КСРО-ның  халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мереке ЖҮСІПОВ: «Бала кезімнен бокс деген ақсүйек өнерге ғашық болдым»

17 ТАМЫЗ – СПОРТ КҮНІ

Спорт күні қарсаңында біздің тілшіміз бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО чемпионаттары мен кубоктарының, КСРО халықтары спартакиадасының, ТМД чемпионаты мен кубогының күміс және қола жүлдегері, КСРО Қарулы Күштері кубогының екі дүркін чемпионы, кикбоксингтен ТМД чемпионы, «Құрмет» орденінің иегері Мереке Жүсіповке жолығып, сұхбаттасқан болатын.

–Құрметті Мереке Ертайұлы, алдымен бокс саласындағы жетістіктеріңіз туралы сәл тарқатып айта кетсеңіз.

–  Бокс – бала кезімізден көңіліміз құлаған, тіпті шындап ғашық болған ақсүйек өнер. Сонау тоқсаныншы жылдардың басынан үлкенді-кішілі жарыстарға қатыса бастадым. Алдымен айта кетерім, бокс жастарды тәртіпке, табандылыққа, ержүректікке тәрбиелейді. Жеңіс оңайлықпен келмейтіні белгілі. Ол үшін аянбай тер төгуің керек. Сонда ғана нәтижеге қол жеткізесің. Алдыма қойған мақсаттың шыңына шығу үшін осы өнерге жан-тәніммен беріліп, тер төгуіме тура келді. Жолымның болуы жақсы жаттықтырушыға кездескенім шығар-ау деп ойлайтыным бар. Бүгінгі күні еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуанышбек Қоқышевтің тәлімгерлігі туралы тебірене айтпай кету мүмкін емес. Жалғыз мен ғана емес, қаншама мықты  боксшыларды тәрбиелеп өсірді. Сол үшін алғыс айтамын. 1989 жылы Қазақ КСР чемпионы атанып, одақтық жарыстарға қатысатын республика құрамасына қабылдандым. 1987 жылы Донецк қаласында өткен Кеңес Одағы кубогында күміс жүлдегері атандым. Кейін бокстан КСРО-ның бас бапкері Константин Копцев еліміздің жастар құрамасына шақырды. 1989 жылы Одақтың ересектер командасына қабылданып, төрт жыл бойы бокс аренасында талай белестерді бағындырдым. Сөйтіп, 20 жасымда КСРО чемпионаты мен Кеңес Одағы кубогының қола жүлдесін еншіледім. Кейін КСРО чемпионатының және 1991 жылы КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері атандым. Келесі жылы ТМД Кубогы мен чемпионатында тағы да вице-чемпион болдым. Қырғызстан, Ресей, Тунис, Финляндиядағы халықаралық бокс турнирлеріне қатысқан кезімде жақсы нәтиже көрсетіп, бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілдім. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің спорттық ротасында қызмет атқарып жүргенімде Болгариядағы Достастық армиялары спартакиадасының қола жүлдегері және кикбоксингтен ТМД чемпионы атандым. Ұзақ жылдар бойы Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Қорғаныс министрлігінде қызмет етіп, полковник әскери атағына ие болдым.

–Сіз кейін қоян-қолтық ұрыстан бапкер болып қызмет етпедіңіз бе?

–Иә, қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып жұмыс істедім. Шәкірттерім бірнеше мәрте Әлем чемпионатының, Азия және Еуропа сайыстарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары атанды. Шәкірттерімнің табысты болуы мерейімді көтеріп, қанаттандырғаны да рас. Өзің сүйіп атқарған жұмыстың нәтижесі шығып жатса, көңілге қуаныш ұялатады емес пе? Бір шоғыр мықты спортшылардың өсіп жетіліп келе жатқандығын көргенде жүрегіңнің елжіреп кететіні бар. Мықты спортшылар қашанда темірдей тәртіпті, тәрбиелі, рухани жағынан кемел болып келеді. Олардың бойында еңбексүйгіштік, табандылық қасиеттер қалыптасады. Бүгінгі жастардың бойында жетпей жатқаны да осындай қасиеттер емес пе?

–Сіз 2021 жылы 7-ші шақырылған Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты болып сайландыңыз. Бұл халықтың сізге деген сенімі мен құрметі. Осы арада өзіңіз туып-өскен Краснояр селосына халық қалаулысы ретінде еткен еңбегіңіз туралы айта кетсеңіз артық болмас еді.

