, шығармашылыққа жаны жақын адам. Ол баспасөз беттерінде мақала, өлең жариялап жүрген қаламгер, ән айтатын өнерпаз, сурет салатын шебер. Бұл оның жан-жақтылығын, рухани байлығын айғақтайды.
Ұйымдастыру қабілеті мен біліктілігінің арқасында қазіргі Ақтүйесай, бұрынғы Қызылту ауданындағы Карл Маркс орта мектебі мен Көкшетау қаласындағы ғасырдан астам тарихы бар іргелі білім ордасы – М.Ғабдуллин атындағы №3 орта мектепте директор қызметін атқарғаны да осы қасиеттерінен еді.
Ежелден қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы Қайыргелді Қабдоллаұлының өмірлік ұстанымының тағы бір айқын көрінісі. Ол Амангелді ауылдық Кеңесін де басқарып, осы елді мекеннің тыныс-тіршілігіне белсене араласты. Тәртіп, тазалық, ұйымшылдық пен жауапкершілікке негізделген нық жұмыс жүйесімен сол кезде ауыл тұрғындарының ризашылығына бөленді. Ұйымшылдық қабілеті жоғары ұстаз білім мекемесінде де, қоғамда да әрдайым көшбасшы бола білді. Оқу мен тәрбие жұмысын ұштастыра білетін, шәкірттерінің жан-жақты дамуына жағдай жасай алатын нағыз педагог ретінде көрініп, өз есімін өзі танымал етті.
Қайыргелді Қабдоллаұлы – отбасында қамқор әке, аяулы жар, немерелерінің сүйікті атасы. Атасының өнері немересі Ажарға дарып, биші, әнші Ажар сахнада өзінің мың бұралған биімен, әнімен шет елдерде өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді. Қазіргі кезде Көкшетау қаласындағы «16 қыз» халықтық би ансамблінің құрамында талай жерлерде болып, халықтың көңілінен шығып жүр. Ажардың жолын қуып, киелі сахнада өнер көрсетіп жүрген басқа да немерелерін айтпасқа болмайды. Ұлдары Ардақ, Абзал, Айдын жоғары білімді азаматтар, бір-бір шаңырақ иелері.
Бүгінде осы айтылғанның бәрін бір сөзбен түйіндей келсек, Қайыргелді Қабдоллаұлы шын мәніндегі халық мұғалімі, елдің ерен азаматы. Зайыбы Күләш немерелерін бағып отырған сүйікті әже. Қайыргелді әріптесімнің әкесі Қабдолла атамыз бен Дәметкен әжеміз ел қадірлейтін еңбекқор адамдар болған. Атамыз мал шаруашылығында талай жылдар бригадир болып еңбек етті. Дәметкен әжеміз «Амангелді» кеңшарында сауыншы болып, кезінде жергілікті Кеңестердің және КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Осындай өзгеге өнеге болатын, үлкен тұлғалардың тәрбиесінде өскен намысты ұл ел қамын ерте ойлап, ерте танылды. Өмір жолында қиындыққа мойымай, үлкен мектептен өтті. Сондықтан, Қайыргелдінің бүгінгі толып отырған 70 жасы бір адамның ғана емес, өзі бас болып отырған тұтас бір әулеттің, ұрпақтың шежіресі, еленген еңбектің биік белесі.
Білім мен тәрбиені қатар ұштастырған өнегелі ғұмыр иесіне, ініме жетпіс жылдық мерейтойы құтты болсын дей отырып, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілеймін, әлі де көретін қызығың, жақсылығың көп болсын деп шын жүректен ізгі көңілімді білдіремін!
Алтын МЕЙІРМАНОВА.
![]()

