Болашақ бүгіннен басталады

Скауттық қозғалыс

«Қанағат» қонақ үй-туристік кешенінің базасында «Жалынды болашақ» скауттық қозғалысының шатырлы лагері ұйымдастырылды.

Ақмола облыстық білім басқармасының туризм, дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық дайындық орталығы  жыл сайын дәстүрлі түрде жазғы демалыс уақытында өңір оқушылары арасында скауттық қозғалыс лагерін ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан лагерьге биыл облыстың Зеренді, Атбасар, Есіл, Жақсы аудандары мен Көкшетау қаласынан 50-ге жуық жас жеткіншек қатысты.

Ең алдымен, оқырманға түсінікті болуы үшін скауттық қозғалыс не екенін тарқатып айта кетелік. Скаутинг дегеніміз құндылықтар жүйесіне негізделген балалар мен жастарға арналған бейресми білім беру. Сонымен қатар, оны жастардың даму ерекшеліктеріне бағдарланатын білім берудің айрықша инновациялық тәсілдері деуге келеді. Яғни, сол әдіс-тәсілдер адамдарға қазіргі қилы заманда өз жолын табуға, жастарды жауапкершілікте, белсенді болып, өмірге сын көзбен қарай білуге көмектеседі. Скауттар осындай құндылықтарды, дағдылар мен мүмкіндіктерді бүкіл өмір бойы өздерінің ерекше әдіс-тәсілдерінің жиынтығы арқылы өрбітеді.

Бұл әдістерді бейресми білім берудің озық жүйесі деуге де болады. Ол әрбір скауттың өмірде өз борышын сезінетіндігі туралы құрдастары алдында серт беруінен бастап, шағын топта жұмыс істеу, адамның жеке басының дамуы, іс-әрекет арқылы білім алу, табиғатпен тығыз байланыста болып, ұйымда қалыптасқан дәстүрлерді берік ұстанып, оларды әрі қарай дамыту, үлкендердің қолдауына сүйену сияқты маңызды әдістерді қамтиды.

Сонымен, ақмолалық жас скауттар осындай дағдыларды меңгере отырып, «туристік кедергілер жолағы», «туристік түйіндер», «үздік бивуак» немесе туристік тұрмыс-салт, «бард кеші», «логикалық кедергі», «рюкзакты белгіленген уақыт аралығында жинап үлгеру» секілді тапсырмалар бойынша сайысқа түсті.

–Жарыстар өте жоғары деңгейде өтті. Әр команда әрбір ойында бар күшін салып, барлық қатысушылар өздерінің жеңіске жету мүмкіндігін арттыру үшін көп еңбек етті. Балалар тек жеке дайындықтарын ғана емес, сонымен қатар, командалық жұмыс істеу қабілеттерін де көрсетті,–дейді жарыстардың бас төрешісі Ерік Бөкенов.

Сөйтіп, «Жалынды болашақ» скауттық қозғалысының қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Көкшетау қаласының «Әулет» командасы жеңіп алса, екінші орынды «Көкшетау» командасы иеленді, ал, үшінші орын Жақсы ауданының «Экстремалдар» командасына бұйырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар