Зеренді ауданының Серафимовка, Қойсалған және Желтау ауылдарының тұрғындары үшін соңғы үш ай бойы жиі орын алған жарықтың өшіп қалу мәселесі оң шешімін тапты. Тұрғындардыі айтуынша, кей күндері жарық тәулігіне бірнеше рет өшкен.
Бұған дейін аудан әкімдігі өз күшімен осы бағытта бірқатар шаралар қабылдаған болатын. Алайда, комплектілі трансформаторлық подстанцияларды ауыстыру, желілерді қайта тарту жұмыстары жүргізгенімен желілердің тозуы және олардың әкімдік балансына тіркелмеуі себепті тұрақты электр қуатымен жабдықтауға қол жеткізу мүмкін болмады.
Осы жағдайды ескере отырып, аудан әкімдігі «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен көмек сұрады. Бір апта ішінде бес апаттық бригада ауқымды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, 43 тірек, 15-тен астам траверс, 1000-нан астам басқада көмекші тетік ауыстырылды. 12 шақырымнан астам электр желісі қайта тартылып, қосалқы станциялар жөнделіп, оларға техникалық қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, электр жеткізу желілері бойындағы ағаштар тазартылды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесі бірден байқалып, соңғы бір апта бойы жарық тұрақты беріліп, бұл ретте, ешқандай іркіліс болған жоқ.
– Облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша кәсіпорындармен бірлесіп жүргізілген кешенді жұмыстар жағдайды толық тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Бүгінде үш ауыл тұрақты түрде электр қуатымен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл бағыттағы жұмысты әлі де жалғастыра түсеміз, – дейді Зеренді ауданының әкімі Асет Құрманғожин.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Зеренді ауданы.
![]()

