Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын!
Биыл біз еліміз үшін аса маңызды, мерейлі дата – еліміздің Негізгі Заңының 30 жылдығын атап өтудеміз. Қазақстанның әрбір азаматы үшін Конституция –демократия негіздерін, адам құқықтарын, теңдік пен келісім қағидаттарын бекітетін негізгі құжат.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда өз сөзінде атап өткеніндей, «Конституция – біздің Тәуелсіздігіміздің мызғымас іргетасы және мемлекеттілікті нығайтудың сенімді бағдары».
Осыдан үш жыл бұрын елдің Негізгі Заңына түзетулер енгізу жөніндегі республикалық референдумда қоғамды демократияландыруға айтарлықтай қадам жасалды. Бұл өзгерістер әлеуметтік құрылымның маңызды принциптерін – әділеттілікті, ашықтықты және жауапкершілікті бекітті. Бұл – еліміз бен облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін сенімді негіз болып табылады.
Қадірлі жерлестер!
Біздің облыс соңғы жылдары өнеркәсіпті дамытуда үлкен жетістіктерге қол жеткізді, мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі өсуде, облыста жаңа жолдар, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер салынуда. Мұның бәрі Сіздердің қажырлы және адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Сол үшін Сіздерге үлкен алғыс білдіремін.
Осы мереке күні әрбір ақмолалықтың отбасына амандық пен саулық, өркендеу мен табыс тілеймін! Алдағы күндерден күткен жарқын үміттеріңіз орындалсын!
***
Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!
Депутаттық корпус атынан баршаңызды айтулы мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын!
Бұл мереке еліміздің тәуелсіздігін, бірлігін, құқықтық және демократиялық даму жолын айқындайтын маңызды күн. Жалпыұлттық референдум барысында халқымыздың тікелей ерік-жігері арқылы қабылданған елдің Негізгі Заңы азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітіп, мемлекетіміздің басты құндылықтарын айқындап берді.
Биыл қазақстандық мемлекеттіліктің берік тірегі ретіндегі тарихи маңыздылығын айқындайтын Ата Заңымыздың 30 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Үш онжылдықта Конституция еліміздің демократиялық даму жолындағы басты бағдары ретінде танылды. Ол заң үстемдігін, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің, азаматтық қоғам институттарын нығайтудың берік негізі болды.
Бүгінде Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде өркениетті қоғам құру жолында өз бағытын берік ұстанып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, Әділетті Қазақстанды қалыптастыруда Конституция қағидаттарын ұстану – әр азаматтың парызы. Бүгінгі таңда еліміздің өркендеуі үшін біз өз еңбегімізбен және қоғам өміріне белсенді қатысуымызбен қазақстандықтардың көптеген ұрпақтары құрған құндылықтарды сақтап қалуымыз керек.
Осындай мағынасы мен мәні терең, мерейлі мерекемен құттықтай отырып, сіздерге келісім мен тұрақтылық, әрбір отбасына құт-береке, бақыт пен шаттық тілеймін.
Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.
![]()

