Жауапты науқанға дайындық мәселелері пысықталды

Биыл Ақмола облысында 5,3 миллион гектар алқаптың өнімін жинау міндеті тұр. Соның ішінде 4,7 миллион гектар дәнді және бұршақ дақылдарын, 495,4 мың гектар майлы дақылдарды, сондай-ақ, 8,7 мың гектар картоп пен 1,4 мың гектар көкөніс өнімдерін шашпай-төкпей, уақытында жинап алу керек.

Ақмолалық диқандар Эстония арқылы Еуропа елдеріне бидай экспорттау жұмыстарын қолға алды. Бұған Балтық жағалауы елінің  порты қолайлы жағдай туғызуда. Жыл басынан бері облыс басшылығының осынау қол жеткен уағдаластығының арқасында Бельгия, Италия және Эстонияның өзіне 145 мың тонна астық шығарылды.

Егін орағы — 2025

Сандықтау ауданының Максимовка ауылында 2025 жылғы егін жинау науқанына дайындық бойынша облыстық аграрлық кеңес болып өтті. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан төрағалық еткен жиынға 300-ден астам диқандар, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, аудан әкімдері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Өткізу орны бекер таңдалмаған Максимовка ауылында Закусиловтар әулеті басқаратын «Максимовское» және «Свободное» ЖШС табысты еңбек етіп келеді. Серіктестік негізін қалаушы  Ақмола облысының құрметті азаматы Александр Александрович Закусилов бар саналы өмірін аграрлық саланы дамытуға арнаған. Жиын басталар алдында делегация шаруашылықтардың егістік алқаптарын аралап, қолданылып жатқан технологиялармен, ауыспалы егіс жүйесімен және биылғы егін жинау жоспарларымен танысты.

Жиынды ашқан Мұрат Балпан биылғы науқанның басты міндеті орақ жұмыстарын ұйымдасқан түрде, қысқа мерзімде және шығынсыз өткізіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

– Биыл бізде егінді жоғары деңгейде жинауға қажетті барлық мүмкіндік бар, техника да, жанармай да, білім-білік те. Әркім өз орнында бар күшін салса, нәтижеміз де лайықты болады», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, облыстың жалпы егіс алқабы 5,5 миллион гектарды құрайды, оның 495 мың гектары – майлы дақылдар, бұл рекордтық көрсеткіш. Ораққа шамамен 7 мың астық жинайтын комбайн қатысады, олардың үштен екісі – заманауи, жоғары өнімді техника.

Жыл басынан бері облыс диқандары шамамен 40 миллиард теңгеге 1,1 мың ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. АӨК-ті мемлекеттік қолдау көлемі 233,5 миллиард теңгені құрады, оның 63,3 миллиард теңгесі – қайтарымсыз субсидиялар. Қалған қаржы жеңілдетілген несиелеуге және форвардтық сатып алуға бағытталды.

Биыл көктемгі егіс жұмыстарын несиелеу тарихта алғаш рет ерте – 2024 жылдың желтоқсанында басталды. Соның арқасында 900-ден астам шаруашылық 117 миллиард теңгеден астам қаражат алып, егісті уақытылы өңдеп, арамшөптерге, аурулар мен зиянкестерге қарсы қорғау жұмыстарын жүргізді.

Жиын барысында Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсейітов, «Қазақстан Астық консорциумы» ЖШС бас директоры Бахтияр Оспанов, «Свободное» ЖШС директоры Александр Закусилов және «Журавлевка-1» ЖШС агрономы Руслан Жайылбаев өз тәжірибелерімен бөлісті. Талқылауда техника жаңғырту, кептіру қуаттарын арттыру, «егістен портқа дейін» тізбегін дамыту және заманауи агротехнологияларды қолдану мәселелері қозғалды.

«Қазгидромет» филиалының мәліметінше, тамыз–қыркүйек, айларында ауа температурасы норма шегінде, жауын-шашын мөлшері нормаға жуық немесе төмен болады. Көптеген аудандарда жаздық бидайдың өнімділігі көпжылдық орташа көрсеткіш деңгейінде күтілуде, ал Бұланды, Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандарында орташа көрсеткіштен жоғары болады деп болжануда.

Кеңес іскерлі жағдайда өтіп, егін жинау науқанының нақты міндеттері мен басымдықтарын айқындап, алдағы қарбалас кезеңде аграршылардың үйлесімді жұмыс істеуіне серпін туғызды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар