Конференция
Қазақ руханиятының шамшырағы, ұлы ақын, дана ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай, «Достық» үйінде «Абайдың қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі орны» атты облыстық конференция болып өтті.
Абайдың рухани мұрасын терең зерттеу, қазіргі заманмен үндестігін анықтау және оның шығармашылығы арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған конференцияға зиялы қауым, қоғамдық жұртшылық, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының түрлі құрылымдары мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
– Құрметті жиналған қауым, бүгін халқымыздың дана ойшылы, кемеңгер ақыны ұлт руханиятының айнасы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған айтулы шара құтты болсын, – деп сөзін бастаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Тоқтарқызы хакім Абайды біртұтас ұлт болып ұлықтау барша халқымыздың перзенттік парызы екендігін атап өтті. Ұлы Абай бүкіл адамзаттың ортақ мақтанышы. Оның өлеңдері мен қара сөздері ұлттық рухымыздың айнасы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұра.
– Абайдың мол мұрасы, адамзат, қоғам, білім, сенім туралы терең философиялық ой-толғамдары бар. Қазіргі жаһандану мен ақпарат тасқыны күшейген заманда Абайдың көзқарастары бізге адаспайтын рухани бағдар бола алады. Абай шығыс пен батыстың ақындық дәстүрі арасындағы алтын көпір. Бүгінгі шарада Абайдың шығармашылығына қатысты тың ойлар ұсынылады деп сенемін. Абайдың 180 жылдығын атап өту жай ғана тарихи дата емес, бұл ұлттың рухани бірлігін арттырып, ұлттық сананы жаңғыртудың, ұлы тұлғаға деген құрметтің айқын көрінісі, – деді Г.Кәрімова.
Конференцияда тарих ғылымдарының профессоры, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Аманбай Сейітқасымов киелі Ақмола жері мен Абай мұрасының байланысы туралы кеңінен әңгімелеп берді.
– Халқымыздың мақтанышы, біртуар ұлы, кемеңгер, ғұлама Абайға 180 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы» деп атап өткен болатын.
Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап, еліміз бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін Ақмола облысынан бір топ делегация Абай туған топыраққа үлкен шараға аттанып жатыр. Сонымен бірге, қазіргі таңда Абайды білмейтін адам жоқ деп ойлаймын. Себебі, оның шығармалары, философиялық туындылары әлемнің қаншама елінің тіліне аударылды. Абай мен көкшеліктердің байланысына келер болсам, біздің де абайтанушылар оны өз деңгейінде зерттей алды. Осыдан бір-екі жыл бұрын біздің университет Белорусь Республикасының астанасы Минск мемлекеттік университетінің филология факультетінде Абай кабинетін ашты. Алда осындай Абай кабинеттерін тағы бірқатар елдерде ашқымыз келеді. Шоқан мен Абай арасындағы үндестік те бір бөлек әңгіме.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаттарында Шоқанға қатысты қорды қарастыруға өкінішке орай әлі рұқсат жоқ, сондықтан, біраз нәрсе белгісіз күйінде қалып отыр. Көкшетаулықтар ішінде Біржан сал бабамыз Жетісудің дүлдүл ақыны Сарамен айтысуға бара жатып, Шыңғыстау арқылы жүріп отырып, алдымен Абайға соғып, онымен бір ай әңгімелесіп, пікірлесіп, дайындалған екен. Екі ғұламаның кездесуінен бірнеше керемет шығармалар дүниеге келді. Біржан сал Абайға арнап екі ән шығарса, Абай бірнеше өлеңдер жазған.
Одан кейінгі Науан Хазірет пен Абай, Шаймерден Қосшығұлов пен Абай, Айқын Нұрқатов пен Абай тәрізді байланыстар да ерекше. Соның ішінде Думаға депутат болған Шәймерден Қосшығұлов пен Науан Хазірет Абай мен Мұса Шормановқа отарлау саясатына қарсы шығуға қатысты хат жазады. Осы хатты Абай алғаннан кейін олардың барлығы сол кездегі солақай саясаттың салдарынан қамаққа алынған. Абай үш ай Семей түрмесінде жатады, ал Шаймерден Қосшығұлов пен Науан Хазірет бес жылға Сібірге жер аударылады. Осы іске Әлихан Бөкейхановтың араласуымен соңғы екеуінің жазасын екі жылға қысқартқан. Бұл жерде көкшелік абайтанушылар туралы да көп нәрсе айтуға болады, – деп, Аманай Асылбайұлы Абай шыққан топырақ Семей қаласында алғашқы болып ашылған кітапхана, статистика комитеті, Абай туралы алғашқы мақалалар мен зерттеу жұмыстары туралы айтты.
Бұдан әрі рухани шарада белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Жәмбек «Әлем мәдениетіндегі Абайдың орны» тақырыбында баяндама жасады. Ол баяндамасында әлем философтарының қозғаған тақырыптары Абайдың шығармаларында да тұнып тұрғаны, шығыс және батыс ақындары мен Абай шығармаларындағы үндестік, қазақ ақындарының Абайдың кейбір туындыларындағы ойды дамытып әкетуі, батыстық шығармаларды қазақшаға аударғанда қазақы түсінікке сай аудару тәрізді көптеген дәлелді мысалдар келтірді.
Шараға арнайы шақырылған Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов Абайдың әндері жайлы сөз сөйлеп, ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін өзгеше нақышта орындап берді. Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Мырзаболатов Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінен үзінді оқыса, Целиноград ауданының Қараөткел ауылынан келген оқушы Асылай Төленді ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Шара соңында Абай мұрасын насихаттап жүрген белсенділер ұйымдастырушылар алқасының Алғыс хаттарымен және арнайы сертификаттармен марапатталды. Олардың ішінде ұлы Абайдың 30 шақты өлеңі мен қарасөздерін жатқа білетін, «Абай жолы» роман-эпопеясынан монологтарды мәнерлеп оқып жүрген, «Сөйле» тілдесу үйірмесінің жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, күні кеше Жапонияда өткен Азия және Африка, Океания чемпионатында пауэрлифтингтен 1 орынды жеңіп келген Алена Малькова-Солопова да бар.
Сонымен қатар, марапатталушылар қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Тамара Штир, Степногорск қаласындағы «Горняк» орталық мәдениет сарайының сахна машинисі Сергей Цыганков, Біржан сал ауданы Аңғал батыр ауылының кітапханашысы Айгүл Бегалина, Сандықтау ауданындағы оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Гүлайым Құрманбаева және тағы басқалар болды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

