Базардағылар базынасы

Тіршілік

Базар – халықтың тұрмысын жеңілдетуге, жақсартуға бағытталған және оларды күнделікті өмірде қолданатын тұрмыс заттарымен қамтамасыз етуге септігін тигізетін сауда орыны екені бесенеден белгілі. Бұл орталықтың өзге сауда орындарынан ерекшелігі сол, мұндағы заттардың бағасы қолжетімді, ал, сапасы таңдап алсаң, талапқа сай.

Еліміздің әр қаласында шоғырланған базарлар халықтың тыныс-тіршілігін реттеуге елеулі көмек беріп келеді.

Мұнда асүйге керекті ауыл шаруашылығы өнімдерінен бастап, күнделікті тұтынатын керек-жарағыңыз бен киім-кешектің түр-түрін кездестіруге болады. Алда келе жатқан жаңа оқу жылына  балаларды дайындаймын десеңіз де, тіпті, үйге қонақ шақырар болсаңыз да, сіз іздегеннің бәрін осынау ғажап орыннан таба аласыз. Жә, базардың мәні мен маңызы жайлы тарқатып айтқан болсам, әрі қарай ондағы мәселенің біріне қысқаша тоқтала кетейін.

Облыс орталығы Көкшетау қаласындағы орталық базарға бара қалсаңыз, бірден өзінің хош иісімен баурап алатын жаңа піскен көкөніс пен жеміс иісі, саудагерлердің дауысы, сатып алушылардың қарбаласы, бәрі көзіңді жайната түседі. Дегенмен, сол «балғын иіске» ғана майсайрап, құр қол қайтуға ғана мәжбүр жандар бар-ақ. Олар жұмыссыз отырғаннан, я болмаса жалқаулығынан емес, еңбек етіп жатса да ішіп-жеміне тиын-тебенін дұрыс жеткізе алмауынан. Менің айтпағым – бағаның өсуі мен тұрақсыздығы базардың негізгі мәселесі болып отыр. Мәселенің мән-жайын білу үшін біз де осы орталық базардамыз.  Өз көзімізбен көргеніміздей, күн дүйсенбі болғандықтан ба, келушінің қарасы көңіл көншітпейді. Бәлкім, сенбі, жексенбі сауда жасап, бұл күн демалыс ретінде саналатындықтан да шығар. Бірақ, бір нәрсе анық. Ол – қымбатшылық.  Саудагерлердің бірі сұхбат беруден бас тартса, енді бірін еш қиындықсыз сөзге тарту соншалықты ауыр жүк емес.

Базардағы сатушылар биылғы баға өзгерістерін нақты мысалдармен түсіндірді. Олар өнімнің қымбаттығы, делдалдардың көптігі және жалға орын алу шығындарының кері әсерін айтты. Әр сатушы өз тәжірибесін бөлісті.

Дүкенде арзанырақ картопты базардан 270 теңгеге көргенде «Бұл қалай?» – деген сұрақ еріксіз ойыма орала берді. Көкөніс сатушы өзбек ағайындардың сөзінше, олар тауарды делдалдар арқылы алуға мәжбүр. Бағаның әдепкіден қымбатырақ болуы да сол себепті. Келесі кезекте «Ет дегенде бет бар ма?» дейтін қаймана қазақтың негізгі қорегі саналатын ірі қара мен жылқы етінің жайын білдік. Мұндағы ет сатушылардың бірінен байыппен келушілердің сұранысы турасында сұрап едім. Сатушы апайдың сөзінше, өз бағасынан төмендетіп сататын жайттар да аз емес. Себебі, тұтынушылардан көбіне тек жаз айларында ғана сұраныс жиілейді. Мұның себебін сатушы жазда тойдың, басқа да осыған ұқсас себептердің көп болуымен, ал, қыста көп үйдің соғым союымен байланыстырады.

– Орынды ай сайынғы жалға алу құны – 160 мың теңге. Сиыр етін 3200-ден сатып алып, 3700-ге сатамыз. Кейде халықтың қалтасына қарайласып, 3500-ге дейін түсіреміз, – дейді сатушы.

Иә, тауар бағасы ең арзан саналатын базардың өзінде сатушылар келуші жоқ деп шағымданады деп ойламаппын. Келесі кезекте балық саудасымен тұрған кісінің пікірін білдім. Ол да әріптестерінің сөзіне қосылды. Бірақ, Еуропадан алдыртатын балықтарына қарағанда, жергілікті балық саудасы көңіл көншітерлік сияқты.

– Кейбір балық Норвегиядан жеткізіледі, мұздатқышта бір жылға дейін сақталады. Баға қымбат, бірақ, сақтау шығыны да жоғары, – дейді.

Осы жолы біз сатып алушылар пікірін де тыңдап қайттық.

– Базарға келгенде тек ең керегін аламыз. Бұрын сөмке толтырып алатынбыз, қазір ол жоқ, – дейді зейнеткер Зәмзәгүл апай.

–  Жалақы өспейді, баға күн сайын өсуде. Баланың тамағы мен киімі қымбаттап кетті, – дейді тағы бір қала тұрғыны.

Осы тұрғыдан жүргізілетін зерттеу де сатушылар мен сатып алушылардың пікірін толықтырады. Мамандардың айтуынша, баға өсуіне бірнеше жүйелік фактор әсер етеді. Соның бастысы, делдалдардың көптігі. Ауылдан қалаға жеткен өнім бірнеше қолдан өтіп, баға өседі. Жалға беретін орын құны мен салықтың жоғарылығынан сатушы пайдасыз отырмын дейді. Қойма тапшылығы, өнімді сақтау мүмкіндігі болмағандықтан, бағалар шарықтай түседі. Халық табысының төмендігі, жалақы өспегендіктен, сатып алу қабілеті төмен. Мамандар бұл турасында бірқатар ұсыныстарды алға тартуда. Біріншіден, фирмалық және фермерлік дүкендерді көбейту. Келесі, жалға алу құнын шектеп,  базар иелеріне шекті баға белгілеу. Көтерме орталықтар арқылы өнімді қалалық сатушыларға арзанға жеткізу. Маусымдық баға саясаты, яғни, суық қоймалар салу арқылы өнімді сақтау. Халық табысын арттыру, сөйтіп, жалақы мен зейнетақыны инфляцияға сай көтеру.

Базардағы баға өсімі – күн тәртібіндегі басты мәселе. Делдалдардың көптігі, жалдамалы орынның құны мен салықтың салмағы және халық табысының төмендігі бағаның тұрақсыздығына себеп. Егер кешенді шаралар қолданылса, базар әр кезде халықтың қалтасына қолжетімді, сатушы үшін тұрақты орынға айналады. Биылғы жылдың тамыз айының 5 жұлдызында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Қазақстандағы базарларды жаңғырту жоспарлары туралы айтқан еді. Сол жаңғырту барысында базарлардағы тірлік халықтың ыңғайына қарай бет алса жақсы…

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар