Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен, Ассамблея жастарымен және қоғам белсенділерімен кездесті, аймақтағы түрлі ұлт өкілдерінің басын бір шаңырақ астына ұйыстырып отырған Достық үйінің және осындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің жұмысымен танысты.
Ғимараттың әрбір бөлмесін аралап көрген ол ондағы түрлі үйірмелердің жетекшілерімен кездесіп, олардың жұмысына сәттілік тіледі. Шара барысында Достық үйінің көрнекті орындарының біріне жергілікті сәндік-қолданбалы өнермен айналысатын шеберлердің жұмыстарынан көрме ұйымдастырылды. Бөлмелерді аралап, көрмені көріп шыққан төраға орынбасары жергілікті Ассамблея жұмысын одан әрі жандандыра түсудің маңыздылығын атап өтті.
Мен бүгін Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының активімен кездесу өткізбекшімін. Жиында екінші жартыжылдықтағы басымдықтар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараларды өткізу, сондай-ақ, Ассамблеяның әлеуметтік маңызы бар және креативті жобаларын дамыту мәселелері талқыланады. Бұл жер біздің ортақ үйіміз іспетті. Бүгін емен-жарқын кездесу болады деген сенімдемін, – деді Марат Әзілханов журналистерге берген сұхбаты барысында.
Жалпы, Достық үйінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрамына кіретін қоғамдық бірлестіктер шоғырланған. Атап айтқанда «Қазақ тілі мен мәдениеті», поляк, шешен-ингуш, кәріс, еврей, армян, әзірбайжан, өзбек, орыс, түрік, чуваш халықтарының этномәдени орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ, осы Ассамблея жанындағы аналар кеңесінің кеңсесі де осында орналасқан. Түрлі ұлт өкілдерінің бірлігін паш етіп отырған шаңырақта олардың шығармашылықтың әр түрімен емін-еркін айналысуына барлық жағдай жасалған.
– Бұл ғимаратта көп ұлттардың өкілдерінен тұратын қолөнеріміздің шеберлік одағы жұмыс істейді. Біз жуырда Ассамблеяның 30 жылдығына арналған бұйымдарды дайындап шықтық. Сырмаққа көк аспан мен күннің ішінде Қазақстанда тұратын қаншама ұлт өкілдерінің көрінісін, кең байтақ жеріміз бен сұлу табиғатымызды бейнеледік. Сондай-ақ, мұндағы барлық шеберлер ұлттық қол өнерінің әр саласымен, ою-өрнек салумен, құрақ құраумен, моншақ пен күмістен әшекейлер, ағаштан түрлі бұйымдар жасаумен, сабын қайнатумен айналысады. Онымен жай ғана айналысып қана қоймай университет, колледж студенттерімен шеберлік сыныптарын өткізіп тұрамыз, – дейді Ақмола ассамблеясы жанындағы сәндік-қолданбалы қолөнер шеберлері одағының төрайымы Гүлбара Нұрқанова бізбен әңгімелесу кезінде.
Кездесу барысында Марат Әзілханов және жергілікті билік өкілдері басқарма басшылары мен орынбасарлары қатысқан ауқымды шара өтті. Онда қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, жастардың тәрбиесі мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері қаралды. Сондай-ақ, өңірлік Ассамблеяның «Бірлік белгісі», «Social Jastar», «Этно-View» жобаларын іске асырудағы табысты тәжірибесі атап өтілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова қатысып, саяси жүйенің маңызды бөлшегі болып табылатын Ассамблея жұмысындағы этносаралық қатынастарды нығайта түсу мәселелерін талқылады. Кездесу соңында Марат Әзілханов этномәдени бірлестіктердің жұмысына жылы лебізін білдіріп, алдағы уақытта да олармен бірлескен жобалар өз жалғасын таба беретінін жеткізді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

