Семинар
Жуырда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, Салық кодексінің ережелерін түсіндіру бойынша ауқымды семинар өткізді.
Іс-шараға Ақмола облысы мемлекеттік кірістер департаменті, басқа да мемлекеттік органдар, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ, бизнес субъектілері қатысты.
Осы жылдың 18 шілдесінде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды. Ол салықтық әкімшілендіруді оңайлатуды көздейді. Салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады және салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Маңызды өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салығынан бастап, инвестицияны ынталандыруға және салық жүктемесін қайта бөлуге дейінгі барлық негізгі бағыттарды қамтиды.
– Көптеген кәсіпкер үшін маңызды өзгерістердің бірі – арнайы салық режимдерін оңтайландыру. Олардың енді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтіндер, сондай-ақ, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін үшеуі ғана бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мобильді қосымша арқылы төлем жасай алады, – деп атап өтті осы ретте, Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов.
Қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі белгіленді, ол енді 16 пайыз болады. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз көлемінде қосымша құн салығының (ҚҚС) төмендетілген мөлшерлемесі енгізіледі. Мерзімді баспа басылымдарын іске асыру үшін ҚҚС 10 пайызға дейін төмендетілетін болады. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК, яғни, 40 миллион теңгеге дейін төмендетілді.
Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде сақталады, алайда, енді 25 пайыз – банктер үшін (бизнесті несиелеуден басқа) және құмар ойындармен айналысатын бизнес үшін; 5 пайыз – әлеуметтік сала ұйымдары үшін (2026 жылы), бұл көрсеткіш 2027 жылы 10 пайызға дейін, сараланған мөлшерлемелер енгізіледі. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 3 пайыз жеңілдікті мөлшерлеме өзгеріссіз қалды.
Жаңа Салық кодексінде салықтық бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Енді жоспарлы тексерулерден бас тарту енгізілмек. Шағын және орта бизнес субъектілері үшін тексеру мерзімі 180 күнтізбелік күннен аспайды. Шағын бизнес субъектілерінен құжаттар екі реттен артық сұралмайды, ал, нұсқама қолма-қол тапсырылады.
– Сонымен қатар, салықтық әкімшілендіру тәсілдері айтарлықтай өзгеруде. Камералдық бақылау енді ескерту сипатына ие. Салық берешегін өндіріп алу, кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетіледі. Берешектің шамалы сомасы кезінде бизнес шоттары бұғатталмайды. Хабарламалар мен шаралар борыш сомасына байланысты кезең-кезеңімен қолданылатын болады, – деп атап өтті Жәнібек Нұржанов.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алатын «еркін микрофон» форматы қарастырылды.
– Салық есептілігі қысқарып, есептілік нысандарының саны азаятын болып отыр. Сондай-ақ, «оңайлатылған» декларация түрлендіріледі және жалпы салықтық әкімшілендіру жеңілдетіледі. Осыған байланысты қолма-қол ақша ағыны және айналымның ұлғаюы күтілуде. Бұл жайт ірі компаниялармен белсенді өзара іс-қимыл үшін маңызды серпін болады. Әрине, бастапқы кезеңдегі кез-келген реформа белгілі бір қиындықтарды тудырады, бірақ, тәжірибе көрсеткеніндей, кез-келген өзгеріс уақыт өте келе оң нәтижесін береді. Өйткені, бұл бизнестің өсуі мен дамуына жаңа мүмкіндіктер туғызады. Бұл шаралардың барлығы пысықталатын, нақтыланатын және тәжірибеге енгізілетін болады, жақын арада біз олардың тиімділігін бағалап, нақты нәтижелерді көре аламыз, – деп ой бөлісті семинарда «Агро Глобал» ЖШС директоры Ольга Липень.
– Салық реформасының қажеттілігі әлдеқашан пісіп жетілген. Бұл өзгерістер ұлттық және әлемдік экономикадағы өзгерістер аясында болып отыр. Кәсіпкерлер бүгінгі семинарда осы өзгерістермен танысуға және олардың артықшылықтарын бағалауға мүмкіндік алды. Салық заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіруге бағытталған осындай кездесулер алдағы уақытта да өткізілетін болады. Ал, бұл бизнеске жаңа жағдайларға тиімді бейімделуге мүмкіндік береді, – деп түйіндеді семинар жұмысын Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

