14 тамыз – ҚР мемлекеттік кірістер органдарының құрылған күні
Мемлекеттік кірістер органдарының қызметі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды орын алады.
Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, халықтың құқықтық білімін арттыру, бюджетке түсетін салық түсімдерін бақылау – мұның бәрі мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеттері.
Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері де бұл мақсатты орындауға өздерінің үлестерін қосуда. Салық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мен цифрландыру, осы жолда жаңа тәсілдерді енгізу нәтижесінде ағымдағы жылдың 7 айында мемлекеттік бюджетке 334 миллиард теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73 миллиард теңгеге артық. Өсу қарқыны 128 пайызды құрады.
Департаменттің кедендік бекеттерінде әр түрлі кедендік режимдерде 8 мың 233 тауар декларациясы ресімделген, оның ішінде декларациялардың 70 пайызы жасыл дәлізде, яғни, лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз жүзеге асырылады. Жыл басынан бастап 360 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 99,8 пайызы электронды түрде көрсетілгенін атап өткен жөн.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салықтық міндеттемелерді орындауды жеңілдету мақсатында «E-Salyq Azamat», «E-Salyq Business» тегін мобильді қосымшалар әзірленді, олар бірқатар салықтық процедураларды жеңілдетіп отыр.
Халыққа салық және кеден мәселелерін түсіндіруге, хабардарлықты арттыруға және кері байланыс алуға жедел көмек көрсету мақсатында Telegram-да SalyqBot чат-бот енгізілді. SalyqBot – қазақ және орыс тілдерінде әзірленген және өте пайдалы мүмкіндіктері бар цифрлық салық кеңесшісі. Ол пайдаланушыға салық берешегінің бар немесе жоқтығы туралы ақпаратты лезде беруге мүмкіндік туғызады. Салық төлеушілерге көлік құралдары салығын және өсімпұлды дербес есептеуге көмектеседі; қажетті анықтамалық ақпаратты білуге, салық күнтізбесін пайдалануға мүмкіндік беріп, жеке немесе заңды тұлғаның пайдаланушысының қызығушылығына қарай пайдалы жаңалықтар мен хабарламаларды жіберуге қабілетті. Департаментте 1414 қосымша нөмірлі 3 байланыс орталығы жұмыс істейді. Онда салық төлеушілер өздерінің берешегін, есептелген төлемдерін, салық есептілігін уақытылы және дұрыс тапсыру, төленген сомаларды қайтару және есепке алу мәселелері мен өздерін қызықтыратын басқа да сұрақтарды біле алады.
Мемлекет басшысы 2026 жылдың қаңтарында күшіне енетін жаңа Салық кодексіне қол қойды. Жаңа Салық кодексінің Қазақстанның салық жүйесінің ашықтығын арттыру, бюджет кірістерін ұлғайту және Қазақстан экономикасының одан әрі өсуі үшін стратегиялық маңызы бар.
Құжат салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдетуге, салық салуда әділеттілікті күшейтуге және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
«Салықтар өркениетті қоғамда өмір сүру мүмкіндігі үшін төлейтін құнымыз» дегендей, салықтық және кедендік төлемдерден түсетін табыстың арқасында азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелер орындалуда. Ауруханалар, мектептер, балабақшалар, жолдар салынып жатыр. Мұның барлығы мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының еселі еңбегінің нәтижесі.
Бұл мереке еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мемлекеттік кірістер органдарының маңызды рөліне берілген үлкен баға болып табылады. Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің жауапкершілігі, кәсібилігі, шынайы азаматтық ұстанымы ел Президенті белгілеген барлық міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.
Дулат НҰРМОЛДИН,
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.
![]()

