Баспасөз туры
Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері үшін баспасөз туры өтті.
Журналистер осы шара барысында заманауи агротехнологиялармен, егін жинау науқанына дайындық барысымен танысып, мемлекеттік қолдаудың ауыл тұрғындарына өндірісті дамытуға қалай көмектесіп жатқанын өз көздерімен көріп, білді.
Зеренді ауданындағы «Викторовское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 23,6 мың гектар ауыл шаруашылығы жері бар, оның 17,8 мың гектары егістік, 6,8 мың гектары жайылым. Егіс құрылымында бидай, арпа, сұлы, бұршақ дақылдарымен бірге, зығыр, рапс және мал азықтық шөптер негізгі орын алады. Мұнда заманауи техника паркі, астық кептіргіш, механикаландырылған қырман және өз наубайханасы жұмыс істейді. Маусым кезінде 200-ге дейін адам еңбек етеді.
Шаруашылық мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен пайдаланады, сөйтіп, Үкіметтен жеңілдетілген жанар-жағар май мен техника алады. Ал, бұл тұрақты өнім алуға мүмкіндік береді.
Шаруашылық директоры Виталий Гончаровтың айтуынша, биыл алғаш рет серіктестіктің егіс алқабына қант қызылшасы отырғызылған.
– Бұл істі енді бастадық, бірақ гектарына кем дегенде 30 тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз. Бұл – өз көзқарасымыз бойынша жақсы нәтиже. Егістік аурулары мен зиянкестеріне қарсы төрт рет өңдеу жүргіздік. Салыстырмалы түрде айтсақ, бидайға әдетте екі рет жасаймыз. Қолға алып жатқанымыз пилоттық жоба, бірақ, болашағы зор. Әсіресе, жанымызда өңдеу зауыты ашылса, – дейді ол.
Баспасөз турының келесі нысаны «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Бұл – өңірдегі ең ірі шаруашылықтардың бірі. 122,8 мың гектар жерде дәнді, майлы-бұршақты дақылдар, картоп және көкөніс өсіріледі. Сондай-ақ, мұнда мал шаруашылығымен, соның ішінде асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсірумен айналысады.
Шаруашылық басшысы Қуантай Сұлтановтың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында серіктестік машина-трактор паркінің 90 пайызын жаңарта алған.
– Бізде 64 жаңа комбайн бар. «Кең Дала» бағдарламасы бойынша 6 миллиард теңгеден астам қаражат алып, оған тыңайтқыш, жанар-жағар май және техника сатып алдық. Бұл тікелей өнімділіктің артуына әсер етті. Биыл дәнді дақылдардан гектарына орта есеппен 23 центнер өнім алуды жоспарлап отырмыз, өткен жылы көрсеткіш 18 центнер болды. Қазір бізде 530-дан астам адам жұмыс істейді. Осы аптада егінге шалғы саламыз, – дейді ол.
Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ренат Қасеновтың айтуынша, аймақта жалпы егіс көлемі 5,3 миллион гектарды құрайды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 128 мың гектарға көп. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 4,7 миллион гектар, майлы дақылдар – 495,4 мың, картоп – 8,7 мың, көкөніс 1,4 мың гектар алқапты алып жатыр.
– Қолайлы ауа райы мен уақытында өткізілген агротехникалық шаралар егістік алқаптарының 80 пайызында жақсы өнімді қамтамасыз етті. 4,2 миллион гектар алқапта арамшөпке қарсы химиялық өңдеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, егістікке 273 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Мұның бәрі көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген несие беру бағдарламаларының арқасында мүмкін болды. Биыл 905 фермер мемлекеттен 116 миллиард теңгеден астам осындай қаржылай көмек алды, – деді ол.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегия департаменті директорының орынбасары Арайлым Әлімбекованың айтуынша, биыл аграршыларға жеңілдетілген несиеге шамамен 700 миллиард теңге бөлінген, бұл осыдан он жыл бұрынғыдан 10 есе көп. Ал, жеңілдетілген лизингке 250 миллиард теңге қарастырылған. Бұл шаралар шаруашылықтарға егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуге және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Биыл жалпы алғанда, Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 23,6 миллион гектарды құрайды, оның 16 миллион гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Тамыз айының басында елімізде 880 мың гектар алқаптың өнімі жиналып, 1,2 миллион тонна астық бастырылды. Солтүстік өңірлерде орақ жұмыстары негізінен, тамыздың ортасында басталады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің егіншілік департаменті басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов журналистерге биылғы жиын-терім науқанына республика бойынша 38 мың комбайн, 138 мың трактор және 50 мың жатка дайындалғанын баяндады.
– Литріне 274 теңге бағамен 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, бұл нарықтық бағадан 20 пайызға арзан. Өткен жылдан бастап ауқымды түрде жеңілдетілген техника лизингі бағдарламасы жұмыс істеп жатыр және оған қызығушылық та артып келеді. Бүгінгі күнге дейін осы 250 миллиард теңгенің жартысы игерілді. Сонымен қатар, Қазақстанда John Deere техникасын шығару басталды, оны 30 пайыз субсидиямен алуға мүмкіндік бар, – деді ол.
Осылайша, облыс бойынша БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған баспасөз туры аймақтағы ораққа дайындық жұмыстарының барысымен кеңінен танысудың нәтижесінде өз мақсатына жетті деп айтуға әбден болады.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