–Әрине, халық қалаулысы болу оңай емес. Біз, спортшылар ел сенімін ақтау үшін жанталасып жаттығып, еліміздің көк байрағын көтеруге ұмтылдық емес пе? Ежелден тұла бойғы біткен дағды шығар, халық қалаулысы дейтұғын абыройлы атаққа ие болған соң ел мерейін биіктетуге өз үлесімді қосудамын. Алдымен, Краснояр селосындағы мәдениет үйінің мұң-мұқтажына көңіл аудардым. Себебі, мәдениет ошағы бүгінгі замандастарымызға рухани нәр беріп тұрған тәлім-тәрбиенің қайнар көзі ғой. Мәдениет ошағында қызметкерлер штаты тым аз болатын. Депутаттық сауалыма орай қосымша 11 штат ашылып, жұмысы жолға қойылды. Мәдениет үйінің  материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ат салыстым. LED экран, музыкалық аппаратуралар алынып, мүмкіндігі кеңейіп қалды. Жаңа көлікке қол жеткізілді. Ең бастысы, мәдениет үйінің жанынан бокс залы ашылды. Жарқыраған, сәулетті залда балалар бокспен айналысып, алды тәп-тәуір көрсеткіштерге қол жеткізуде. Село балалары білім ошақтарында лайықты білім алумен қатар, спортпен шұғылдануы көңілге қуаныш ұялатады. Орталық алаңды күрделі жөндеуден өткізу үшін 200 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысына да қол ұшымызды бердік. Таза ауыз сумен қамтамасыз етуге жәрдемдесудеміз. Селодағы өзекті мәселенің бірі – жылумен қамтамасыз ету еді. Бұрын жаңадан салынған бір қазандық болса, қазір екінші қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Әрине, атқарылған шаруа көп. Оның бәрін бір сәтте айтып шығу мүмкін емес қой.

–Қоян-қолтық жекпе-жектен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы және бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мереке Жүсіповке арналған турнир 21-інші рет ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Жас спортшылар үшін маңызы зор бұл сайыстың жастарға берері не?

–Турнирдің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдер мен жастар арасында боксқа деген қызығушылықты оятып, спорттық біліктілікті арттыру. Жас боксшылар күш, ептілік және жеңіске деген ерік-жігерін көрсетіп, тартысты жекпе-жектерде аянбай өнер көрсетеді. Жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүздеген жас өрен бақтарын сынайды. Балалар бокстың жақсы дайындығы мен сауатты техникасын көрсетуге мүмкіндік алады. Бір айта кетерлігі, жеңіске деген ерік-жігер, табандылық пен төзімділік көрермен көңілінен шығып жүр. Жыл сайын өтетін дәстүрлі бокс турнирі салауатты өмір салтын ұстануға шақырады және жаңа таланттарды анықтауға, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Жарысқа қатысушылар саны артып, оның географиясы да кеңейіп келеді. Облыста бокс өте қарқынды дамуда. Жерлестеріміз жыл сайын халықаралық турнирлерде табысқа жетіп, ел қоржынын жүлделермен толтыруда. Өңірде бокспен 2 мыңнан астам адам айналысады, 17 спорт мектебінде 60-қа жуық жаттықтырушы жұмыс істейді.

–Спорттың адам өміріндегі маңызы өте зор. Әңгімені осы бағытқа бұрайықшы?

–Спорт адам денсаулығын жақсартады, әрқашан бірқалыпта,  адамдарды ұйымшыл және тәртіпті етеді және жастарды жауапкершілікке баулиды. Ешбір күш спорт сияқты биік мақсаттар мен идеяларды біріктіре алмайды. Ынталы, мақсатты спортшы ешнәрсе мүмкін емес екенін, үлкен тілек пен қажырлы еңбек арқылы адам орасан зор нәтижелерге қол жеткізе алатынын айқын мысалмен шабыттандырады және көрсетеді. Спорт өмірде дұрыс бағдарларды қалыптастыруға, мақсат қоюға және оған жетуге, дамуға және тек алға жылжуға көмектеседі. Елдің, ұлттың жалпы мәдениетіне спорт мәдениеті жатады. Әсіресе, қазір, салауатты және белсенді өмір салтының танымалдығы шарықтау шегіне жеткен кезде. Спортқа жаппай құмарлықтың жақсы үрдісі адамдарды өз денсаулығын мұқият бақылауға, жаман әдеттерден бас тартуға шақырады. Спорт табысты адамның ойлауын қалыптастырады. Көптеген әлеуметтік зерттеулер жүйелі түрде спортпен шұғылданатын адамдардың мансабында және жеке өмірінде табысты болатынын дәлелдеді. Бұл спорт тек физикалық ғана емес, сонымен қатар, психологиялық денсаулықты жақсартуға көмектесетіндіктен орын алады. Спортпен айналысатын адамның психикасы теңдестірілген, өнімді және тиімді жұмыс әрекеттері, сондай-ақ, алаңдаушылық пен стресс деңгейі азырақ болады. Дене белсенділігі денеде бақыт гормонының өндірілуін ынталандырады, нәтижесінде спортпен айналысқаннан кейін адам жеңіл эйфория күйінде болады. Спорт әр адам көшбасшы болуға және табысқа жетуге қабілетті үлкен жүйенің бір бөлігі екеніңізді сезінуге мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген журналист Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар