Тағзым
Жерлесіміз, жампоз журналист Тоқтар Қайыржанұлы Баймағанбетов аман болса, биыл 70 жасқа толар еді. Он сан оқырманға қаламы қарымды, таланты кемел, ойы ұшқыр журналист ретінде танылған әріптесіміз ұлт руханиятын сәулелендіруге үлкен үлес қосты. Таяуда облыс орталығында қаламгердің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Алдымен әріптесіміз жайлы бір ауыз сөз. Тоқтар Қайыржанұлы Бурабай ауданының шоқ жұлдыздай шағын ғана Жамантұз ауылында 1955 жылы тамыз айының 2 жұлдызында дүниеге келген. Щучье қаласындағы мектеп-интернатты 1972 жылы үздік бітіріп, Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 1976 жылдың 3 наурызында курстасы, кейін қаламы жүйрік журналист ретінде танылған Роза Нарымбетоваға үйленіп, отбасын құрған. Еңбек жолын 1977 жылдың 4 қазанында сол кездегі облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде тілші болып бастады. 1978 жылдың қазан айында Көкшетау облыстық телерадио комитетіне қызметке ауысты. Ал, 1981 жылдың 28 қазанында Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») газетіне қызметке алынады. 1983 жылы отбасылық жағдайына байланысты туған елі Көкшетауға қоныс аударып, облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне оралып, журналистік қызметін жалғастырды.
Кербез Көкшенің тарихи жылнамасы қатталған басылымда аянбай еңбек ете жүріп, аға тілші, жауапты хатшының орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Қаламы қарымды, ойы ұшқыр, шапшаңдығы желмен жарысқан жүйрік журналист Тоқтар Қайыржанұлы 1989 жылдың 19 қыркүйегінде Көкшетау облыстық телерадиокомитетінің қазақ тіліндегі хабарлар тарату редакциясына редакторлық қызметке ауысады. Мұнда да радио хабарларды түрлендіріп, іссапарларға жиі шығып, егістік алқаптардан, комбайн төбесінен, қырман төрінен шынайы репортаждар жасап, шеберлігін шыңдай түседі. Хабарды тек қазақ тілінде ғана емес орыс тілінде де жүргізді. Жергілікті, аймақтық, Қазақстанның деңгейінен асып, мақалалары сол кездегі, яғни, КСРО-ның бас басылымы «Правда» газетінің бірінші бетіне дейін шығып жатты.
Тумысынан елін, жерін сүйетін патриот, керемет көркем Үкілі тауының баурайында өскен оғлан Тоқтар Қайыржанұлы қаланың, облыстың, тіпті еліміздің қоғамдық-саяси жұмыстарына да белсене араласады. Соның нәтижесінде қазақтың арқалы ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен үзеңгілесе қызмет істеп, 1991 жылдың 11 наурызында халықаралық «Невада-Семей» ядролық апатқа қарсы қозғалысының Көкшетау облыстық филиалының төраға орынбасарлығына тағайындалады. Тоқтар Қайыржанұлы қазақ халқының қасіретіне айналған, адамзаттың қолымен жасалған жасанды апаттың болашағымызға зардабын ашына жазды. Оның қаламынан туындаған әрбір мақалада Абай топырағының тұнып тұрған зарын бей-жай оқу мүмкін емес болатын.
Тоқтар Баймағанбетов көкте ұшқан қырандай биікке самғаған журналист болатын. 1993 жылдың 6 қыркүйегінде қазақ әдебиетінің абызы Мұхамеджан Қаратаев басқарған халықаралық «Азия» газетінің солтүстік облыстардағы меншікті тілшісі болып қызметін жалғастырды. Ол қайда қызмет істесе де, адал еңбек етті. Өмірінің соңғы кезеңінде «Арқа ажары» газетіне оралып, осы басылым қабырғасында еңбек еткен қарымды қалам иесі 2013 жылы 30 желтоқсанда 58 жасқа қараған шағында кенеттен, жүрек талмасынан өмірден өтті.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында белгілі жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Сабырова, Тоқтар Қайыржанұлымен қызметтес болған, елімізге белгілі журналист Мағжан Садыханов, белгілі ақын Тортай Сәдуақас, елдес ағасы Кенжебай Мұқышевтар қаламгер туралы тебірене естелік айтты. Абзал азаматқа үлкен құрмет пен қимас сезімге толы бұл жылы лебіздер қаламгер аруағына бағышталған ас үстінде де жалғасты.
Ескерткіш тақтаның ақ жамылғысы сыпырылып түскен сәтте есімі елдің жадында, жүзі көз алдында жүрген Тоқтар Қайыржанұлының жарқын тұлғасы жарқ ете түсті. Осы бір әріптестері үшін тебіреністі сәт құмбыл ойға шомдырып, өткеннің өшпес қымбат бейнесімен табыстырғандай. Елі ардақтаған ерен тұлғаның есімі оқырманның ойынан шықпай, көкірегінде жатталып қалғаны анық.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
***
Тоқтар толғауы
Көңілің мөлдір еді таңғы аспандай,
Жарқылдап жүруші едің алдаспандай:
Жаңылып әдебінен қайран қоғам,
Әйнегін көңіліңнің шаң басқандай?..
Топ жарған тай күніңнен Тоқтар едің.
Боздағын жатқан жоқ па жоқтап елің!?.
Жақсының құштар көңіл жолын кескен,
Әділет бұл өмірде жоқ па дедім?..
Талпынып топтан озған Тоқтарым-ай,
Жүрсін деп тілеуші едік «оқ» дарымай!..
Тұяғы Құлагердің құлдыраңдап,
Құлар деп кім ойлаған отқа бұлай?..
Заманның аязы мен бораны бар,
Қойының-қонышыңа толады қар;
Бұл заман бұлталақтап бұра тартса,
Бұлтын ала, жерін де шала қылар?!.
Аңқылдап жайдың жұртқа талай құшақ,
Есінде елдің сондай арайлы шақ!..
Жалғадың Түркістан мен Көкшетауды,
Ұлы атаң – Абылай хан, Қанайға ұқсап!..
Бөлендің шуағына Роза қыздың.
Өмірде жоқ еді ғой одан ізгің!..
Жақсы өмір өркен жайып, ұрпақ өсіп,
Толтырған ортамызды о да біздің!..
Жамантұз – Хан ордасы маған дағы,
Тарихтың қалған талай тарамдары!..
Ізгілік іргесі онда қаланбаса,
Білмеймін, қайтіп жанар қалам бағы?!.
Қарбалас қала – базар, қайраңда – ауыл,
Құшағын қайсымызға жайған дәуір?!.
Жас ұрпақ жалғастырар жақсы ісіңді,
Жәннатта болсын жаның, қайран бауыр!..
Тортай СӘДУАҚАС.
![]()

