Еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі – Ақмола облысының диқандары күзгі дала жұмыстарын бастады.
Орақ науқанына 7 мыңнан астам астық жинайтын комбайн тартылды, оның 4,8 мыңы – қазіргі заманғы жоғары өнімді комбайндар, 2,7 мыңға жуық жатка және 4,8 мыңы жүк көлігі.
Бүгінде күздік дақылдарды жинау Зеренді және Сандықтау аудандарында аяқталып, 604 гектардан 1,7 мың тонна астық жиналды. Сөйтіп, әр гектардың орташа өнімділігі 27,4 центнерден айналды. Бұған қоса 47,8 мың гектар дәнді және бұршақты дақылдар бастырылып, 51,1 мың тонна астық жиналды. Орташа гектар түсімі – 10,7 центнер.
Өңірде жалпы сыйымдылығы 4,3 миллион тонна болатын 66 лицензияланған нан қабылдау кәсіпорны және сыйымдылығы 2,9 миллион тонна болатын 1,5 мыңнан астам астық қоймасы жұмыс істейді. Астықты кептіру үшін жалпы өнімділігі тәулігіне 235 мың тоннаға жуық 264 бидай кептіргішті іске қосу жоспарлануда.
Мал шаруашылығына жемшөп дайындау мақсатында 1,275 миллион тонна шөп және 99,3 мың тонна сүрлем жиналды. Бұл тиісінше жоспардың 96,5 және 38,2 пайызы. Мал азығын дайындаудың жалпы жоспарына 3,171 миллион тонна жемшөп, сүрлем, пішен, сабан және құрама жем кіреді.
Жалпы 2025 жылы облыстың агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға шамамен 233,5 миллиард теңге бөлінді, оның 63,3 миллиарды қайтарылмайтын субсидияларға, ал, 170 миллиарды «Кең Дала» және «Кең Дала-2», «Ауыл аманаты» бағдарламаларын және техниканың жеңілдетілген лизингін қоса алғанда, жеңілдетілген несиелер мен форвардтық сатып алуларға бағытталды. Биылғы 7 айда облыс шаруалары 39,8 миллиард теңгеден астам сомаға 1 115 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,4 есе артық.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

