Көкшетауда Мәлік Ғабдуллин музейіндегі батыр мүсінінің алдында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының Ресей мен Беларусь Республикасының жоғары оқу орындарына оқуға жіберілетін 1 курс курсанттарының салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті.
Сымдай тартылған болашақ офицерлер Отан алдында ант беріп, өздерінің келешекте таңдап алған жолына адал болатындарын мәлімдеді. Бұл жас курсанттардың ең таңдаулы деген он шақтысы енді Ресей мен Беларусь Республикасының мамандандырылған жоғары оқу орындарында білім алмақ. Еліміздің барлық өңірлерінен, республика әскери мектептерінен іріктелген сайдың тасындай бұл жастар енді шет елдегі әскери оқу орындарында төрт жыл оқып, офицер атанбақ. Олар білімдері мен моральдық-психологиялық көрсеткіштері және дене дайындығы бойынша мандаттық комиссия шешімімен оқуға қабылданған күннен бастап, бір ай бойы жауынгерлік дайындықтың кезеңдік дәрістерінен өтіп, бүгінде әскери ант қабылдап, толыққанды курсант атанып отыр.
Курсанттардың салтанатты ант беру рәсіміне Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхаммед Қоңқаев, академия ардагерлер ұйымының төрағасы Кендебай Райымбеков және Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстары төтенше жағдайлар департаменттерінің өкілдері мен курсанттардың жақын туыстары, ата-аналары қатысты.
Салтанатты рәсімде академияның жауынгерлік Туы ортаға шығарылып, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Жиынға қатысушылар Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті. Салтанатты ант беру рәсімінде академия бастығы ант берушілердің курсанттық өміріндегі алғашқы айтулы оқиғамен құттықтай отырып, олардың алда күтіп тұрған оқу үдерісін ойдағыдай еңсеретініне сенім білдірді.
– Оқу орнының іргесі қаланғалы мұнда оқып, білім алған барша офицерлер құтқару қызметі саласында абыроймен еңбек етуде. Бәріміз алғашқы офицерлік қадамымызды осылай курсант атанудан бастағанбыз. Нағыз курсант жақсы оқып, білімге құштар, дене дайындығы шымыр, азамат деген атқа лайықты болуы қажет. Сіздердің алдағы уақытта аға буынның жолын қуып, егеменді еліміздің тәуелсіздігін көздің қарашығындай қорғайтындарыңызға, Отанымызға адал болатындарыңызға сенімдімін, – деді ол өзінің сөйлеген құттықтау сөзінде.
Сонымен қатар, салтанатты жиында Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, подполковник Дәурен Оразбеков құттықтау сөз сөйлеп, курсанттарды өз ісіне адал болуға, Қазақстан Республикасы Конституциясы заңдарының талаптарын қатаң сақтауға, жүктелген міндеттерді адал және кәсіби орындауға шақырды. Ал, ата-аналар атынан сөз алған Өмірғали Іргебаев шет елге оқуға баратын курсанттарға ақ жол тілей отырып, бүгінгі ант қабылдаған жастардың құтқарушы атағына лайық болулары қажеттігін еске салып, жылы лебізін білдірді.
Шараға қатысушылар бұдан кейін музейдің экспозиция залдарын аралап, батыр, ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің өмірімен тереңірек танысты. Батырдың өнегелі өмірі мен шығармашылығы, оның асыл бейнесі, батырлық тұлғасы, адами қасиеттері бүгінгі ант қабылдаған барша курсанттарға үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі осы саладағы жұмысты таңдаған жастардың академия қабырғасында тиянақты білім алуларына ерекше назар аударып келеді. Себебі, әскери қызметтер мен бөлімшелерді кадрлық нығайту, қызметкерлердің кәсібилігін арттыру осы оқу орнындағы жұмыстың да қалай жолға қойылғанына көп байланысты болып отыр. Сонымен бірге, бүгінгі шет елдерде оқу үшін ант қабылдаған курсанттардың да осыны алғашқы беттен жете сезінгенінің ортақ іске пайдасы мол болары анық.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының өз тілшісі.
![]()

