АБАЙ ДАНАЛЫҒЫ – АЛЛАНЫҢ АМАНАТЫ

Абай – 180

Тұжырымдамалық баян

Соңғы бес-алты жылдың бедерінде ұлтымыздың бас ақыны Абай шығармашылығын – өлеңдерін, ғақлия сөздерін, әндерін негізге ала отырып, көрермен қауымға еліміздің көрнекті сахналарынан «Толық адам. Ой толғау. Хакім Абай» атты жаңа сипаттағы моноопера ұсынып жүргенімді құлағы түрік жұртшылық білсе керек. Бұл туынды сахнаға әр шыққан сайын жаңарып, толығып, үстемелене түсуде. Әр жолы жаңа мағынамен байытуға, тақырыпты тереңірек ашуға, кеңірек қамтуға жан салып бағудамын. Монооперада хакім Абайдың даналығы, философиясы, өмірлік ұстынды қағидалары, ұлағат-ұстанымдары, көзқарасы, ой иірімдері барынша жарқырап көрінсе екен деймін. Осы ізгі ниеттен туған мақсатым орындалып та келе жатқан сияқты. Әсіресе, моноопераның соңғы нұсқасында Абай даналығы – Алланың аманаты екендігі, оның бүкіл шығармашылығы хақ дінімізді қастерлеу, Құран Кәрімнің нағыз хакімдік тұрғыдағы түсіндірме хадистері болып табылатыны айғақтап айқындалады.

Осы арада «хакім» сөзінің мән-мағынасына тоқтала кетейік. Абайды ең алғаш «хакім» деп атаған заманалар зарлығы Мағжан. «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес» дейді ол. Одан әрі Абай сөзінің мың жылда да дәмі кетпейтінін, әлемнің құлағынан әні кетпейтінін ізерлейді. Нағыз көріпкелдік деген осы шығар. Байқайсыздар ма, Мағжан бұл арада Абай бойындағы хакімге тән қасиеттерді, Құран Кәріммен туыс, пайғамбарлық әлеміндегі тылсым сипаттарды нұсқап отыр. Бір сөзі мың жыл ұмытылмаса; қазақтың ғана емес, әлемнің құлағынан әні кетпесе, сөйтіп, адамзаттың рухани азығы болса, мың жылдан кейін қайырылып келіп, қасқа жолына жөн сілтер темірқазығы болса, онда Абайдың кім болғаны? Олай болса, Абай сеңгірі ғұламалықтан биік, абыз даналықтан жоғары деп пайымдаймыз. Иә, Абай алты алаш мойындаған хакім. Ал, хақ дініміздің қағидалы қалыбында Жаратушы Хақ тағалаға ең жақын адам – пайғамбар, одан соң сахабалар, әулиелер, сосын хакімдер болып тізбектеледі екен. Міне, хакім Абай осындай қасиет-киеге ие, исі қазақ ішінде Аллаға ең жақын адам.

сурет anatili.kazgazeta.kz сайтынан.

Аллаға деген құрмет, сүйіспеншілік орайында хакім Абайдың ой-пайымы өзінен бұрынғы, әлемнің екінші ұстазы саналған Әл-Фараби шығармаларымен, Қожа Ахмет Яссауи хикметтерімен үндесіп, оларды сәтті жалғастырып, әрі қарай дамытады. Ғұлама академик Ақжан Машанидің Әбу Насыр Әл-Фарабиді мұсылман хакімі деп атауы тегін емес. Екінші ұстаз адамдағы ұлы махаббатты Алламен сабақтастырады, ізеттілік пен әдеп, ақылды имандылықпен байланыстырса, хакім Абай махаббат адам бойындағы жағымсыз қылықтарды жояды дейді. Ал, Қожа Ахмет Яссауи: «Хикметтерім –келген пәрмен Алладан, Ұлы түбін Құран десін ұққан жан» деп, өз өлеңдерінің Алладан келген аян екенін білдіреді. Қазақы түсінікпен айтқанда, Алла аузына сөз салған. Осы тұрғыдан келгенде, Яссауихикметтері Құранның мазмұны мен мәнін ашады, сопылық жанкешті махаббатпен Алланы танытуға, тануға ұмтылады. Ал, Абай иманигүл ілімін жасап, үш сүю танымын қалыптап, сөздің басы әуелі аят, хадис екендігін айтып, қалың елі қазағын Алла мен адамзатты және әділетті сүюге шақырады. Иманигүлдің кереметі осы. Бұл – адамгершілік пен имандылықтың, ізгіліктің ең биік шыңы деп білеміз. Моноопераның соңғы нұсқасында осы жайлар айшықтала түседі.

Жидебай. Абай-Шəкəрім мемориалдық кешені. сурет www.akorda.kz сайтынан.

Күллі дүниенің бастауы Жаратушы Аллада десек, руханиятымыздың, ғылым-білім мен өнер-мәдениеттің асыл түбі Құраннан тартылады. Құран – поэзия, Құран – ән, әуен. Өйткені, Алла «махаббатпен жаратқан адамзатты». Нағыз байыбына барсақ, «Құран» сөзі араб тілінде дауыстап оқу, мақамдатып, әуендетіп, ырғаққа салып оқу деген мағынаны білдіреді. Бұл әуезділікті Құран аяттарын оқитын әрбір хақ мұсылман біледі десек, қателеспейміз. Осы ғажапты ең алғаш аңғарып, ілімінде айқындаған Әл-Фараби бабамыз: «Табиғат дүниесінің көркі – аспан шырақтарында, жан сұлулығы – музыкада. Музыка мақамы ғаламның ғажайып үндестік гармониясына ұласады. Осындай дәрежеге көтерілген адамдар нағыз даналар» дейді де, осы айтқандарын Хақ Тағаламен сабақтастырады. Ал, Құл Қожа Ахметтің Хаққа ғашық болып айтқан сөзіне жүгінсек: «Тағаланың мақамы ғажап мақам… Ол мақамды ғашық құлдар таңдау қылар…Осы мақамды білдіретін пір керек»… Әрине, Хақ Тағаланың бұл арада айтылып тұрған мақамы – Құран, Құран сүрелері мен аяттары. Олай болса, қазақ әні мен поэзиясының бастау бұлағы Құранда жатыр.

Көңілімізде, көз алдымызда Абай десек – қазақ, қазақ десек – Абай тұрады. Бұл жай сөз емес. Бұл – Құран Кәрімнен келген рух. Абай өз шығармаларында, ғақлия қара сөздері мен өлеңдерінде Құран Кәрімнің сүрелері мен аяттарын өзінің басты тақырыбы қылды, сөйтіп, оны қазақтың дәстүрлі асыл сөздеріне ұштастырды. Қазақ хакімінің ұлылығы да, міне, осында. Менің осыдан шығатын ойым – Абай Олимпиадасын жасау. Олимп дегеніміз биік шың ғой. Бар әлемнің басын қосатын әлемдік деңгей, әлемдік дүние. Пәлсафалық ұғымға салсақ, біз ғылымда, өнерде, поэзияда әлемдік деңгейге Абай арқылы көтерілеміз. Осы орайдағы мақсатым: Абай қорын ашсам деймін, Павлодарда Абайға арналған республикалық конкурс ұйымдастырсам деймін. Бір ғана Абай емес, оның өз әндері мен романстарына қоса, Абай өлеңдеріне жазылған қазақ композиторларының романстары. Мұның сыртында Біржан сал, Ақан сері, Әсеттерге жол ашып, бұған консерватория, колледждерді қатыстырып, жыл сайын Абай оқуларын, Абай атындағы ән – әуез мерекесін өткізу керек. Осынау Абай ұлағатын бүкіл Қазақстанға жайып, сосын түркі әлеміне шығару, одан соң дүние жүзіне, әлемдік Олимп төріне жол ашу – қазіргі басты мұратым.

Тағы бір өзекті мәселе бар. Абайдың сыйынғаны, басты махаббаты Алла десек, тәу еткендері, ұлық ұстаздары, аға тұтқан абыздары, сырлас һәм мұңдас достары кімдер? Бұған жауапты хакімнің өзі береді.

Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммаси
Мәдәт бер я шағири фәрияд.

Мұнда темірқазығы, ұстаздары кімдер екені тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Абай осы жолдан өмір-бақи тайған емес. Өйткені, ол «пайда ойламады, ар ойлады, артық білуге талап қылды». Қырық төртінші қара сөзінде «Адам баласының ең жаманы – талапсызы» деген еді. Талап қылушылар да неше түрлі болады. «Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі»… Көрдіңіз бе? «Талапты ерге нұр жауар». «Оған да ғылым, оған да ой» керек. Сонда айтады» «Қазақтың өз бетімен ізденіп оқыған талап болмаса, кітап бетінен оқып іздеген талап емес. Оның үшін кітап сөзімен ізденген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек. Одан соң ғибадат қыл» дейді. Осы орайда мына өлеңі керемет.

Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес.

Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін.

Міне, қалай ғибадат қылу керектігін, қалай тазару керектігін, соның бәрін Абай түгелімен айтып кеткен. Сондықтан, талап-ыждағатсыз ештеңе болмайды. Ал, талаптыға үлкен ой, соған сай ғылым, парасат керек.

Талапсыздардың ешқайсының ойында Салтыков пен Толстойдың жоқтығына назаланып, ақыл айтатын «Здравомыслящий» парасат иесі ағаларға қарай жөн сілтеді. Сонда Абай көкірегіне ұя салған бұл ақылды ағалары кім?  Менің ойымша, олар адамзаттың маңдайына біткен алыптар Пушкин, Крылов, Гёте, Байрон, Шиллер, Лермонтов… Иә, осындай «единицалар» болмаса, «не болады өңшең нөл?»… «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел?». Абай шығармашылығының адамгершілік қағидалары, ізгілік пен парасат ұстыны Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссуиден тартып, жоғарыда аталған әлемдік ақыл-ойдың алыптарымен үндес те бірлес болды. Ой-толғаныстың осындай тынымсыз арпалысы, иманигүлге талпынысы қазақтың данасын осылайша «толық адам» жазирасына қадам бастырды. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деп тура жол нұсқады, кемелдікке жетудің сүрлеу-соқпағын көрсетті. Осындай кемелдердің қатарына қазақтан Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрімді қоссақ, тіптен дұрыс деп ойлаймын.

Кемелдіктің де, ерендіктің де, пәни дүниедегі барлық жақсылықтың да түп бастауы Құранда жатыр. Абай даналығы мен философиясының бастауы сонда. Құран тұнып тұрған поэзия. Осыны мейлінше ұғынған Қожа Ахмет ЯссауиАлла Тағаланың мейіріміне мінәжат етіп, «Диуани хикметін», имандылық жырларын толғаса, Пушкин өзінің атақты «Пайғамбар» және «Құранға еліктеу» атты өлеңдерін жазды.

Мықты ғой Алла тағала:
Мұхаммед алса Құранды,
Бізге түсер самала,

Сыпырып көзден тұманды, – деп жырлаған Пушкиннің осынау данышпандық өлеңдерінде (қазақ тіліне аударған Қуандық Шаңғытбаев) Құранның құдіреттілігі, үнділігі мен әуезділігі анық айшықталады. Соның ізін ала, Құранды орыстың дүние жүзіне мәшһүр ұлы жазушысы Лев Толстой қолдады, туралық пен дұрыстық хақ мұсылмандықта екенін жария етті, үндістандық Махатма Ганди Құран өсиеттерін өнеге тұтты. Кейінгі біздің заманымызда орыс зиялысы Валерия Порохова Құран Кәрімді орыс тіліне өлеңмен өрнектеп, поэзиямен төгілдіріп, ырғақ-мақамын сақтай отырып, керемет аударып шықты. Алла мен адамзатты сүйген Абайдың өлеңдері, қара сөздері Құранның нұрына толып тұрады, олар құдды хадистер сияқты, Құранды тәпсірлейді. Мұхаммед с.ғ.у. пайғамбардың 632 жылы Арафа тауында адамзатқа өсиет етіп қалдырған аманаты Құран Кәрім болса, сол аманатты хакімдік ақыл-парасатымен, өлең-жырымен, даналығымен аялаушы – Абай. Олай болса, Құранмен үндестік тапқан Абай даналығы алты алаштың ғана емес, күллі адамзат баласының Адамгершілік жарғысы, хатқа түскен Парасатнамасы деп айтсақ та мүлт кетпейміз.

