Тұрақты комиссияларда
Ақмола облыстық мәслихатында әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында Ақмола облысының білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы облыстық білім басқармасының ақпараты тыңдалды.
Оған мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары, жергілікті полиция өкілдері қатысып, білім беру саласындағы баса назар аударуды және бақылауды қажет ететін бірқатар мәселелерді талқылады. Отырыс барысында алдымен, басқарма басшысының орынбасары Валерий Гамазов өзінің жасаған баяндамасында аймақтағы білім беру жүйесіне қатысты жалпылама шолу жасап, жаңа оқу жылына дайындықтың қалай жүргізіліп жатқанына тоқталды. Оның мәліметінше, 1 қыркүйекте облыстың 526 мектебі 140 мыңнан астам оқушыны қабылдайды. Оның 12 мыңнан астамы алғаш мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер. Облыста 599 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Жыл басынан бері 495 оқушы орны ашылса, жыл аяғына дейін жаңадан тағы 790 орын қосылады. Бұл дегеніңіз 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен неғұрлым толық қамтамасыз етіп, аймақтағы балабақша тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.
Басқарма басшысы биыл өкінішке орай, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерге байланысты облыстағы 10 мектептің жабылғанын жеткізді. Олардың кейбірі оқушы санының аздығынан, кейбірі материалдық жағдайының нашарлығынан өз жұмысын тоқтатқан. Алайда, халық көп шоғырланған өңірлерде мектеп тапшылығын жою мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл 1548 орынға есептелген 5 жаңа мектеп ашылады. Бұл тек орын тапшылығын жоюға ғана емес, облыстағы жалғыз апатты мектептің мәселесін шешуге де мүмкіндік береді.
Мемлекет өз тарапынан жыл сайын мұқтаж ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін барынша көмек көрсетіп келе жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, тамыз бен қыркүйек аралығында өткізілетін дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы биыл да халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларын түгел қамтиды. Қазірдің өзінде көлемінде 11043 балаға 455,4 миллион теңгенің көлемінде көмек көрсетілген. Сонымен қатар, «Ақниет» қайырымдылық қоры тарапынан 1 517 оқушыға мектеп сөмкесі мен оқу құралдары табысталыпты.
–Ал, жалпыға бірдей білім беру қоры аясында атаулы әлеуметтік көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. Ақша ата-аналардың жеке шотына аударылады, – деді басқарма басшысының орынбасары осы ретте.
Сонымен қатар, биыл да 5 сыныптан бастап, 11 сыныпқа дейінгі әлеуметтік осал топтағы балалар мен барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады. Облыста шалғай жерде орналасқан мектептерде оқитын 11673-ке жуық баланы көлікпен тасымалдау ұйымдастырылып отыр. Бұл мақсатқа ағымдағы жылы 355,5 миллион теңге қарастырылып, 15 автокөлік сатып алу көзделген. Бүгінде оның 9-ы сатып алынып, қалған алтауына конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Мәслихат отырысында өзекті мәселе ретінде көтерілген жайт, облыстың білім беру ұйымдарына пән мұғалімдері мен мектеп директорларының жетіспеушілігі. Сондай-ақ, жүргізілген тексерістердің нәтижесі көрсеткеніндей, білім беру мекемелерінде қызмет ететін мұғалімдердің жүз пайыз аттестациялаудан өтпей, кейбір мектеп директорларының құжат жүзінде өз лауазымына сай болмай шыққандығы. Расында, бұл айтылған мәселелер жуық арада өз шешімін тауып, біріздендірілуі тиіс.
Ақмола облысында еңбек ететін 23 мыңнан астам педагогтың 17 мыңнан астамы жалпы білім беретін мектептің ұстаздары болып табылады. Оның жаңа аттестаттау жүйесі бойынша 15 778-і ғана өз біліктілігін дәлелдеп үлгерген. Бұл аттестаттаудан өткендердің 67 пайызын ғана құрайды. Мектептерде пән мұғалімдерінің жетіспеушілік мәселесі де өз күшінде тұр. Әсіресе, химия, физика, математика, психология мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Сондай-ақ, аймақтың көптеген мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне логопед, дефектолог, психолог мамандары жетіспейді. Мектептерге биыл 117 мұғалім қажет болған, алайда, мәслихат отырысында басқарма басшысының орынбасары жаңа оқу жылына дейін бұл тапшылық толық жойылатынын айтты. Әкім гранттары аясында 366 жас маман білім алып жатыр, оның биылғы жылы диплом алған 89-ына ауыл мектептеріне жолдама берілген.Ал, отырыс барысында ЗУМ платформасы арқылы қойылған мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша қойылған сұраққа Валерий Гамазов жыл басынан бері облыстың 2629 педагогы арнайы біліктілігін арттыру курстарынан өткенін айта келіп, жыл аяғына дейін тағы 2318 педагогты оқыту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, инклюзивті білім беру де ерекше назарда. Облыста 1351 ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала және 2054 мүмкіндігі шектеулі бала білім алуда. Олар үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 104 ресурстық кабинет жұмыс істейді, мұнда шамамен 1800 бала тұрақты түрде білім алады. Ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту мен олардың ой өрісін дамытуға барлығы 420 педагог күш салуда. Биылғы жылы облыстың балабақша, мектеп, колледждерін қамтитын 34 білім нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл мақсаттағы жалпы бюджет қоры 8,6 миллиард теңгені құрайды. Оның 20 мектебі Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан реновация бағдарламасына енген. Мәслихатттың осы отырысында реновацияланған мектептерді жаңа үлгідегі кабинеттермен, жиһазбен, спорт және асхана жабдықтарымен қамтамасыз ету үшін тағы қосымша 295,3 миллион теңге қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, жаңа оқу жылына оқулықтар сатып алуға 1,4 миллиард теңге бөлініпті. Бүгінде осы оқулықтарды жеткізуге 178 баспамен және 20 тасымалдаушы компаниямен келісім-шарт жасалған. Оқулықтар 25 тамызға дейін толық жеткізіледі деп күтілуде.
Жазғы демалыстың балаларға шаттық пен тың күш-жігер сыйлайтыны да әлімсақтан белгілі. Жазғы уақытта «Білімге құмар» қысқа мерзімдік курстар арқылы 481 мектепте жаңа оқу жылының табалдырығын аттайтын бүлдіршіндерді мектепке бейімдеу сабақтары өткізілген. Жаз айларында өңірдегі 134 мың оқушының 70 мыңы түрлі үйірмелер мен алаңдарға тартылып, аймақтағы 16 жазғы лагерьде барлығы 15 900 бала дем алған. Осы жылы Айыртау ауданындағы «Сокол» және Бурабайдағы «Браво Бурабай» лагерьлері қайта ашылып, жүздеген балаға қуаныш сыйлады. Әлеуметтік осал топ өкілдеріне жататын 2 576 бала тегін демалуға жолдама алды.
Техникалық және кәсіптік білім беру де облыстық білім басқармасы жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бұл орайда, облыстық мәслихат депутаты Нұртас Ахат білім беру мекемелеріндегі ауыз судың сапасы жөнінде мәселе көтерді. Оның айтуынша, жиі ауыстырылатын су сүзу құралдары үшін қомақты қаржы жұмсалатынымен қоймай, су сапасы нашарлап, ол тексеріс кезінде анықталып, қадағалаушы органдар тарапынан колледж әкімшілігі айыппұл арқалап отыр. Бұл мәселеге жан-жақты жауап іздеген басшылар биылғы жылы Көкшетау қаласындағы таза ауыз су желісі құрылысының аяқталуы бар мәселені шешеді деген тұжырымға келгендей болды. Бірақ, мамыр айында іске қосылады деген желі әлі салынуда. Жалпы, облыста жаңа оқу жылында 29 колледжде 29 мың студент білім алады. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға 5 700 бала қабылдануда, ал, кәсіпорындар сұранысы бойынша кемінде 600 студент оқуға түседі. Көкшетау мен Степногорск қалаларында 10-11 сынып оқушыларына қос диплом, яғни, орта біліміне қоса жұмысшы мамандығын алу мүмкіндігі берілетін пилоттық жоба өз жалғасын табады.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген, Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

