Экология
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық түсірілімдерінің деректеріне сәйкес, еліміздің Ақмола облысы аумағында анықталған заңсыз қоқыс үйінділерінің саны 202-ге жетті.
Облыстық экология департаментінің мәліметі бойынша ғарыштық мониторинг жұмыстары әлі де жалғасуда, сондықтан, бұл цифрдың артуы да мүмкін.
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 365-бабының 4-тармағына сәйкес, астананың, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға міндетті. Осыған байланысты анықталған заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша жұмыстарды сол жергілікті атқарушы органдар жүргізуі тиіс.
Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында заңсыз қоқыс орындарын жоюға бағытталған кең ауқымды шаралар қолға алынған. Аталған бастамаға орай, тамыз айынан бастап Көкшетау қаласының әкімдігі қала аумағындағы заңсыз қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстарды бастады. Бүгінде «Сарыарқа» шағын ауданындағы заңсыз қоқыс үйінділерінен арылу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдарға бұл міндетті толық және сапалы орындау жүктелген.
Заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бергені және оларды жою бойынша дер кезінде тиісті шаралар қабылдамағаны үшін экология департаменті тарапынан биыл 12 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл шаралар экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және қоршаған ортаның тазалығын қорғау мақсатында жүзеге асырылуда.
«Таза Қазақстан» акциясы еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға және экология мәселелерінде азаматтардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар осы маңызды бастамаға үн қосулары қажет-ақ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