Мақамдатып оқыған кезде Құранның өзі – ән дедік. Ән – сезім, тілсіз тіл. Тек сол ғана емес, ақыл, парасаттың айдыны да – Құран. Ұлы ғалым Эйнштейн әлемдік ғылым Құран Кәрім түскеннен кейін басталғанын айғақтайды. Құран аяттарында 65 ақыл-өнеге, 217 ғылым бар екен. Құран болмаса, әлемдік үндестік болмайды. Ол – әлемдік тыныс, гармония, жүректің ішінде нұрланған рух қасиеті. Сондықтан, Құранды Алла Тағала адамзатқа өлең түрінде, әнмен әуездеп түсірген. Абай әуелетіп көтерген, әлемдік биікке самғатқан Мұхаммед с.ғ.у. пайғамбардың аманаты осы қасиетті үнде, асқақ әуенде жатыр. Әуен мен үнді әзіреті пайғамбарымыз өте жақсы көрген. Харам үнді жолатпаған, жаратпаған. Өнердің, үннің өзіндік мақсаты бар. Ізгі, иманды үнді басқаларынан айыра білген абзал. Орынсыз думан, сөлекет сауық-сайраннан бойды аулақ салу керек. Одан жезөкшелік, есірткіге әуестік сияқты жаман нәрселер бас көтереді. Абай қашық болуға кеңес беретін бес нәрсе де осының ішінде. Ондай жаман қылықтар бүтін бір елді, ұлыс-ұлтты құртып, жойып жібере алады. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ» деп Абай бекер айтқан жоқ, осындай келеңсіз жайлардан сақтандырды. Алланың әлемге берген ең соңғы пайғамбары да: «Әй, адам болыңдар, болашақты ойлаңдар» деген. Осыны темірқазық нысана етпесек, ел де, қоғам да болмайды. Абай бұл жәйттерді жеріне жеткізе, түгел түгендеп жазып кетті. Соны біз әлі түсінбей жатырмыз. Әлемде болып жатқан қазіргі сұмдық жағдайлар осыған айғақ.

Әлемді парасат пен мейірім, әділет пен ақыл, адамгершілік пен имандылық құтқарады. Абай хакім осыны меңзеген. Хакім: «Адамшылықтың алды махаббат, әділет» десе, бұл да Құраннан шығатын хикмет. Пайғамбарымыздың мұсылмандарға арнаған қоштасу сөзі: Сендерге аманат қалдырам. Ол аманатты мықтап ұстаңдар. Ол аманатым – Алла Тағаланың кітабы Құран Кәрім. Адамдарды қараңғылықтан иманның нұрына алып шығатын жол, дейді. Құран адам баласының назарын ақыл мен даналыққа аударады, тура жол көрсетеді, дейді. Құранның осындай хикметтері Абай даналығының негізіне алынса, Алланың һәм с.ғ.у. пайғамбардың аманатын нысана еткен Абай даналығы – біздің монооперамыздың негізгі арқауы. Осылайша моноопералық сахналық қойылымымызды соны үрдісте жаңа биіктерге жетелеп көтере бермекпіз. Осы мақсатпен жақында бұл моноопераны қазақтың қасиетті жері, Алаштың абыз ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың елі Торғай-Арқалықта көрермен қауымға ұсынып, ыстық лебізді алғыс, ризашылық арқалағанымызға мерейіміз өсті.

Қазақтың тағы бір данышпаны Мұхтар Әуезов «Абай жолы – Хақ жолы», ол Аллаға апаратын жол екендігін айта келе: «Адамның жүрегін ағартып, адамшылығын арттырып, ақтыққа сүйрейтін үлкен күш – дін. Пәлсафа дінмен бастасқан» дейді. Иә, Мұхаң өте дұрыс айтады. Құранды пайымдау үшін пәлсафалық ғылым керек. Алла мен Құран хақында да Абай жазғандай философиялық ой-толғамдар сирек немесе жоқтың қасы. Оның иманигүлін, Аллаға махаббатын әлем ұғып білсе, Абайды алақанына салып әлпештер еді. Мұхаммед с.ғ.у. пайғамбарымыздың аманатын қазаққа Абай жеткізіп, түсіндіріп, ұғындырды. Оның хакімдігі, ұлылығы, данышпандығы нақ осыдан, иманға ұйыған ғашық жүрегінен көрініс тапқан.

М.Әуезов одан әрі: «Абай – ұлы композитор. Қазақтың әндерін, романстарын әлемдік деңгейге шығарған Абай» дейді. Құран да адамзатқа үн мен музыка арқылы жетті. Біздің монооперамыздың өзегі де осы. Мұхаммед с.ғ.у. пайғамбарымыз соңғы аманатында тазалыққа, имандылыққа, білімге, ғылымға бастап апаратын Құран Кәрім деп әндетіп кетті ғой күллі мұсылман үмбетіне. Ал, Абайдың хакімдік ой-парасаты бұл аманатты жан-жүрегімен қабыл алды, қазағына жеткізді. Хакімнің шығармашылығы түгелдей дерлік – Поэзия. Ол дегеніміз – үн, әуен, әуез. Ол поэзиядан үлкен ғұламалық, иманға ғашық, Алланы сүйетін, адамзатты сүйетін әндер шығады. Шықты да. Әлі де шығуы керек. Оның пәлсафасын, жан сырын түсінетін тұлғалар керек. Алла мен Құранды танудың бұл үдерісі тоқтамайды. Өйткені, Поэзия мен Ән – Құранның хикметі.  Төгілген өлең-жырдың түп қайнары, бәрі Құранда жатыр екен. Осы ғажаптың растығын дәлелдеген, нақпа-нақ көрсеткен – Абай. Алла – өзгермес. Алла – мінсіз. Құран – рас. Алланың аманатын хакім Абай осылай тәпсірлейді.

Осы ретте тағы бір өзіме ұнаған дәйексөзге жүгінсек: «Адам баласына Тәңірі берген ең ұлы нығметтердің бірі – сөйлеу мен дыбыстау қабілеті. Ал осы қабілетті өнерге айналдыру – әншілік. Вокал – бұл тек шеберліктің ғана емес, рухтың, ішкі жан дүниенің көрінісі. Ән айту – бір адамның жанынан шығып, екінші жанға жол тартатын сәуле секілді…

Дыбыс – жүректен шыққан сәуле. Ән – сезім тілі. Ол адамның ішкі жан дүниесін сыртқа шығарады…

Ән айту – дене мен сананың бірлескен еңбегі». Иә, адамды Алла жаратты, демек, әншілік қасиет те Алладан дарыған. Абай бұл хикметті «Ғашықтық тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де, ішпен біл» деп сипаттаса, Әл-Фараби музыка арқылы жанды тәрбиелеуге болатынын жазған. Бұл – ән айтудың тек өнер емес, рух тәрбиесі екенін көрсетеді.  Ал, тәрбиеші, тәлім беруші – Құран.

Осы ойымызды әрі қарай жалғастырсақ, шын мәніндегі ғажайыптарға жол ашылғандай сезімге бөленеріміз хақ. Абайдың мына бір шуақты шумағына зер салайықшы:

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.

Иә, өмірдің қорғаушы күші ән екен. Сезімді тербеуші – ән. Осы арада ұлылар үндестігіне қайран қалмасқа болмайды. Пушкиннің айтатыны бар: «Из наслаждении жизни одной любви музыка уступает, но и любовь – мелодия… Өмір ләззаттарының ішінде музыка махаббатқа ғана жол береді, бірақ махаббаттың өзі де – әуен» дейді. Әнеки, ән-әуен адамға жан бітірердей құдіретке ие. Осыны Абай мен Пушкин бір-бірімен келісіп қойғандай үндесіп дәл айтып тұр. Мұқағалиша толғасақ, «Абай жаққан бір сәуле» осы болар. Абайдың махаббат жырларының бәрі әнге, романсқа айналуы осыны көрсетеді. Ғашықтар өз сезімдерін Абай әнімен, Абай өлеңімен білдіреді.

Абай поэзиясының Құрандай қасиетті, үнді, мақамды болуы да содан. Менің монооперам – Абайдың поэзиясы, Абай әндері.  Мен де Құраннан қуат аламын. Біз осы арқылы поэзия мен ән, ондағы «ұйықтап жатқан жүректі оятатын мән» арқылы Абайды әлемге танытуға ұмтыламыз. Өкінішке қарай, бас ақынымыздың поэзиясын әлем тілдеріне жоғары деңгейде аудара алмай жатырмыз. Ендеше, Абай поэзиясының Алла аманатын арқалаған құдіретін әр тілде әнмен жеткізу керек. Мысалы, Лермонтовты, Пушкинді, Гётені Абай қазаққа әнмен танытты емес пе! Біз де сөйтеміз. Монооперамыздың бір мақсаты осы.

Ән, мақам, әуен, саз, әуез – адамның өмір бойғы серігі. Абай философиясы осыған саяды. Хакімнің сол ұлы пайымы моноопераға үзілмес арқау, желі болып тартылды. Оның мән, мағынасы мына бір шумақ өлеңде жатыр.

Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең…

Атамыз қазақ: «Адам өмірге жылап келеді, жылап кетеді» дегенде осыны, адам өмірі әнмен өрілетінін, жан мен әннің егіздігін паш етіп меңзеген сияқты. Абай мұны дәл аңғарып, анық сипаттаған. Мұның түбіне терең бойласақ, бұл – хақ мұсылманның баласы қалай туды, солай, сол сәтінен бастап иман нұрына бөленеді деген сөз. Сәби нәрестенің жылауы – оның періште жүрегінің дұғасы. Ал, өмірден өткен кезде жаназасында әндетіп, мақамдатып оқылған Құран аятымен бақиға, мәңгілік мекеніне шығарып салады. Мінеки, Абай осыны меңзеп тұр. Шынымен де, өмірде солай ғой. Хақ мұсылмандар өмір бойы Құран аяттарын елти тыңдап, содан жанына рухани азық алып, иман нұрына бөленіп жүреді ғой. Монооперада көп ойлар осы өлеңнен таратылып айтылады. Абайды ән арқылы, үн арқылы түсінеміз.

Абай Құран Кәрім нұсқаған тура жолмен қазақтың өлмес, өшпес поэзиясын жасады. Құран мақамы – ән. Мен Абайдың монологтарын мақамдатып, ән секілді айтамын. Қай өлеңін алсаңыз да, адамшылық қағидалары кемелдікке бастайтын, талаптылыққа жетелейтін кемеңгер ақыл, кең көсілген парасат тұнып тұрады. Мақамдатқан кезде Абайдың пәлсафалық, даналық өлеңдері Алланың рахметіне бөленгендей, Құран аятының нұрына шомғандай түрленіп сала береді, ғажаптана түседі. Сол арқылы жай монологтарды емес, Абай даналығы арқылы Алланың аманатын айтып тұрғандай боламын. Олай болса, монооперамның алтын арқауы да, ендігі атауы да «Абай даналығы – Алланың аманаты» деп біліңіздер, айналайын әлеумет…

Шахимардан ӘБІЛОВ,
опера әншісі, Қазақстанның халық әртісі,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор.

АСТАНА.

сурет iaer.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар